Мелони Украинаға көмек көрсетуді 24 сағат ішінде шешуді ұсынды

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Еуропа көшбасшыларына жаңа бастама ұсынды. Оның жоспарына сәйкес, егер Ресей қайтадан Украинаға шабуыл жасаса, одақтастары бір тәуліктің ішінде әскери және экономикалық көмек көрсету жөнінде шешім қабылдауы тиіс.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.
Агенттіктің дерегінше, бұл ұсыныс НАТО-ның 5-бабында көрсетілген ұжымдық қорғаныс міндеттемесіне тең келмейді. Алайда Украинамен екіжақты келісім жасаған елдерге қысқа мерзімде жауапты шараларға келісе отырып, Киевке жедел әрі тұрақты қорғаныс көмегін, экономикалық қолдау көрсетуді, сондай-ақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуді міндеттейді. Дегенмен жоспар әскер жіберуді көздей ме, ол жағы әзірге белгісіз.
Италия қорғаныс министрі Гвидо Крозеттоның айтуынша, Мелонидің идеясы – НАТО-ның қорғаныс альянсы ретінде Украина секілді мемлекетке де қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз етуі.
АҚШ-тың ұсынысы және «будапешт қателігі»
16 тамыздағы Аляска саммитінен кейін Мелони қауіпсіздік кепілдігі туралы «НАТО шартындағы 5-баптан шабыт алған италиялық идея» жөнінде айтқан еді. AFP және Reuters-тің хабарлауынша, Вашингтон Киевке «НАТО-сыз, бірақ 5-бапқа ұқсас» кепілдік ұсынған. Бұл ұсыныстың Мәскеумен келісілгені де айтылды.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак 20 тамызда одақтастарымен әскери кепілдіктер бойынша келіссөздер басталғанын хабарлады. Ол Германия, Италия, Франция, Ұлыбритания, Финляндия, ЕО және НАТО өкілдерімен кеңңес өткізген.
АҚШ және Еуропаның рөлі
АҚШ вице-президенті Джеймс Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында Украина қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты ауыртпалық Еуропаның мойнында болуы керегін айтты.
Politico-ның мәліметінше, Пентагон өкілдері НАТО-дағы серіктестеріне Вашингтонның бұл процеске шектеулі деңгейде қатысатынын ескерткен.
18 тамызда Вашингтондағы келіссөздерде Дональд Трамп Киевке соғыс аяқталғаннан кейін қауіпсіздік кепілдіктерін беруге уәде етті. Оның сөзінше, Еуропа – бірінші қорғаныс шебі, бірақ АҚШ та көмектеседі. Дегенмен Трамп америкалық әскер Украинаға жіберілмейтінін, тек әуеден қолдау көрсетілуі мүмкін екенін айтты.
Бұған қоса, 19 тамызда Трамп Украина НАТО-ға кіруден және Қырымды қайтарудан бас тартуы тиіс екенін мәлімдеді.
Еуропалық әскерлерді жіберу жоспары
Bloomberg дерегінше, 19 тамызда Еуропа көшбасшылары онлайн-жиында Ұлыбритания мен Франция әскерін Украинаға орналастыру мүмкіндігін талқылаған. Бұл – Киев пен Мәскеу арасындағы ықтимал бейбіт келісімді қамтамасыз ету үшін қарастырылып отырған жоспар. Оған шамамен 10 елдің, соның ішінде Ұлыбритания мен Францияның қатысуға дайын екені айтылды.