Мемлекет ғылыми жұмысқа ақша бөледі, енді өндіріске шығаруға көмектессе
– Өркен мырза, қазақ ғылымының ақпараттық технологиялар саласы қандай бағыттарда жұмыс істеп жатыр?
– Ақпараттық және есептеу технологиялары институты қазіргі таңда 12-ден аса бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Ақпараттық жүйелерді модельдеу және мамандандыру, робототехникалық жүйелер, үлкен және интеллектуалдық деректерді талдау, жасыл энергетика, көлік және логистика сынды бағыттарда ізденістерді арттырудамыз. Соның ішінде жасанды интеллект саласында айтарлықтай өзгерістер бар. Нәтижелер де ақырындап көрініп келеді. ЖИ технологиялар әлемінде кезек күттірмейтін қажеттілік. Одан бөлек, биокорректорлар, күн батареяларын, биогаз комплекстерін, биобактериялық тыңайтқыштар жасадық. Ал кенжелеу келе жатқан бағытымыз – нанотехнология. Қазір арнайы зертхана ашылып жатыр, сәйкесінше, алдағы уақытта зерттеулер де көбейеді.
– Жиі айтыла бермейтін аэроғарыш технологиялары саласына келейікші.
– Аэроғарыштық технологияларды дамыту мақсатында институтымызда бір зертхана жұмыс істеп тұр. Онда аэроғарыш өндірісінде қолданылатын қосымшалар мен технологиялар әзірленуде. Бұл жерде туындайтын тағы бір мәселе, ақпаратты ғарыш кеңістігінен жерге жеткізу керек. Әрі олардың өлшемдері де әртүрлі. Осы мақсатта толыққанды зерттеу жүргізу үшін екі жыл бұрын ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен ғарыш кеңістігіне байланысты лицензия алдық. Ал қазір ұшатын объектілердің бөлшектері жерге түскенде залалсыз болуы үшін, алдын ала жүру траекториясын жасап, жүйені модельдеумен айналысып жатырмыз. Осы арқылы әртүрлі салмақтағы бөлшектердің қауіпсіз аймаққа келіп түсуін қадағалай аламыз. Және жеңіл типтегі ракеталарды жоспарлап, жобалау басталды. Ал наноспутниктер құрастыру үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Алматы энергетика және байланыс университетінің зертханаларымен бірге зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Космостық аппараттарға да, ұшқышсыз ұшатын қондырғыларға да жеке арнайы жүйе жазуымыз керек. Бұл қазіргі басты мәселе.
– Ал қазіргі таңда актуалдылығы артып жатқан жасанды интеллект саласындағы ахуал қандай?
– Жасанды интеллект – ақпараттық технологиялардың ішіндегі үлкен әрі өзектілігі жоғары сала. Бұл салада әлемдік жаңалық ашпасақ та, елдегі даму деңгейі бірқалыпты өсіп келеді. Мәселен, биоинформатика бағытына, яғни медицина саласында қолданылатын жасанды интеллектілерге тоқталайық. Бәрімізге жақсы таныс томография, компьютерлік, магнитті-резонансты томография жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Нәтижесінде, дайын кескіндер арқылы пациенттегі потологияны анықтауға мүмкіндік бар. Біздің елімізде дәл сол секілді қант диабетін анықтайтын жасанды интеллект жүйесі бар аппарат жасалды. Аталмыш жоба I lab отандық компаниясымен бірігіп орындалған болатын. Оған қоса, Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен бірге глаукома созылмалы көз ауруын алдын ала анықтайтын жүйе ойлап таптық. Тағы бір жобамыз, қолдың қимылы арқылы ақпаратты автоматтандыратын жүйе жақында жарық көрмек. Бұл жоба телеарналардағы сурдоаудармашылардың принципімен жұмыс істейді. Яғни жестикуляцияны сөзге аударады. Осылайша, сөйлеу-тану (распознавание речи) мен бейне-тану (распознавание лица) бағытындағы ЖИ дамып жатыр.
– Өзіңіз айтып отырған сөйлеу-тану бағытында Kazakh ASR бағдарламасын жасап шықтыңыз. Қазақ тілін танып, аудиодан мәтінге айналдыра алатын бағдарламаны қолданушылар саны күн санап артып келеді. Жоба процесімен бөлісіңізші?
– Идея келген 2018 жылдан бастап зерттеулер жүргізілді. Қоғамдағы сұранысты ескере отырып, қосымшаны енгізу үшін әлеуметтік желіге телебот жасап шықтық. Яғни ғылымды сұранысқа сәйкестендірдік. Қазақ тілін түсініп, жазып, аударып, түрлендіре алатын жүйені құрастыру үшін тілді біраз зерттедік. Фонетикалық, синтаксистік, сингормонизмдік тұрғыдан жасанды интеллектіні үйрету оңай шаруа емес. Әлі де жетілдіру жұмыстары керек. Бір ескерер жай, мемлекет зерттеуге, ғылыми жұмысқа ақша бөледі. Ал өндіріске енгізу үшін жеке жұмыс істейсің. Себебі реализация ғылыми жаңалықты нарық сұраныстарына сәйкес жетілдіруді, техникалық спецификаны қолданысқа ыңғайлы етіп реттеуді қажет етеді. Ғылымның жетістігі бөлек екенін көпшілік түсіне бермейді. Өндіріске шығару, коммерция мүлде басқа шаруа. Бұл жобада да солай болды. Сөйлеу-тану процесін жасап шыққан соң «файлдық жүйе жасадық, кім алады?» деп сатқымыз келді. Арзан, жақсы, бірақ қолдау таппады. Өйткені біздің елдегі өндіріс пен ғылым байланыссыз. Кейіннен, біз осы серверімізді әлеуметтік желіге қойған соң нидерландық Philips компаниясы байланысқа шықты. «Біздің диктофондарда ағылшын, қытай, орыс тілі бар. Сіздер де өздеріңіздікін енгізсеңіздер, біз сата береміз, пайдасын береміз», – деп ұсыныс тастады. Осылайша коммерциялық келісім жасалды. Ал қазір Tengri LLC компаниясымен бірігіп, сот процесіне қажетті стенограмма жасап жатырмыз. Алдағы уақытта ол да өндіріске шығады.
– Бұл зерттелген, нәтиже берген бір сала. Ал қамтылмай жатқан тақырыптар ше? Қазақстанда қай сала әлі де зерттеуді, ғалымдардың белсенділігін қажет етеді?
– Қамтылмай жатқан тақырыптар өте көп. Себебі ғылым ауқымды, ал маман тапшы. Зерттеулердің аздығы тікелей кадр мәселесіне келіп тіреледі. Оны алып қазбаласақ, ғылым саласында ақша аз деген баяғы мәселе қайта шығады. Жұмысқа жастарды тартайын десек, ғылыми дәрежелері болмағандықтан жалақы мардымсыз. Ал жоба негізінде, келісіммен алсаң, ол ары кетсе 3 жылды қамтиды. «Жоба бітсе далада қалам ба?» деп, көпшілігі өндіріске кетіп жатады. Осыған байланысты жастардың ғылымға келуі сирек. Әсіресе IT саласындағы білікті мамандарды тарту үшін көп қаражат керек. Егер біліктілігі төмендеу, тәжірибесі аз кадрлар алсаң, оларды дайындайсың, үйретесің. Алайда олар да дайын, білікті маман болған соң кетуге асығады. Бәрінің отбасы, үй-жайы, қажеттілігі бар дегендей. Оның үстіне, біздің қаймақтарымызды шетелдік оқу орындары мен компаниялар әкетіп жатыр. Әлемнің қай жетекші компаниясын алып қарасаң да міндетті түрде бір қазақ жүреді. Өйткені онда жалақы жақсы, жағдай жасалған. Мәселен, менің бір шәкіртім Microsoft-тан шақырту алып, сонда кетті. Тағы бір балам Сингапурда. Бізде орташа жалақы 200-150 мың теңге, онда 2 млн теңге. Міне, мәселе осында.
– Кадр тапшылығынан бөлек, ақпараттық технологиялар саласында тағы қандай проблемалар бар?
– Біздегі лабораторияларды жаңартып, шетелдік өндіріс көздерімен байланыстарды жетілдіру керек. Қазіргі таңда Қазақстандағы лабораториялардың көпшілігі халықаралық стандарттарға сай келмейді. Жобаларға арнайы алынған аппараттар мен құрылғылар жоба аяқталған соң ескіріп қалады. Кейбір қымбат, күрделі техникалар да маман жоқ болғандықтан тұрып-ақ тозады. Және робот жасау ісі дамымай, тұралап тұр. Тек бөлшектерін сырттан әкеліп, көрсетуге жасалған роботтарымыз бар. Олардың жүйесін өзіміз жазамыз, бірақ техникаларды шетелден әкелеміз. Әсіресе микросхемалар жасайтын маман жоқ. Осының әсерінен біз ұялы телефон да жасай алмаймыз, компьютер де құрастыра алмаймыз. Яғни бізде бары шетелдік схемаларды әкеліп жинақтау ғана. Тіпті қарапайым машиналардың да моторы мен қаңқалары шетелден әкелінеді, біз тек құраймыз. Дәл осы мәселе елдегі ғылым мен техниканың дамуын шектеп тұр. Сол себептен де серпіліс жоқ. Жаңа айтқанымдай, ғылым даму үшін өндіріспен байланыс болу керек. Бұл мәселелерді шешу үшін ғылымның барлық деңгейін, қажеттіліктерді түсініп, кезең-кезеңмен жүйелі түрде шешімдер қабылдануы керек. Соның ішінде Ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын жандандырып, көңіл бөлу маңызды.
– Соңғы уақытта ақпараттық қауіпсіздік деген ұғым жиі айтылып жүр. Біз қаншалықты қорғалғанбыз осы?
– Еліміздегі ақпараттық қауіпсіздік орта деңгейде деп айтуға болады. Дегенмен прогресс жоқ. Жекелеген зерттеулер, бөлек компаниялар жүргізіп жатқан жұмыстар бар болғанымен, өндірісте де, ғылымда да назарда тұрғанымен, тұтас, мақсатты жобалар жетіспейді. Осы орайда ақпаратты қорғау жолын өзіміз жасағанымыз маңызды. Желіде тұрған барлық ақпаратты шетелдік жүйе арқылы қорғау жақсылықтың нышаны болмаса керек. Өйткені сырт елдер біздің азаматтар мен жүйелерді қадағалап, тексеріп отыруы әбден мүмкін. Сондықтан отандық жүйеге көңіл бөлу қажет. Институтта зерттеулер жасау үшін ҰҚК-дан лицензия алғанбыз. Арнайы бөлімде 30 маман ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру мақсатында жұмыс істейді. Біз қазір криптографиялық қорғау жүйесіндеміз. Бұл дегеніміз – ақпаратты математикалық жолмен, шифрлармен қорғау деген сөз. Ал енді киберқауіпсіздікке көшуге ыңғайланып жатырмыз.
– Google жүйесіне қазақша аударма келді, Windows-та қазақша синтез, Apple гаджеттерінде қазақша мәзірлер пайда болды. Бірақ тану процестері әлі енгізіле қоймады. «Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттен қолдау керек» деп пікір білдіріпсіз...
– Иә, қазақ тілінің аясы кеңейіп келе жатыр, дегенмен кем-кетіктер де, әлі жасалмай жатқан істер де бар. Мәселен, ОК Google, Siri, Аlisa сынды жүйеге қазақша «Сәлем, бүгін ауа райы қандай болады?» десек, олар түсінбейді. Қазақша тану процесі енгізілмеген. Ал мұндай қосымшалар мүмкіндігі шектеулі жандарға, зағиптарға аса қажет. Одан бөлек те, барлық заманауи технологиялар мен жүйелерде мүмкіндігінше қазақ тілінің қолданысын кеңейту керек. Ал аталған алпауыт компаниялармен келісім жасау, бастама көтеру, ұсыныс тастау мемлекеттің құзырындағы нәрсе. Мұндай шаруаларды ғалымдар өз бетінше жасай алмайтыны анық. Бірақ мемлекеттен бұл мәселеге келгенде белсенділік байқалмайды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Баян Мұратбекқызы