Мектеп директоры қылмыскер?..
Қазақстанда кез келген әкімқара, мемлекеттік мекеменің басшысы дегендер жоғарыда әке-көкесі не дөкей сыбайласы бар адамдар.
Зәулім үйлерде тұрады, шетелде жиі демалады, жегені алдында, жемегені артында, көл-көсір дүниенің үстінде өмір сүріп, шалқып жүреді. Туған-туысы түгел қатқан қызметке кіріп алады.
Көшеден келген тегін біреуді, қолы мен пиғылы таза адамды басшылыққа жолатқанын қашан көрдіңіз? Содан ғой, біздің елді «кландық Қазақстан» деп тегін айтпайды. Бұл Қазақстанда баюдың төте жолы – мемлекеттік қызметте, мемлекеттік мекемеде басшылыққа бару. Бірақ басқа салаларды қойшы, ары таза емес адамдардың біздің балаларымыз баратын мектеп директорлығына жайғасуына тырысатыны енді шын қауіпті құбылыс.
Күні кеше Павлодар облысының білім саласына қатысты үлкен айқай-шу шықты. «Еуразия» бірінші арнасының хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл өңірде бүгіндері жұмыс істеп жатқан 14 мектеп директорының кезінде қылмыстық жазаға тартылған адамдар екенін анықтады. Не деген масқара бұл? Тіпті біреуі кісі өлтіргені үшін түрмеде жазасын өтеген болып шығыпты. Енді бірі – парақор екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «өткен өмірі өте күмәнді» екі басшыны да жұмыстан шығаруды ұсыныпты.
«Құрығанда мектеп директоры болайын» деп, тамыр-таныстықпен «керек» адамдарға шыққандар-ау бұлар. Сөйтіп, әне, директор боп алған. Басқа жерге жолатпайды-ау деп, әйтеуір, мектепті жағалаған.
«Рухани жаңғыру» дегеннің не екенін нақты түсіндіре алмаса да, қазақтың баласына оның өте жақсы нәрсе екенін бірдеңе ғып жеткізуге мәжбүр болатын қайран мектеп… Анау қазіргі Нұр-Сұлтан, кешегі Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің қазаққа еш пайдасыз зор шығынды, жөнсіз шара болғанын үйдегі әке-шешесінің әңгімесінен талай естісе де, қазақ баласына бәрін басқаша үйретуге мәжбүр қайран мектеп...
Сайлауда түні бойы зыр жүгірген қайран мектеп...
Содан шығар, директорың да сондай.
Айтпақшы, Қазақстандағы мектептердің де әжептеуір бюджеті бар. Әрбір сынып жетекшісі ай сайын ақша жинатады ата-аналардан түрлі себептермен. Министр тұрмақ, сол мектепте сайланған президенттің өзі «ақша жинауға болмайды, бюджеттен барлық шығын қарастырылған» деп күнде сайрап жатса да, бұл пәле тыйылмады. Сұрағанын бересің, айтқанын төлейсің. Айтпақшы, сіздің балаңыз баратын мектептің директоры кім екен? Жаңағылардай біреу болып шықпасын...