Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 01 Тамыз 2024

Мектепті күрделі жөндеуге 1,1 миллиард теңге бөлінген

мектеп
Фото: moscowchanges

Әдетте оқу маусымы аяқталған соң күрделі жөндеуден өтуге тиіс мектептердің жұмысы басталады.

 Олар жоспарға сай күзде, яғни бірінші қыркүйекке дейін қолға алған жұмысты аяқтауы тиіс болады. Дәл осындай мектептің бірі – Алматы облысы Нұра ауылындағы №12 орта мектебі. Оқу орнын күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінген. Алайда мамырда аяқталуы керек болған жоба әлі күнге бітпеген. Қыркүйекте балаларымыз жаңа мектепке барады деп күтіп отырған ауыл тұрғындары құрылыстың неге мұнша ұзаққа созылғанына таңғалады. Шілденің аяғы келіп, жаз да өтуге шақ қалды. Ал қыркүйекте дайын болады дегенге сену қиын. Бұл туралы облыстық әкімдік мәлімдеме жасады.

2023 жылы Нұра ауылындағы №12 орта мектепті сейсмикалық күшейтумен қоса күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу басталған. Мердігер ретінде «SHEBERBUILD» ЖШС таңдалыпты. Бірақ осы тараптың жауапсыздығы мен жұмысты өз деңгейінде орындамауына байланысты дау туындаған. Жөндеу-құрылыс жұмыстарын кестедегі мерзімнен кешіктіріп орындап, әрі ол қателікті дер кезінде түзетпеген мердігер енді Талғар ауданымен соттасып жатыр. Ұзаққа созылған келіспеушіліктерден кейін Талғар ауданының білім бөлімі биылғы жылдың басында сотқа арыз беріп, мердігерге мерзімдік шарттарды бұзды деген айып таққан. Кейіннен, 27 мамырда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «SHEBERBUILD» ЖШС-ын мемлекеттік сатып алулар тізімінде жауапсыз мердігер-қатысушы деп таныды. Алайда аталған шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Осы жайттардың бәріне қарамастан мектепті жөндеу, құрылыс жұмыстарын қаржыландыру жалғасуда. Мәселен, маусым айында мердігерге 94,1 миллион теңге көлеміндегі қаржы аударылыпты. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова былай дейді:

«Нұра ауылындағы №12 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу барысы мен жағдайы қатаң бақылауда. Облыстық әкімдік бұл мәселені қарауына алды. Ал кешіккен жөндеу жұмыстары жаз бітпей аяқталады деп күтілуде. Шамамен тамыз айында барлық процесс аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Өйткені балалар 1 қыркүйекте мектепке баруы керек».

Иә, бұл мәселені тек облыстық әкімдік емес, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы, Талғар ауданының әкімі, Алматы облысының құрылыс басқармасының басшысы, Алматы облысының ішкі саясат басқармасының өкілдері және аудандық бөлімдері назар салып отыр. Осы аталған мамандар ауылға барып, мектеппен, құрылыс барысымен танысқан, ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Жалпы, Талғар ауданында мектептердегі орын тапшылығын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде «Жайлы мектеп» бағдарламасының шеңберінде 5700 оқушы сиятын 7 жаңа білім беру ордасы салынып жатыр. Олар Айғаным, Жалғамыс, Төңкеріс, Талдыбұлақ, Қызылту, Жаңалық және Тұздыбастау ауылдарында. Осындай жиілікпен мектептер құрылысын жаңғырту бір жағынан қажеттілік те. Себебі облыс халқы мен мектеп жасындағы балалар саны жыл санап артып келеді. Демографиялық ахуалға туу көрсеткішінің өсуі мен сырттан көшіп келіп жатқан тұрғындардың көптігі әсер етіп отырған көрінеді. Ал негізі бүгінгі күні ауданда 43 мектеп бар. Соның алтауы үш ауысымды кестемен оқиды. Әлбетте, екі ауысымның өзі талқыға салынып жатқан заманда үш ауысымды білім беру жүйесі өте қолайсыз екені сөзсіз. Осы мәселені шешу үшін Талғарда 11,1 мың балаға шақталған 12 мектеп салынбақ. Жоғарыда айтқан жеті мектеп құрылысы болса 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: