Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:07, 10 Қыркүйек 2020

Мемлекетке телмірген банктерді қандай тәуекелдер күтіп тұр?

None
None

     Ресейдің макроэкономикалық сараптау және қысқа мерзімді болжамдар ұсыну орталығының мамандары биыл Ресейде 150-ге жуық банктің банкротқа ұшырауы әбден мүмкін екенін мәлімдеді.

Аталмыш орталықтың сарапшысы Михаил Мамоновтың айтуынша, егер мемлекет тарапынан нақты қолдау болмаса, 2020 жылдың соңына қарай Ресейде 150 банк банкротқа түсудің алдында тұр. Бұған себеп – банктердің жағымсыз несие портфелінің шамадан тыс көптігі, сыртқы қарыздарының қайтарылмауы, мемлекеттік компаниялардың банктер алдындағы ірі борышын өтей алмауы. Мұның барлығы қазірде Ресей банктерінің жағдайын ауырлатып, дағдартып тұр.       Сарапшылардың пайымдауынша, Ресейге банктерін құрдымға кетірмей, ұстап тұру үшін кем дегенде 1 трлн рубль керек. Ал Ресейдің Орталық банкі мен үкіметіне мұндай қаржыны демеу ретінде ұсыну оңай болып отырған жоқ. Бұған қатысты Михаил Мамонов былай дейді: «Банктерді банкроттықтан сақтау үшін көмек көлемі 1 трлн рубльді құрауы керек. Экономикалық ахуалды болжай отырып, біз қазір Орталық банк негізгі мөлшерлемені 37 пайызға дейін өсіруі мүмкін екенін болжап отырмыз. Егер негізгі мөлшерлеме тағы өсетін болса, онда банктер одан әрі қарыздарын қайтара алмай қинала түседі. Қазір Ресей банктерінің Орталық банк алдындағы қайтарылмаған қарызы тіптен еселене түсті».Сөйтіп, ресейлік экономист-сарапшылардың пайымдауынша, Ресей банктерінің Орталық банк алдындағы қарыздарын қайтара алмауы, елде жалпы экономикалық өсімнің жоқтығы банктерді абдыратып тұр. Мұны біздің отандық мамандар да жоққа шығармайды.   – Ресей банктерінің Орталық банк алдындағы қарыздары өз алдына, сыртқы қарыздары да шаш етектен. Ресейдегі ірі компаниялар кезінде Италия, Нидерландия, Германия елдерінен көлемді қарыздар алды. Енді келіп сол қарыздарын қалай қайтаруды білмей жанұшыруда. Жалпы, Ресейдің бұлайша қарызға батуы батыс экономикасына да оңай тиіп отырған жоқ. Егер Ресейдің ірі көлемді компаниялары мен банктері батысқа қарызын қайтара алмаса, мұның соңы батысқа да ауыр соғады. Сондықтан бұл арада 150-ге жуық Ресей банктері шынымен де құрдымға кетудің алдында тұр. Елден капитал қашып жатыр. Инвесторлардың сенімі кетті. Ресей экономикасы тоқырап тұр, – дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

     Ал енді осы жайттарды есепке ала отырып, мамандар біздегі  отандық банктердің тәуекелдігін айқындау үшін стресс-тестіден өткізудің артықтығы болмайтынын алға тартты.

 

                                       Не істеу керек?

   – Бұл банктердің тәуекелдік әлеуетіне берілетін баға. Қазіргідей экономика, халықаралық және тауар нарығы құлдыраған жағдайда біздің банктеріміз өз міндеттерін атқара ала ма?! Міне, осындай стресс-тест жасау керек. Әр банкке қатысты нақты бағдарламалар қайта түзіліп, мүмкін, оның капиталын арттыру керек шығар немесе банкке тәуекелі төмен жүйе қажет шығар, осының бәрі саралануы тиіс, – дейді Тоғжан Шаяхметова.Маманның пайымдауынша, 2010 жылдан бастап АҚШ-та қаржы нарығын реттеу заңы қабылдана салысымен банк секторында ұдайы стресс-тестілер өткізіліп тұрады. Міне, осындай сынақтан былтыр америкалық төрт ірі банк өтпей қалған.  

  – АҚШ-тың ірі төрт банкі стресс-тестіден өтпей қалғаны белгілі. Ресей банктері де, Ұлыбритания банктері де нәтижесін көріп, мұндай тест қорытындыларын жариялаудан бас тартқан. Қаржы нарығы дамып, банк секторы тәуелсіз деген батыстың өзі мұндай сынаққа шыдас бермей жатқанда бізге бейқам отыруға болмайды. Сондықтан бұл арада жалпы қаржы жүйесі мен банктер сүйенетін модельдің ел экономикасына қаншалықты тиімді-тиімсіздігін сараптап, осыдан нәтиже шығарсақ бізге жақсы болар еді, – дейді Тоғжан Шаяхметова.

      Отандық банк жүйесі осал, әрдайым мемлекеттік қолдауды қажет ететінін алға тартқан маман болашақта бұл саланы қатаң бақылауға алу керегін, олай етпесек біздегі банктерді шетелдіктер сатып алып, аталған нарықты жаулап алуы да мүмкін екенін баса айтты. «Сондықтан әзірге банк секторы мемлекеттің қамқорлығында болып отырғанда, үнемі стресс-тест жасап, олардың тәуекелін, капиталдық деңгейін анықтап алып отырған жөн» дейді мамандар.

Тегтер: