Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:55

Мемлекет басшысы Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды

Н
Фото: Ақорда

Ақордада аты аңызға айналған альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі атақты тапсыру рәсімі өтті.  

Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық және әлемдік альпинизмнің аңызы саналатын Ерванд Ильинскийді өз резиденциясында қарсы алуға қуанышты екенін айтты.

— Сіздің орасан зор еңбегіңіз бен жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк байрағы әлемнің ең биік, бағындыру қиын саналатын шыңдарында желбіреді. Сіз тәжірибелі альпинист, әлемдік шыңдарды бағындырған спортшы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы ретінде әлемге танылдыңыз. Эверест шыңына көтеріліп, «Жеті шың» клубына енген Қазақстанның алғашқы өкілі атандыңыз. Сіз қазақстандық альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде зор құрметке ие болдыңыз. Бұл мектеп еліміздің жаһандық брендіне айналды.

Сіздің бапкерлік қабілетіңіз, талапшылдығыңыз бен тәртіпке негізделген ұстанымыңыз көптеген дарынды альпинистердің қалыптасуына жол ашты. Сіздің шәкірттеріңіз арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шеберлері бар. Бапкерлік қызметіңіз барысында 100-ден астам спорт шеберін тәрбиелеп шығардыңыз. Сіздің тікелей жетекшілігіңізбен Қазақстан құрамасы әлемде алғаш болып барлық 14 сегіз мыңдық шыңды бағындырды. Бұл — бірегей жетістік. Сіздің қалыптастырған дәстүрлеріңіз қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетуіне негіз болып отыр, — деді Президент.