Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:34, 15 Наурыз 2023

Мемлекет халық үніне құлақ асып жүр ме?

None
None

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ерекше атап өткен еді.

Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың талап-тілектеріне, өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруі тиіс деген болатын.

Билікке халықтың сенімі толық емес екені анық, десек те халықтың үнін билік тыңдап, нәтиже көрсету үшін мақсатты жобалар жүргізіліп келеді. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктердің тұрғындар мәселесін шешу барысында немқұрайдылық танытпай, шын пейілмен жұртқа көмек қолын созуы маңызды. Мұндай қарым-қатынас жиі көрініс берсе, халықтың билікке деген сенімі артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауындағы мақсат та осыны меңзейді. Жолдауда мемлекет басшысы бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, түйткілді мәселенің шешу жолдарын да көрсетіп өткен болатын.

Табысы төмен, бала-шағасы көп отбасыларға баспаналы болудың қиын екені сөзсіз. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен осындай әлсіз топтарға жататын отбасыларға баспана ұсыну мақсатында елімізде бірнеше жыл бойы «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асты. Бастапқы жарнасы он пайыздан аспайтын, үстемақысы 2 пайыз ғана болған мемлекеттік бағдарламамен көптеген отбасы баспаналы болып, жағдайларын түзеп алды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ел тұрғындарының проблемалары мен талап-тілектерін әрдайым алғашқы орынға қоюды мақсат қояды. Тұжырымдама негізінде мемлекетте адам құқығының бұзылмауын басты назарға алу көзделген. Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформа адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайта бастады. Бір айта кетерлігі, елімізде Конституциялық сот қалпына келтірілді. Бұл сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысқа кірісті.

Кейбір заңдар өзінің азамат ретіндегі конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді деп есептейтін кез келген адам конституциялық сотқа жүгініп, әділдік іздей алады. Негізгі заңға енгізілген мұндай түзетулер еліміздегі адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін күшейте түсті. Конституцияға осыған орай жаңа бап қосылды. Омбудсмен президенттен басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар алдында есеп бермейтін болды. Бұл омбудсменнің еркін жұмыс жасауымен қатар, халыққа жақын болатынын көрсетеді. Еліміздің әр өңірінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жергілікті өкілдіктерін ашу туралы шешім қабылданды. Бұл кейбір қиын мәселеде әр есікті бір жағалап, әділдікке қол жеткізе алмай жүрген жандар үшін қолайлы қызмет болары анық. Құқықтық жағынан жұртқа қол ұшын созу – олардың билікке деген сенімін нығайтпақ.

Тегтер: