Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 12 Қыркүйек 2024

«Мемлекетке сап-сау бала беріп, сүйегін алдым». Баласы армияда қаза болған ананың әңгімесі

Арсен Ишанов пен Толқын Ғалымова
Фото: Толқын Ғалымова

Jas Alash порталында «Баламды үкіметке сеніп тапсыра алмаймын! Қазақстан армиясы – Барсакелмес пе?» деген мақала шықты. Онда елде сарбаз өлімі азаймай тұрғанын сөз етіп, баласынан қапияда көз жазған бірнеше ата-ананың арызын жарияладық.

 

Осы мақала шыққан соң редакциямызға Батыс Қазақстан облысынан Толқын Ғалымова есімді тұрғын хабарласып, 12 мүшесі сап-сау армияға аттанған атпалдай ұлы жұмбақ жағдайда суицид жасағанын айтты. 2023 жылғы қарашадан бері әділдік іздеп жүрген анамен шағын сұхбат құрдық. Оның айтуынша, әскери шенділер істі созбаққа салып, нақты жауап бермей отыр. Анасы небәрі 19 жасында өмірден озған ұлының өліміне кінәлілерді таппай, тоқтамауға бекінген.

Азаматымды үкіметке беріп, айырылып қалдым

– Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының тұрғынымын. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет істедім. Төрт баламды жалғыз өзім өсірдім, балаларымның әкесі 10 жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. 2023 жылы 4 сәуірде 2003 жылы туған ұлым Арсен Ишанов әскерге аттанып, Қонаев қаласындағы 32363-әскери бөлімге орналасты. 7 айдан кейін баламнан айырылып, қайғыдан қан жұтып қалдым.

Ұлым армияда жүрген 7 ай бойы ақша сұраумен болды. Әрі өте жиі сұрайтын, 2-3 мың теңгеден бастап, 20-30 мыңға дейін. Жағдайын сұрасам, «пойдет» деп қана жауап беретін... Сонда шын жағдайды айта алмай, «төзуге болады» деп қана тісін-тісіне басып жүрген екен ғой.

Мамыр айында оның Алматыда әскери ант қабылдауына бардым. Сол кезде баламның қатты өзгеріп кеткенін байқадым – әрекеттері де, көзқарасы да біртүрлі болды. Мен одан не болғанын айтуын өтіндім. Қатты уайымдадым. Ол ештеңе айтқысы келмеді, тек мен қайтатын уақыт жақындағанда жігіттердің арасында болып жатқан істі сөз етіп отырғысы келмейтінін айтты. Мен амалсыз оны жігерлендіріп, аман-есен үйге оралғанын күтетінімізді ғана айтып, қайтып кеттім.

Шілде айына қарай сұрайтын ақшаның көлемі арта түсті. Біреу әлімжеттік жасап жүр ме деп сұрадым, бірақ ол бұл жолы да ештеңені ашып айтпады. Тек жаздың ортасында басқа бөлімге ауысқысы келетінін айта бастады. Бірақ ауыстырудың өзі көп ақша тұратынын естідім. Басшыларына хабарласып, баламды басқа бөлімге ауыстырып беруін сұрағанымда командирі «әскер балабақша емес, анда-мында ауысып жүруге болмайды» деп қысқа қайырды.

Балам қиналып жүргенін сезіп, оны көріп қайтқым келді. Бірақ отбасылық жағдаймен бара алмадым. Үйдің жалғыз асыраушысы өзіммін, жұмыстың бәрін тастап, Оралдан Қонаевқа бару қиын болды. Сол кезде бармағаныма, баламды көзіммен көріп, жағдайын білмегеніме әлі өкінемін.

Күн өткен сайын балам ақша сұрауды жиілете берді, сомасы да өсті. Қыркүйек, қазан айларында 50-55 мыңнан сала бастадық. Ақшаны әртүрлі нөмірлерге жіберетінбіз. Менен бөлек, апайынан, туыстарымыздан және достарынан үнемі ақша сұрап жүріпті. 2 қараша күні менен 100 мың теңге сұрады. 2-4 қараша күндері шырылдап, кластастарынан ақша сұрапты. Достарына армиядағы жігіттермен тіл табыса алмай жүргенін айтқан екен.

Сөйтіп жүргенде 7 қараша күні қаралы хабар естідім. Командирі хабарласып, «балаңыз гараждың ішінде өзіне қол салып, әскери көліктің шынжырына асылып қалды» деді. Аялап өсірген баламды үкіметке беріп, айдын-күннің аманында айырылып отырмын. Содан бері 11 ай өтті, ісі тергеуде деп әлі созып жүр. Құқық қорғау органдары әу баста қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша қылмыстық іс қозғаған, бірақ дәлелдердің болмауына байланысты тергеу ісі аяқсыз қалды. Мен берген деректерді жоққа шығарып, «балаң өз-өзіне қол жұмсады» деп айта береді. Өзі асылған деген экспертиза қорытындысын шығарып берді.

Толқын Ғалымова мен Арсен Ишанов
Толқын Ғалымова ұлымен бірге. Фото: Толқын Ғалымова

Әскердегі қылмыс ашылмайды

Мен баламның өзі асылғанына сенбеймін. Себебі ол атасы мен әжесінің тәрбиесін көрген, суицид жасау дінімізге жат әрекет екенін жақсы білетін. Адам тығырыққа тіреліп, жағдай шешілмейтін деңгейге жеткенде ғана мұндай әрекетке барады деп ойлаймын. Менің балама да солдаттар немесе басшылары қысым көрсетіп, тығырыққа тірелген соң осындай қадамға барды деп ойлаймын.

Балам қайтыс болған соң құзырлы органдарға бірден арыздандым. Қонаев прокуратурасына, бас прокуратураға арыз жаздым. Қорғаныс министрлігіне де шағым түсірдім. Олардан іс тергеуде деген ақпарат қана келді. Бірақ бұл тергеуден нәтиже шығады деп ойламаймын. Өйткені айғақ аз. Бала өзі суицид жасады деп қорытынды шығаратын сияқты. 11 айдан бері күтіп отырмыз. Тергеу амалдары біткен жоқ, бірақ үмітім аз. Көбі әскердегі қылмыс ашылмайтынын айтады. Мұндай өлімнің себебін анықтау қиын. Бірақ үміт үзбей, Алладан тілеп отырмыз.

Ата-аналар тобындағы кісілердің айтуынша, олардың балалары да үнемі ақша сұраған. Менің балам қайтыс болған соң ақша сұрау сап тыйылыпты. Ал саптастарының көбі балам жайлы айтуға көнбей отыр. Тек бір сарбаз баламның жолдастарынан қорлық көргенін, сержанттардан жиі таяқ жегенін айтты. Осы жағдайлардың бәрі оның өліміне себеп болды деп ойлаймын.

Балам білімге құштар еді. Кітап оқитын, ішімдікке, темекіге әуес болған жоқ. Еңбекқор бала болатын. Мен баламды армияға өлсін деп берген жоқпын. Азамат етіп өсіріп, енді қызығын көрем деп отырғанда көз жазып қалу оңай болған жоқ. 4 баламды аузыммен тістеп жүріп өсірдім. Отан алдындағы борышын өтесін деп жіберген ұлымнан айырылып, 11 айдан бері қайғыдан қан жұтып отырмын, көзден жас, көңілден қайғы кетпейді. Басшылары баламның суицид жасағанын ғана айтады. Одан басқа еш ақпарат ала алмай отырмын, тергеу де аяқталмады, іс сотқа жетпеді.

Арсен Ишановтың суреті мен әскери формасы
Арсен Ишановтың суреті мен әскери формасы. Фото: Толқын Ғалымова

Баламның саптастары менен бірдеңені жасырып жүрген сияқты

Балама екі рет телефон алып бердім. Бірақ ол өз телефонымен сөйлесе алмайды. Басқа телефонмен хабарласады. Көптеген таныс емес, белгісіз нөмірлерге ақша аудардық. Бір балаға 10 рет салған кезіміз болған. Мен сол адамнан күдіктеніп, тергеушіге айттым. «Ерсін деген балаға 10 мәрте ақша аудардық, соны неге тексермейсіздер, біреу ақша жинап жүрген шығар» дегенімде, тергеу жүріп жатқанын ғана айтты. Балалар борышын өтеп болып, тарап кеткен соң тергеуден не пайда?! Оның көбі нөмірін ауыстырып немесе өшіріп тастаған. Ұлыммен бірге болған сарбаздар менімен сөйлескісі келмейді, менің нөмірімді бұғаттап тастаған. Соған қарағанда араларында айтуға болмайтын, басшылар айтпауды талап еткен бір әңгіме бар сияқты. Ешкім басына бәле тілеп алғысы келмейді, сол үшін менен қашқақтап жүр. Демек, іште күдікті жағдай болғаны анық.

Әрине, мемлекетте әскер болу керек, елдің амандығы, шекараның бүтіндігі үшін армия қажет. Бірақ әскерге реформа жасамай болмайды. Қызметін асыра пайдаланатын офицерлерді жұмыстан шеттету керек. Президент тәртіпті күшейтуді тапсырды. Бірақ ол жақтың өз ережесі бар. Қайғылы жағдайлардың бәріне әскердің өз ішіндегі келеңсіздіктер, тәртіптің нашарлығы себеп болып отыр. Менің балам да озбырлық пен заңсыздықтың құрбаны болды. Өлімнің беймәлім жақтары әлі көп.

Әскерде жағдай қиын. Біреу өліп, біреу комаға түсіп жатыр. Осындай оқыс оқиға көп болып жатқандықтан, халық алаңдап отыр, баласын армияға жібергісі келмейді. Біз сияқты баласынан айырылған аналар БАҚ-қа ашық сұхбат бергендіктен, үлкен резонанс болып жатыр. Қазір ешкім баласын үкіметке сеніп тапсырғысы келмейді. Үкіметке сенгеніме әлі өкінемін. Менің баламды әскерге үйден күштеп алып кеткен. Сол кезде оны жібермеуге күш салуым керек еді деп өкініп отырмын.

Мемлекетке сап-сау бала беріп, сүйегін алдым. Үкіметіміз адам өміріне неге атүсті қарайды? Біздің балаларымыздың құны жоқ па, олардың обалы жоқ па? Ұлым Отан алдындағы борышын өтеймін деп кетіп, осындай жағдайға ұшырап отыр, ал әскери басшылар менің қоңырауыма жауап та бермейді...

Әңгіме барысында әділдік іздеп жүрген ананың көңілі бұзылып, көзіне жас алғанын аңғардық. Ол ұлының өте намысқой екенін, біреулер намысына тиіп, жанын ауыртқандықтан, осындай қадамға барды деп санайды. Ал құқық қорғау органдары жан-жақты тергеу жүргізуге құлықты емес. Оларға армия басшыларының былығын ашқаннан гөрі, істі мұрқұм сарбаздың өз мойнына аударып, жылы жапқан әлдеқайда тиімді. Ал Толқын Ғалымова барлық тексеру амалдары әділ жүргізіліп, кінәлілердің тиісті жазасын алғанын қалайды.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: