Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:13, 09 Тамыз 2021

Мектеп басшылықтарын ротациялау тиімді ме?

None
None

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидаларының» жобасы жарияланған күннен бері қоғамда түрлі пікірлер айтылуда.

Министр 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында білім беру орталықтарының басшыларын тағайындау тәртібіне қатысты сұрақтар көбейіп отырғанын айтқан болатын. Ал биылғы оқу жылының басында бұл жүйе қолға алынып, жүзеге асқалы жатыр. Алдағы уақытта білім ордаларында үлкен өзгерістер болады деп күтілуде.

         «Мысалы, бірқатар ұйым басшысы 20 жылдан астам уақыттан бері бір орында жұмыс атқаруда. Сондықтан балабақша, мектеп, колледж директорларын жаңа жүйеде тағайындайтын боламыз. Оған қоса, алдағы уақытта ротациялау арқылы ауыстыру жүйесін де қолданамыз. Заманауи талаптарға сәйкес, дербес басқарудан корпоративті басқаруға білім саласы да көшетін болады. Сонымен қатар Қазақстанда мектеп директорларын ротациялау бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жүзеге асырылады», – деп, министр Antikor.Live жобасында айтқан болатын.  Сондай-ақ  ол:  «Жалпы, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кадрларды жаңарту, ротациялау өте маңызды. Қазір көпшілік өз пікірін білдіріп жатыр. Олардың арасында «ертең бүкіл ел бойынша 7500 директор бір мезетте жұмыс орнын ауыстырады» деп жатқандар да бар. Негізінде, олай емес. Мәселен, Павлодар облысында жұмыс істеп жүрген адам Қарағанды облысына немесе Қарағанды облысынан Түркістан облысына жіберілмейтіні түсінікті. Қазір біз тек бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде ғана айтып жатырмыз. Ротациялау бойынша нақты критерийлер анықталады. Біз өзгелердің бұл тетікті өз  мүддесі үшін пайдалануына жол бермеуіміз керек», – деп атап өтті.

       Қазір қоғамда бұл тақырыпқа байланысты түрлі пікірлер туындап жатыр. Кейбіреулер «бес жыл мерзім аз уақыт» деседі. Ал екінші біреулер «бес жылдан соң қызметі ауысып, басқа мектепке кететінін білген басшы маңдай терін төгіп қайтсін» дейді.  Десек те, көпшілік бұл жүйенің маңызы зор деп үміттенуде.  «Меніңше, мектеп директорларын тек төрт жылға тағайындау қажет. Төрт жылда мектеп басшысы өзінің идеяларын жүзеге асырып, жетістіктерге жетіп үлгереді. Бұл жеткілікті уақыт. Ауылдық жерлерде, тіпті аудан орталықтарында 15-20 жылдан бері бір мектепті басқарып келе жатқан азаматтар бар. Бұл қазіргі қоғамдық даму кезеңінде дұрыс емес.  Басшы бір орында көп отырған сайын,  жұмыс сапасы төмендейді, ұжымның да ұмтылысы, ынтасы бәсеңдейді. Сондай-ақ директорлар ротациясы сол аумақтың қоғамдық кеңес мүшелерінің келісімі арқылы жүргізілсе жұмыс сапасы артады. Бұл директордың да, білім бөлімі мен білім басқармасының да қоғам алдындағы жауапкершілігін көтереді. Жаңа басшы келсе, ұжым жинақталады, жұмысына мән береді. Ал жиырма жыл бойы басқарғандардың мектебі қалың ұйқыға кетеді. Тіпті жалғыз аудандық газетпен де байланыс орнатып, мақалалар ұсынбайды. Ұсынбайтын себебі – директоры талап етпейді. Талап етпейтін себебі – ол күнделікті жұмыс форматына әбден көшкен», – дейді  Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы.

         Ал бұл мәселеге байланысты директорлар не дейді? «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Панфилов ауданының мәслихат депутаты, Үлкеншыған ауылдық округіне қарасты Қырыққұдық ауылындағы Жаркент орта мектебінің директоры Мұратбек Әжібековтен пікір алған болатынбыз.

  • Бес жыл сайын мектеп басшылықтарына ротация енгізу жүйесін мен құптаймын. Жаңа басшы жаңаша көзқараспен, жаңа жоспармен келетіні анық. Оның үстіне ақпараттық технологияның дамуына байланысты білім саласында да үлкен өзгерістер болып жатыр. Осы бес жыл сайын басшылықтың ауысуына байланысты білім сапасын көтеретін, жанын салып жұмыс істейтін басшылар көбейеді деген үмітім бар, – дейді.

        Әр басшыда жеке пікір болуы заңдылық Мәселен, ротация енгізуді маңызсыз деп есептейтін басшылар да жоқ емес. Дардамты орта мектебінің директоры Вахитжан Османов былай дейді:

  • Жалпы, білім сапасын дамытып, мектеп деңгейін  көтеріп, талапқа сай белсенді қызмет атқарып жүрген мектептер өте көп. Жанын беріп, қызметін адал атқарып, оң үрдістерге қол жеткізіп келе жатқан басшыларды орнынан қозғаудың қажеті қанша? Егер де ротация кезінде бір мектептен екінші ауыл-аймақтық мектепке ауыстыру жағдайы енгізілсе, материалдық жағдай мен тұрақты үй мәселесі қалай шешілмек? Мысалы, біз мектептің даму жоспарының өзін бес жылға жасаймыз. Сол даму жоспарына енді қол жеткізетін кез келгенде бәрін тастап, басқа мектепке ауысу әділетті деп ойламаймын. Бүкіл мектептің жұмысын игеру, ата-аналармен танысып-білісу, ұстаздардың жеке қабілеттерін, шығармашылықтарын, сабақ берудегі тәжірибесін зерттеп,  белгілі бір қорытынды шығару, әр педагогті, әр баланы жеке-жеке бағалауға бұл мерзім жеткіліксіз дер едім. Ротациялау енгізілместен бұрын, еліміздегі барлық мектеп басшыларының пікірлерін ескеріп, екіншіден, мектеп нәтижесіне көңіл бөле отырып,  дұрыс шешім қабылданса екен деген ұсынысым бар.

          Білім және ғылым министрлігі «Тек зейнеткерлікке шығуына үш және одан аз уақыт қалған басшылар ғана ротациялаудан босатылады. Бұл үшін оның өзі өтініш жазуы шарт. Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы алғаш рет жазбаша бас тартқан жағдайда онымен еңбек шарты тағы үш жылға ұзартылады. Егер ол екінші рет жазбаша бас тартса, онда Еңбек кодексінің 49-бабының 7-тармақшасына сәйкес, ол атқаратын лауазымынан босатылады. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бес және одан көп жыл білім беру ұйымының басшысы болған тұлғалар міндетті түрде ротациялауға жатады. Ротациялау осы қағидалар қолданысқа енгізілген сәттен бастап үш ай ішінде жүзеге асырылады» деп түсіндіруде.

         «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», – деген Мағжан Жұмабаевтың сөзін ескеріп, таза еңбек атқарылса, жемісті нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенеміз.

Тегтер: