Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:32, 13 Қаңтар 2023

Мектеп күзетшісі «миллионер»

None
None

Ебін тауып екі асайтындар қатары өңірде өсіп жатыр. Мемлекеттік қызметте жүріп-ақ айылын жимайтындардың бірқатары жуырда әшкереленді.

Мысалға алмай дәлелге сүйенсек, жуырда Жалағаш ауданы Жаңадария ауылының әкімі өзіне және қызметкерлеріне артық жалақы төлетіп, мемлекетке 2 млн теңгедей шығын келтірген.

Заң бұзушылық туралы мемлекеттік қызмет істер агенттігінің департамент басшысы, ауыл әкімі жұмыс істемеген уақытына да артығымен ақша алған дейді. Заңсыз алынған жалақысы 400 мың теңгеге жуық, сондай-ақ ауыл әкімдігінің қызметкерлері де бюджеттен жүйелі түрде артық айлық алып келіпті. Әшкере болғасын келтірілген шығынды толықтай өтеген. Дегенмен заң бұзушылыққа барғаны үшін тек қызметінен ғана босатылатынға ұқсайды.

– Өткен жылы да, биыл да осындай заң бұзушылықтар анықталған. Әкім мұны мен жасаған жоқпын, эцқ-ні есепшіге беріп қойғанмын деген уәж айтты. Бірақ оның өзі заң бұзушылық болып табылады. Ал тексеру комиссиясы мұны құзырлы органдарға жолдаған. Олар қылмыстық белгі жоқ деген. Біз аудан әкімдігіне қызметінен босату туралы ұсыныс бердік, –  дейді Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Ғалым Тұрсынбаев.

Осы Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылының әкімі де қызметкерлеріне 1 млн 983 мың теңге негізсіз ақша аударымын жасапты. Жұмысшылар еңбекақыдан алдын ала төлем алып отырған көрінеді. Алайда айлық толық алған кезде бұл сомалар шегерілмеген. Осылайша шенділер өздеріне «сыйақы» жасаған.

Тексеру жүргізген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері ауылдық округ әкімінің әрекетінде шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке немесе заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету түріндегі тәртіптік теріс қылықтардың белгілері барын сөз етті.

Әкімдердің «әңгімесін» қоя тұрып, енді білім ордаларынан шыққан былықтарға орын берсек. Күні кеше облыстағы сегіз мектептің директоры мен есепшілері ірі мөлшерде мемлекет қаржысын жымқырғаны анықталды. Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр.

Алты заң бұзушылық дерек бір ғана Жаңақорған ауданында тіркеліпті. Жауаптылар мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға да еңбекақы аударып, құжат бойынша бұрмалап келген.

Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы №112 мектептің күзетшісіне бір айда 6 миллион теңге үстемақы төленген. Осындай сыбайлас жемқорлық деректерінен кейін енді аймақтағы барлық білім ошақтарына жіті тексеру жүргізілмек.

– Тек бір ғана №51 орта мектеп бойынша ұрланған қаражат көлемі 117 миллион теңгені құрайды. Аталған құқық бұзушылықтар жауапты тұлғалармен еңбекақы қоры қаражаттарын төлеу барысында тиісті ақпаратты жүйелердің кемшіліктерін пайдалана отырып жасаған деген негіздер бар, – дейді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов.

Не де болса аймақтың атқамінерлері қарамағындағыларға жауапкершілікпен қарамаса «мұрның барда бір сіңбір» дейтіндердің қатары көбейіп барады. Әлде «балық басынан шіриді» дегендей солар «үлгі» болып жүр мекен. Оны уақыт еншісіне қалдыра тұрайық. Анығы жемқорлық жалпы сипат алып бара жатқаны көңілге қорқыныш ұялатады.

Тегтер: