Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Мексикада тәртіпсіздіктерде қаза тапқандар саны 73 адамға жетті

Мексика
Фото: Улисе Руис/AFP via Getty Images

Мексикада «Халисконың жаңа буыны» картелінің жетекшісі жойылғаннан кейін басталған жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 73 адам қаза тапты.

Қаза болғандардың қатарында күштік құрылым қызметкерлері, күдікті картель мүшелері және өзге де азаматтар бар. 

Мексиканың қоғамдық қауіпсіздік министрі Омар Гарсия Харфухтың мәліметінше, «Халисконың жаңа буыны» картелінің басшысы, «Эль Менчо» лақап атымен танымал Немесио Осегера Сервантес Халиско штатында өлтірілгеннен кейін елде кемінде алты бөлек шабуыл тіркелген. Соның салдарынан Ұлттық гвардияның 25 әскери қызметкері қаза тапты. Сонымен қатар шамамен 30 күдікті көз жұмған, ал көршілес Мичоакан штатында тағы төрт адам көз жұмған.

Халиско, Мичоакан және Гуанахуато штаттарының билігі жексенбі күні кемінде тағы 14 адамның қаза тапқанын хабарлады. Олардың жетеуі – Ұлттық гвардия әскери қызметкерлері.

Әлемдегі ең ірі наркобарондардың бірі саналған «Эль Менчоның» көзін жою Мексиканың кемінде 31 штатының 20-сында қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтың күшеюіне себеп болды.