Мектепте тамақ тағы қымбаттамақ
Теріскей оқушылары тегін тамақтаннеге қағылып отыр?
Қымбатшылық қос бүйірден қысып барады. Дүкендегі азық-түлік аспандап тұр, енді жығылғанға жұдырық болғандай, қаламыздағы жеке кәсіпкерлер мектептегі ыстық тамақтың бағасын өсіруді көздеп отыр. Петропавлдағы мектеп асханаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер қазіргі бағамен, яғни 500 теңгеге бір оқушыны тамақтандыру мүмкін емес екенін айтады. Бұлай жалғаса берсе, азық-түлікке кететін шығын мен аспаздардың жалақысын өтей алмай қалуымыз мүмкін дейді.
Петропавлдағы қырық шақты мектептің оқушылары былтыр 420 теңгеге тамақтанып келген болатын. Осы күзде 500 теңгеге дейін көтерген. Жарты жыл өтпей тағы да өсірмекші. Бұл жерде тұрмысы төмен отбасылардың сәбилері мен жетім балалар бюджет есебінен тамақтанатынын айта кеткен жөн. Алайда оқушылардың басым көпшілігі бұл санатқа жатпайтыны белгілі. Мәселен, үш немесе төрт баласы барлар өздері төлейді. Бағаны қымбаттатуға не түрткі болғанын қаламыздағы №2 және №6 мектептің оқушыларын тамақтандыруға жауапты асхананың иесі, жеке кәсіпкер Нұрлан Тілемісовтен сұрап білдік.
– Бағаның көтерілуіне – азық-түлік құнының өсуі себеп. Қазір барлық заттың бағасы удай. Ет, қант, жұмыртқаның құны қаншалықты екенін жақсы білесіздер. Бағаны өсіретініміз жайлы облыстық білім басқармасын құлағдар еттік. Ата-аналарға да ескертілді. Қазіргі нарық жағдайын ескеріп, түсіністікпен қарайды деп ойлаймын, – дейді жеке кәсіпкер.
Бағаны өсіру мәселесі кәсіпкерлер палатасында да талқыланған болатын. Жеке кәсіпкер Валентина Пышная азық-түлік құнының өсуі мен инфляцияны ескеру қажеттігін айтады. «Жұмысшылардың жалақысы мен басқа да шығындарды есептемегенде, бір баланы тамақтандырудың өзіндік құны 430-450 теңге көлемінде. Мұндай бағамен кәсіпкер табыс табудың орнына шығынға батады» – деді ол.
Петропавлдағы жеке кәсіпкерлердің жанайқайын түсінуге болатындай, алайда Батыс Қазақстан облысында бастауыш сынып оқушылары 380 теңгеге ғана тамақтанатынын немен түсіндіреміз? Оларда азық-түлік бағасы бізден қымбат болмаса, арзан емес. Әрі мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер асхана ғимаратын тегін алып отырғанын, жалдау ақысын төлемейтінін де айта кеткен жөн.
Кәсіпкерлер бағаны 550 теңгеге дейін көтерумен шектелмейтіндерін жасырмауда, яғни алдағы күзде 600 теңге қылмақшы. Бұл жөнінен облыстық білім басқармасы да, қалалық білім бөлімі де хабардар. Бірақ олар жеке кәсіпкердің ісіне араласа алмайтындарын айтып ақталуда. Басқарманың баспасөз хатшысы Әсел Оразбаеваның айтуынша, қала бойынша әлеуметтік осал топтағы балаларды жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен тамақтандыру құны өспейді, бұрынғы 500 теңге деңгейінде қалады. Өсетіні – ата-аналардың төлемі есебінен тамақтану құны. Бәріне тамақ бірдей беріледі, ал бағасының әртүрлі болғаны қалай сонда? Жеке кәсіпкерлердің бағаны қымбаттату туралы хабарламасы әр мектептегі қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитетінің жиналысына талқылауға шығарылған. Алайда олардың шешімінің заңдық күші жоқ, яғни жеке кәсіпкер қандай баға қоямын десе де өз еркі.
– Жалпыға бірдей білім беру есебінен тегін тамақтандыру үшін былтырдан бері біз бағаны 500 теңге деңгейінде ұстадық. Үстіміздегі жылы және келесі жылы да барлық мектеп оқушыларына осы баға болады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтарь. Облыстық білім басқармасының 2023 жылға арналған жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен мектептегі тамақтану құнын бұрынғы деңгейде қалдыратыны түсінікті. Олардың айтып отырғаны – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Ал ол топқа жатпайтындар қайтпек? «Өзге өңірлерде сияқты бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру бізде неге қарастырылмаған?» деген сауалға «Бұл бөлінген қаражатқа байланысты» деп, қысқа қайырды. Жалпы үш республикалық маңыздағы қала мен он жеті облысты қоса есептегенде тоғызында бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыру үшін бюджеттен қаржы бөлінеді.
Қаладағы мектептерде 28 мыңға жуық оқушы бар екен, 2300-і түрлі әлеуметтік осал топқа жататындықтан, олар тегін тамақтанады. Қалғандары тағам ақысын өз қалталарынан төлейді. Сондықтан ата-аналар бағаны қымбаттатпауды талап етіп отыр. Қала тұрғыны Гүлбаршын Қожамжарова екі баласының тамағы үшін күніне 1100 теңге төлейді, оның сыртында жол ақысы тағы бар. Мұны әрбір ата-ананың қалтасы көтере қоймайды. Олар кей мектептердегі тамақ сапасының төмен екенін де жасырмайды. «Оқу жылының басында ғана баға көтерілді. Оны бір жылда бірнеше рет құбылту – ақылға сыйымсыз. Ешкімнің жалақысы жылына екі рет өсіп жатқан жоқ қой. Бір үйде 4 оқушы бар отбасылар айына 50 мың теңге шығын шығарады. Баланың жол жүру ақысы, киім-кешегі, дәптер-қаламы тағы бар. Жалақы жөнінен біздің облыс көш соңында. Ал азық-түлік, киім-кешек шарықтап тұр. Мемлекеттік органдар оны реттей алмай отыр. Ал білім бөлімі мен білім басқармасы ештеңе істер емес» – дейді ата-аналар бірауыздан.
Ал ауылдарда жағдай сәл басқаша. Онда негізінен шаруашылық иелері көмек қолын созуда. Аудан орталықтарында баға сол қалпында. Мәселен, Мамлютка қазақ мектеп-интернатының директоры Берік Тұрғынұлы тамақтың ақысы 500 теңгеден өзгермегенін жеткізді. Қаланың іргесіндегі Бескөлде де баға тұрақты.
– Білім ошағындағы 522 оқушының 93-і тегін тамақтанады. Қалғандары өз қаражатына сатып алады. Алайда тамақ ақысы 500 теңгеден аспайды. Оқушылар өзіне қажетін сатып алады. Мәселен, тоқашты – 130, палауды – 420, борщ, ботқа, пиццаны – 250, кампот пен шырынның стақанын – 100, шәйді 50 теңгеге сатып алады, – дейді №2 мектептің директоры Ботагөз Батанова.
Өткен жылы үкімет отырысында елімізде тегін тамаққа бюджеттен жыл сайын 150 млрд теңге бөлініп, 1-4 сыныпта оқитын 607 мыңнан астам оқушы (41 пайызы) тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіні жайлы айтылды. Бұл тізімге Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Маңғыстау облыстарының бірінші сынып оқушылары кірген. Ал орташа жалақы ең төмен біздің облыс бұл игіліктен неге қағылды? Білім саласына жауапты министрліктің «ала қойды бөле қырыққаны» қаншалықты дұрыс?