Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:08

Мектептен – ауруханаға дейін: Әлеуметтік саланың әуресі бітпейді

1

Биыл мектеп жасындағы балалардың саны халықтың 19,5 пайызын құраса, педагогтардың қатары 600 мыңнан асты.

 Бірақ мемлекеттік жүйе мен жергілікті билік ұстаздарды сайлауға «салатын» масса, таза Қазақстанды жасайтын «еріктілер», тіпті шырша құруға көмектесетін қосымша күш ретінде қарауын қоя алмай қойды. Педагог мәртебесі туралы заң қабылдап, оларды артық қоғамдық жұмыстар тұрмақ, өздері толтыратын құжаттан босатамыз деп жүргенімізге қанша болды? Алайда нәтиже көрінер емес. Жақында ғана Семейдің орталық алаңындағы шыршаны құруға «міндеттелген» педагогтың биіктен құлап, ауыр жарақаттануы мұның айқын дәлелі. 

Қуат Айтқалиевтің жағдайы қоғамда резонанс тудырған соң оқу-ағарту министрі мәлімдеме жасап, заңсыздыққа жол бергендер әділ жазаланады деп үміттенетінін айтты. Бұл оқиғаға қатысты ма, жоқ па, белгісіз, Семейдің әкімі ауысып, сол арада қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Мектеп директорлары қатаң сөгіспен құтылды. Бұл халық шуласа қолданыла салатын ескі әдет. Ал шын мәнінде педагогтар қауымына артылатын жүк азайды дегенге сену қиын.

Десе де, жалақының өсуінен мамандыққа қызығушылықтың артқаны рас. Бірақ мектеп басшылары сағат бөлу есебінен мұғалімдердің штатын көбейтетінді шығарғаны айтылып жүр. Демек, кадрлық мәселелер реттелді деп арқаны кеңге салуға әлі ерте. Дәл сол секілді бұл жылы оқу бағдарламасына қатысты да елеулі жаңалық болған жоқ. Байқасақ, тарих оқулықтарынан басқа өзгеріс болмайтын да секілді. Естеріңізде шығар, Ресеймен ортақ тарих жазылатыны айтылған соң, Ғани Бейсембаев оқулықтардың соған сай жаңаратынын растаған. Министрдің мұншама оперативті шешіміне не әсер еткенін қайдам, бірақ информатика сынды пәндер әлі де 7-8 жыл бұрынғы бағдарламамен оқытылып жатыр.

Аятжан Ахметжанұлы
Фото: из открытых источников

Аятжан Ахметжанұлы, педагог, «Qazbilim» ұлттық лицейінің негізін қалаушы:  Сәрінжіпов-Сағадиев тандемінен туған сәтсіз бағдарламамен оқып жүрміз

Білім саласындағы мәселелер негізінен оқу жылымен есептеледі. Осы жылы орын алған өзгеріс ретінде 2026 жылы енгізілгелі жатқан жаңа білім стандартының жобасын айтар едім. Қазір 2016-2017 жылғы Сәрінжіпов-Сағадиев тандемінен туған сәтсіз бағдарламамен оқып жүрміз. Ал жаңа жоба қазіргіден де төмен деңгейде секілді көрінді. Онда «үш тілде білім беру» ұғымы «көп тілді білім берумен» алмастырылған. Біз қазірдің өзінде үш тіл мен екі әдебиет оқытамыз. Олардың жалпы жүктемесі сағаттың 40 пайызынан асады. Енді үш тіліміз көп тілге айналса, онда мектептерді тіл үйрету орталығы етіп өзгерте салу керек шығар. Тіл үйрену – қабілетіне және қызығушылығына қарай әр адамның жеке шаруасы. Мемлекет жұрттың тіл үйренуіне емес, базалық білім алуына жағдай жасау қажет. Көп тіл деп, қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз, қытай, жапон, бәрін бұрқыратып, факультативтерді кіргізген күннің өзінде арғысы тек ақша игеру болып кетеді.

Тілден бөлек, Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясы вице-президентінің сөзіне және жоғарыда айтылған құжатқа қарасақ, алгебра мен геометрия бірігіп математика болмақ, химия, физика, биология үшеуі қосақталып жаратылыстану пәні аталмақ. Ал дүниежүзі тарихы және құқық негіздері бірігіп, әлеуметтік ғылымдар пәні болады екен. Өзім химик, 15 жылдық тәжірибесі бар мұғалім ретінде қатты таңғалдым. Мұндай пәндерді біріктіруге де, кіріктіруге де болмайды. Пәнаралық байланыс деген ұғым бұрыннан бар, сол сақталуы тиіс. Онсыз да сапа сын көтермей жатқанда бөлек ғылымдарды біріктіріп қойсақ, арғысы не болады? Оқулық ше? Кім сабақ береді? Қанша шебер химик болса да, биологияны оқытуға деңгейі жетпейді. Дәл солай кез келген пән ұстазының сауаты өз саласымен шектеледі. Әмбебап ұстазды қайдан таба қаламыз? Осы секілді құқық пен тарихтың да екі түрлі ғылым екені белгілі.

2024 жылы басқа жаңалық болған дүние байқалмады. Сондықтан білім саласының базалық мәселелері жақын жылдары шешіледі деп күте алмаймыз.

«Жайлы мектеп» 2025-ке жете алмады

Біздегі білім саласының тағы бір «бас ауруы» – инфрақұрылым. Қазақстандағы орта білім беру мекемелерінің 67 пайызы ауылдарда. Соған қарамастан, мұндағы оқу ғимараты мен оның заманауи жабдықталуы қаламен тең емес. Әзірге мемлекеттік грант беруде ауылдық квота ұсыну мен өткен жылдан бастап өткізіле бастаған ауылдық оқушылар олимпиадасы ғана көңілге жұбаныш.

Ал қаладағы мәселе – орын жетіспеушілігі. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 260 мың оқушы орны тапшы. Болжам бойынша, бұл көрсеткіш 2026 жылы 1 миллионнан асады. Бірақ мектеп салу қарқыны баяу. Президенттің өзі тапсырған, жарнамасы жер жарған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының да нәтижесі мақсатындай болмай тұр. Әуелде 2025-тің соңына дейін 842 мың орын салынады делінді. Арада екі жыл өтті, 2025 те келді. Осы аралықта салынған орын саны небәрі 101 мың ғана. Биылғы оқу жылының басында беріледі деген мектептің біраз бөлігі әлі де салынып жатыр. Оны жоғары аудиторлық палата да айтып, 2023 жылғы қаржы 38 пайызға ғана игерілген деп сынады. Ал жауапты «Самұрық-Қазына» БАҚ беттерінде ақталып әлек.

Жаңа мектеп салуды былай қойғанда, қазір бар 7,5 мың мектептің 1,3 мыңға жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Балабақшалардағы жағдай да осының төңірегінде. Көбі ескірген, орын аз, кезек көп. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 627 мектепке дейінгі ұйым ашылса да, әлі 70 мыңнан астам бүлдіршін бөбекжай табалдырығын аттай алмай жүр. Бұл салада орын алған бір өзгеріс болса, ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаның енгізілгені. Оның өзі кәсіпкерлер мен ата-аналар тарапынан сұрақ тудырып, шала-пұла орындалып жатыр. Балабақшадағы орын мен кезектен бөлек, тамақтандыру сапасы жағы да – даулы тақырып. Жүздеген бала уланып жатыр, «жарты мәзірлер» мен ақша үнемдеудің схемалары бойынша сот істері де жүрді. Тіпті петиция жарияланған. Алайда оқу-ағарту министрлігі балабақшалардағы тамақтандыру стандарттары мен оның шекті мөлшеріне қатысты жұмған аузын ашпады. Сол секілді техникалық және кәсіптік білім беру бойынша да есте қаларлық оң бетбұрыс байқалмады.

Ведомствоның өзі жылды сәтті де жемісті болды деп отыр. Жақында жарияланған есептерінде атаулары мен мән-мазмұны бір-біріне ұқсас жобалары мен оның нәтижелері туралы жазып, түрлі статистикаларды келтіріпті. Бірақ бастауыш сынып оқушыларының тегін тамағын төлеу мен халықаралық олимпиадада топ жарғандарға стипендия тағайындаудан басқасы «баяғы әңгіме». Бұл мәселелердің өзі дәл 2024-те шешімін тапты деуге келмес... Яғни оқу-ағарту саласы бір жылда стратегиялық мазмұн жағынан нақты нәтиже көрсете алмады, ал процестегі жұмыстардың басым бөлігі мерзімінен кешігіп келе жатыр деп топшылауға болады.

Жатақханасы жоқ министр пәтер берем дейді

Жыл соңындағы әдетпен ғылым және жоғары білім министрлігі де «ананы жасадық, мынаны тындырдық» деп есеп беруді бастап кеткен. Олардың алдымен мақтанатыны – грант санының артуы. «Отработкасы» ылаңға айналған гранттардың өзіндік құны арзан екені қанша айтылса да, сапа емес, сан назарда тұр. Мейлі, білімге қолжетімділікті арттырамыз деген желеумен гранттар таратылып жатыр. Соның өзі биыл министрді сотқа берумен аяқталды емес пе? Су тасқыны болған аймақтың түлектеріне жанашырлық танытамын деп, өзгелерге әділетсіздік жасаған министр көпшіліктің сынынан әрең құтылды.

Грант беру бар да, оқыту бар. Біздегі ЖОО-лардың сапасы мен кадр даярлаудағы әлеуеті онсыз да белгілі. Саясат Нұрбек сонда да қоймай, халықаралық рейтингтегі позициямыз жақсарды деп сүйіншілеп жүр. Ал сол рейтингтердің талаптары мен орын белгілеудегі критерийлері түсініксіз. Мәселен, министр сүйене беретін QS World University Rankings бойынша Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 144 орында тұр. Ал Алматыдағы ҚБТУ – 261-270, КИМЭП – 301-350, СДУ – 551-600 орында. Осыдан кейін 29-орында тұрған ҚазҰУ мен 71-орында тұрған ЕҰУ-дың мықтылығына, прогресіне қалай сенесің?

Өз университеттеріміз бен елдегі жоғары білім сапасын арттырып, әлемдік стандарттарға бейімдеу үшін шетелдік филиалдарды көбейту туралы тапсырма берілген. Обалы не керек, биылғы жылы «ашылған» филиал туралы көп айтылды. Ал мән беріп қарасақ, соның басым бөлігі филиал емес, жай ғана қос диплом бағдарламасы болып шығады. Министр болса, қос дипломды филиал ашудың моделі ретінде түсіндіріп әлек. Бірақ үкімет министрлік секілді «филиал ашылды» деп жар салмайды. Оларды «университет базасындағы университет», «халықаралық байланыс» деген орындырақ атаулармен сипаттап жүр.

Грант па әлде ақылы ма, қазақстандық ЖОО ма әлде шетелдік филиал ма, әйтеуір 600 мыңға жуық студентіміз бар. Оларды жатақханамен қамту мәселесі де аталған ведомствоның құзыретінде. Студенттердің бас ауруына айналған бұл тақырып жылда талқыланады, орын аз, министрлік ұсынған хостелдердің бағасы тиімсіз, пәтер жалдау қымбат. Былтыр 55 мың студент жатақханадан орын ала алмаған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 20 мыңға дейін түсіпті-міс. Бірақ оған кім сенеді? Жарты жылдың ішінде 35 мың орын жетіспеушілігін шешу деген күмәнді статистика. Шын мәнінде, орын таптық деп деканатқа есеп бергендердің көпшілігі не пәтер жалдады, не бағасы пәтермен бірдей хостелдерге барды.

2020 жылы ғылым және жоғары білім министрлігіне тапсырма беріліп, 2025 жылға дейін 90 мың орындық жатақхана салу міндеттелді. Енді бір жылда белгіленген уақыт аяқталады. 2018-2023 жылдар аралығында жалпы саны 50 966 орын ашылған. Бұл бір жылда шамамен 10 мың орын деген сөз. Өткен жылдың жоспарына сәйкес, 11 400 орындық 34 жатақхана салынуы керек болса, бірінші жарты жылдықта соның тек 8 пайызы ашылған. Әйтеуір жылдың соңында ғана 10 304 орын пайдалануға берілді деген мәлімет шықты. 2024 жылдың жоспары да шамамен осындай. Бірақ бұл динамикамен келер жылға дейін 90 мың орынды толтыру мүмкін емес. 2020 жылдан бергі 30 мың орынға жоспардағы 10 мыңды қосқанда да, 2025 жылдың соңына дейін тағы 50 мың орынды бірден салу қолдан келер ме екен?

Студенттерге жатақхана беру мәселесін шеше алмай жүрген министрлік ғалымдарға пәтер беруге көңіл бөлуді бастағаны қызық. Биыл ондаған ғалымға пәтер кілті табысталғаны айтылды, Отбасы банкпен келісімдер жасалды. Әйтеуір айтуға тұрарлық дүниелері баршылық. Ғылыми ұйымдардың қызметкерлерінің жалақысы да 18 пайызға өсті. Бірақ ЖОО оқытушыларының мәртебесі қаралмаған күйі келесі жылға өтіп барады.

Айтпақшы, биыл ғылым және технологиялық саясат туралы жаңа заң қабылданып, қаржыландыру тарихта болмаған рекордтық деңгейге жетті. 2024-2026 жылы ғылымға қарастырылған сома – 703 миллиард теңге. Осының ізінен оң өзгерістер күтілгені рас. Мүмкін уақыт керек шығар, бірақ биыл ғылымда сенсация болған жоқ. Ауыз толтырып айтар дүние де жоқ, ағымдағы процестер ғана. Есесіне, ҰҒА айналасындағы дау өршіп, академиктер екіге бөлінді. Оксфордта қазақ тілі оқытылады деп, артынан бағдарламалық-мазмұндық, кадрлық мәселелер талқыланды. Нұрбек қазақ тілін осындай деңгейге шығардым деп, елге сүйкімді көрінгісі келіп жүргенде, «Республикалық бюджеттен орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға жылына 43 млн теңге бөлінеді, бұл көп емес», – деп хейттің астында қалды.

Болыс Сәбитбек
Фото: Болыс Сәбитбек

Болыс Сәбитбек, ғалым: Ғылымның мәселесі саясаткерлердің айтқаны бойынша шешіледі

Жаһандық саясаттағы ғылымның басымдығы өсіп жатыр. Себебі әлемде университеттер ғылым жасайды. Бизнес оны технологияға енгізеді. Мысалы, ЖИ-ді қолданысқа енгізіп жатқан кәсіпкерлер мен жеке сектор. Яғни бизнестің сұранысы, экономикалық қызығушылықтар – ғылыми теорияның дамуына әсер ететін үлкен бір фактор. Біздің елде де ғылым мен экономиканы ұштастыруға тырысады. Бірақ ғылым өз бетінше дамуы керек. Ал экономика соның ішінен керегін алады. Ғылым мен технология бір нәрсе емес екенін түсініп, аражігін ажырата алу маңызды. Оның үстіне, бізде алу бар, сату бар. Ортасында өндіріс пен өңдеу жоққа тән. Экономикасы алып-сатарлыққа негізделген елде бизнестің ғылымға елеулі сұраныстарының болмауы да орынды шығар.

Қазақстанның қазіргі ғылымы КСРО-дан келе жатқан инерция. Оған дейін бізде ғылым болған жоқ. Қолда бар ғалымдарымыз экономикадан бөлек, мемлекеттегі басқа мәселелерге келгенде де елеусіз. Пікірлері сұралады, бірақ ескеріліп жатқаны шамалы. Көп сауалдар саясаткерлердің дұрыс деп тапқаны арқылы шешілуде.

Қазіргі ғалымдардың болашақ ғалымдарды тәрбиелеу жүйесі де ешкімді қызықтырып жатқан жоқ. Университеттер оқытушы ғалымдарды қалай таңдайды, олар қалай оқытып жатыр? Шын мәнінде жекеменшік университеттер ғана студенттерді тарту мақсатында мықты оқытушыларды жоғары жалақы беріп шақыруда. Ал ұлттық, мемлекеттік ЖОО-ларда кімнің, қалай оқытып жатқанына аса назар аударыла бермейді. Студенттер де мемлекеттің ақшасына оқып жатқандықтан маған кім сабақ береді, не үйретеді деп емес, грант алдым, енді диплом алсам деп келеді. Магистратура мен докторантураға да ғылым деп емес, стипендия мен әлеуметтік лифтіде көтерілудің жолы деп қарау құбылысы бар. Осы және ғылымдағы өзге де көптеген қатпарлы мәселелерді ескере отырып, біздегі ғылымды басқарудың тиімсіз моделін өзгертуге тырысқан жөн.

Әлназарованың МӘМС-і мен дәрісі

Соңғы тағайындаулар кезінде оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрлері лауазымдарында қалғанымен, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызметтен кеткен. Ақпанда орнына Ақмарал Әлназарова тағайындалды. Келе салып: «Жұмысымды президент тапсырмасын орындаудан бастаймын. Күні кеше МӘМС жүйесі бойынша жұмысқа кірісіп те кеттік» деген. Бір жыл өтті. Министр ханым халықпен кездесулерінде МӘМС бойынша қырып жатқанын айтады. Алайда алғаш енгізілген 2020 жылдан бері не халық, не жауапты министрлік түсінбей келе жатқан әлеуметтік сақтандыру бойынша өзгерген нәрсе шамалы. Айлық салымның құны артатыны туралы шудан басқаны естігеніміз жоқ.

2024 жылы Қазақстанның денсаулық сақтауында қызылша мен көкжөтел біраз ушығып, онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржының 20 пайызға қысқаруына қатысты дау-дамай туындады. Артынша, ведомство өкілдері онкологиялық бейіндегі стационарлар көрсететін медициналық қызметтерге ақы төлеу тарифтерінің төмендеуі онкологиялық науқастарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына әсер етпейтінін жеткізді.

Елдегі 272 мың медқызметкердің жалақысы мен әлеуметтік пакетіне қатысты «қызық» жоқ. Инфрақұрылым жағы да баяғы күрделі күйінде. Министрлік: «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде 2024 жылы 263 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны аяқталып, пайдалануға берілді», – деп жазыпты. Әзірге айтуға тұрарлық құрылыстар осы ғана сияқты. Соңғы бес жылда Қазақстанда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, медициналық жабдықтарды сатып алуға 261 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанымен ахуал әлі де қиын. Инфрақұрылымның тозу деңгейі – 50 пайыз, техника да ескірген. Ал медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 80 пайыздан аспай отыр. Сәйкесінше, ауруханалардағы орын жетіспеушілігі мен кадр тапшылығы да артып келеді.

Медицинаны цифрландыру тағы да келер жылдардың еншісіне қалды. Министрлікке қарасты 17 мемлекеттік, 20-дан аса жекеменшік ақпараттық жүйе толық интеграцияланбаған,бір-бірімен байланыссыз жұмыс істейді. Осының әсерінен кезек күту, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің көптігі, ашықтықтың жоқтығы, заңсыздықтардың көбеюі мен нақты статистика жүргізе алмау сынды мәселелер шешілмей отыр.

Айтпақшы, келер жылдан бастап Қазақстанда 90-шы жылдардан бері болмаған дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін. Санкциядан зардап шегіп отырған Ресей жағы Еуразиялық экономикалық одақ аясында талаптарын тықпалап, оны орындатуға нақ бекінген. «Отсрочка» сұрап отырған біздің үкіметті тыңдар емес. Осы алған беттерінен қайтпаса, Қазақстан дәрі-дәрмексіз қала ма деген қауіп бар. Себебі елде тіркелген 6 926 дәрінің 736-сы ғана ЕАЭО ережелеріне сай. Басқа дәрілік заттарды куәландырып, тіркей алмасақ, дәріханалар сөресіне де жеткізе алмаймыз. Бұл жағын қалай қыларын Әлназарова да, үкімет мүшелері де айтпады...

Қазақстан халқы2030 жылға қарай 21,5 млн, 2050 жылға қарай 27,7 млн адамды құрайды деген болжам бар. Әлеуметтік салаларға сұраныс пен жүктеме артып жатқан кезеңде елдегі білім-ғылым мен медицинаның жағдайы – осы.

Баян Мұратбекқызы