Мексикада нөсер жаңбырдан кейін 60-тан астам адам қаза тапты

Мексикада соңғы аптада болған қатты нөсер мен тасқын салдарынан кемінде 64 адам қаза тауып, тағы 65 адам хабар-ошарсыз жоғалды.
Бұл туралы Reuters агенттігі жергілікті билікке сілтеме жасап хабарлады.
Ең көп зардап шеккен аймақтар – Идальго мен Веракрус
Су тасқыны ең алдымен Идальго және Веракрус штаттарын шарпыды.
-
Веракрус штатында – 29 адам қаза тапқан, 18 адам із-түзсіз жоғалған.
-
Идальгода – 21 адамның өлімі тіркеліп, 43 тұрғын іздестіріліп жатыр.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаумның мәліметінше, табиғи апаттан 100 мыңға жуық үй зардап шеккен.
Билік өкілдері апат аймақтарына мыңдаған әскери қызметкерді жөнелтіп, эвакуациялау, тазалау және бақылау жұмыстарын күшейтті.
200-ге жуық елді мекен жолсыздықтың кесірінен сыртқы әлемнен оқшауланып қалған. Оларға тікұшақтар арқылы азық-түлік пен ауызсу жеткізіліп жаыр.
Мексика билігі табиғи апат салдарын жоюды жалғастырып жатыр. Мамандар елдің орталық және шығыс өңірлерінде жаңбырдың әлі де тоқтамай тұрғанын ескертіп, су тасқыны қаупі сақталып отырғанын айтады.