Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:24, 01 Қараша 2023

Мектепке неге хиджаб киіп баруға болмайды?

Хиджаб киген қыздар
Фото: islamnews.ru

Елімізде жыл сайын мектеп маусымы жақындағанда мектепте хиджаб кию мәселесе талқыға түседі. Кейбір адамдар оқу ордасына хиджаб киіп баруға қатысты өз қарсылықтарын білдіреді. Биыл да хиджаб киіп баруға қатысты пікір қызу талқыланды. 

Кейбір ата-аналар соның кесірінен мектепке балаларын жібермей жатады. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Биыл да бұл мәселе қоғамда біраз шу туғызғаны рас.

Оқу жылы басталмай тұрып-ақ ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл дауға нүкте қойған болатын.

«Біздің мемлекетіміз Конституция бойынша «Зайырлы Мемлекет» деп есептелінеді. Мектеп те зайырлы. Сондықтан да оның үстіне 16 жылы бекітілген бұйрық бар. Оқушылардың формасы мен киміне қатысты. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар талап бойынша мектепке оқушы формасымен келуі керек», - деген еді Оқу-ағарту министрі.

Кейіннен Қазақстанның электронды үкіметінің сайтында жарияланған оқу орындарында хиджаб киюге ресми тыйым салу туралы жазба жарияланды.

Мектепте хиджаб киюге неге болмайды?

«Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады, өйткені кез келген дінге қатысты керек-жарақтар, символдар немесе элементтер оларды насихаттауды білдіреді. Зайырлылық принциптері, барлық діндердің алдында теңдігін қамтамасыз ету заң, ешбір діннің артықшылығына жол бермеу», - делінген 16 қазанда толықтырылған «Азаматтарға арналған үкіметтің» түсіндірмесінде, сондай-ақ хиджаб киюге тыйым салу Қазақстандағы мектеп мұғалімдеріне де қатысты екені баса айтылған.

Ал, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстанның Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқы жоқ.

Сондай-ақ, үкіметтің арнайы жазбасында «Білім беру туралы» ҚР Заңының 49 б. 2 т. 3, 6 және 7 тт. сәйкес, Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, балалары мектеп формасын сақтамайтын ата –аналарға қатысты әкімшілік жаза шаралары қолданылуы мүмкін» екені жазылған. Егер мұны орындамаған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салуына әкеп соғады.

Оқу жылы басталар уақытта мектепте хиджаб киюдің заң бойынша тиым салынғаны қоғамды екіге жарды.

Біріншісі, Қазақстанның зайырлы ел екенін, сондықтан ешбір дінге ерекше жеңілдіктер болмауы тиіс екенін баса айтып, үкімет ұстанымымен толықтай келіседі. Келесісі, мектептерде хиджаб киюге шектеу қойғысы келетіндердің құқығына қол сұғу және ар-ождан бостандығы қағидаттарына нұқсан келтіретініне сенімді.

Ғани Бейсембаев тек Атырау облысында ғана мектептерде хиджаб киюге тыйым салуға байланысты қыркүйек айының басынан бері 150 қыз сабаққа бармай қалғаны туралы айтты. Ал Түркістан облысында ер адамдар хиджаб киген қыздарды сабаққа жібермегені үшін жергілікті мектеп директорын соққыға жыққан. Біз бұл туралы жариялаған болатынбыз. Кейіннен мектеп директоры жарақат алып емханаға түскені де мәлім болды.

Мектепке қандай киім киіп баруға болады?

Білім министрлігі «Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарда» мектеп формасына тек ислам ғана емес, әртүрлі діни наным-сенімдердің киім элементтерін қосуға жол берілмейтінін белгілеген. Сонымен қатар, «Білім туралы» Заңның 47-бабында «Білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды оқушылар сақтауға міндетті» делінген.

Енді мектепте қандай киім киіп баруға болады дегенге келетін болсақ электронды үкіметінің сайтында жарияланған мәліметке сәйкес:

– Ұлдардың мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка) кіреді. Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

– Қыздардың мектеп формасына пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка) кіреді. Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Президент те бұл дауға араласты

Кейіннен бұл дауға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласты. Астанада өткен мұғалімдердің республикалық съезінде мектеп дегеніміз – білім алу үшін келетін оқу орны, ал діни сенім азаматтардың жеке ісі екенін айтты.

«Елімізде діни сенім бостандығына заңмен кепілдік берілген. Менің ойымша, бала өскенде өз таңдауын жасап, дүниетанымын қалыптастырса дұрыс болар еді", - деді Тоқаев. Және мемлекет басшысы Қазақстанның зайырлы мемлекет болғанына және болып қала беретініне тілге тиек етті.

Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын ұсынды. ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, хиджаб кигісі келетін қыздар 10-сыныптан бастап медреседе оқуын жалғастыра алады.

«Мұндай мүмкіндік қарастырылған, онда діни және зайырлы пәндер Білім министрлігінің колледждерге арналған стандарты бойынша оқытылады», - деп түсіндірді Бас мүфти.

Сол кездегі Ақпарат және Қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бұл мәселеге қатысты былай деп жауап берген еді.

«Желі қолданушылары бұл жерде халықаралық тәжірибеде бұл мәселе шешімін тапқан деп үзілді-кесілді жазған екен. Бұл фейк ақпарат меніңше. Кейбір дамыған, зайырлы елдерде айталық Еуропада Франция, Австрия сияқты мемлекеттерде жасына байланысты шектеу қойған. Әрине, рұқсат ететін елдер де бар. Халықаралық тәжірибенің әрқилы екенін көреміз. Әр мемлекеттің өзінің ұстанымына сай бағыты бар. Біздің де өз ұстаным, бағытымыз бар. Зайырлыққа және Ата заңға бағыну», - деген еді ол.

Қазақ әйелдері бұрын хиджаб киген бе?

Қазақ әйелдері басқа мұсылман әйелдеріне қарағанда еркін болған. Бетті жабу немесе паранжа кию әдет емес еді. Киіз үйдегі өмір, дөңгелек дастарханның айналасындағы ортақ ас ер мен әйелдің теңдігін білдіреді. Қазақ әйелі қашан да ермен бірге тең құқықта болды, бірге жауға шапты. Келелі мәселелерді ерлермен тең шешті. Ұлпан сынды қазақ әйелдері бір рудың мәселесін шешетін, басшылар қатарында болды. Қазақ әйелдерінің әшекейлері мен ұлттық киімдерінің исламға дейінгі тарихы бар – сәукеле, камзол, бөрік т.б киімдер еді. Немесе қазақтар арасындағы ерлер мен әйелдердің салыстырмалы теңдігін алайық. Айтысты (мысалы, Дина Нұрпейісованың ерлермен тең дәрежеде қалай қатысқанын), «қыз қуу» ойынын, батыр қыздарды айтпағанда: Томирис, Бопай ханым және т.б кейінгі қыздарға үлгі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерікті қыздарымыз ерлік, батылдық және батырлық үлгілерін көрсетті. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспановалар өз ерлігімен тарихта қалды.

«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін айтпағанда, ерлі-зайыптылардың теңдігі заңды түрде бекітілген.

Еліміздің Конституциясында: «22-бап. 1. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. 2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру адамның және азаматтың жалпыға бірдей құқықтары мен мемлекет алдындағы міндеттерін шарттауға немесе шектемеуге тиіс». Басқаша айтқанда, азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттер ар-ождан бостандығы құқығынан «жоғары» қойылады. Конституцияның бұл бабы негізгі Заң толық ар-ождан бостандығын береді, сондықтан мектепке хиджабпен баруға болады деп есептейтіндер бар. Алайда олай емес – зайырлы мемлекетте діни сенім балалардың мектеп формасымен қамтамасыз етілген мемлекеттік мектептерде зайырлы білім алу құқығын шектемеуі керек.

Кейбір ата-аналардың діни радикализмі білімнің орнына жас балалардың бойына діни түсініктерді сіңіріп, қоғам заңдылығына қайшы келетін деңгейге жетті. Дінді таңдау және діни бейімділік мектепке дейінгі жастан емес, кәмелеттік жастан қамтамасыз етілуі керек.

Тегтер: