«Мемлекеттік БАҚ-ты 70 пайызға қысқартуды ұсынамын»

«Qazaqstan» телеарнасын шулатқан Ербол Мәндібек енді президенттен араша сұрады.
«Мен, Мәндібек Ербол Алашыбайұлы, тәуелсіз журналист ретінде сіздің назарыңызға мемлекеттік БАҚ төңірегінде қордаланған бірнеше мәселені ашық жеткізгім келеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ханым менің көтерген мәселелеріме мүлде мән бермей отыр», – деп бастайды ол президентке жазған үндеуін.
«Мемлекеттік БАҚ басшылары мен жұмыс тәртібіне қатысты сұрақтарым сол күйі жауапсыз қалды», – дейді ол. «Керісінше, соңғы кездері әртүрлі амалдар арқылы маған қарсы «шабуылдар» басталды. Өзіңіз үнемі айтатын, халықтың үнін «еститін мемлекет» қағидаты журналистерге келгенде жүрмей қалады. Мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасында бірнеше жыл жұмыс істедім. Атқарушы биліктің экономикадағы епсіздігін әрі әлеуметтік проблемаларды шешудегі әлсіздігін желіде ашық жазғаным үшін сөгіс те алдым. Мемлекеттік телеарна менің сөз бостандығыма ішкі ережелерімен шектеу қойды. Осындай келеңсіз жайттарға шыдамым таусылып, екіжақты келісіммен жұмыстан «мәдениетті түрде қуылдым». Менің пікірлерімді, ұсыныстарымды қоғамда мыңдаған адам қолдап тұр. Бірақ жауапты мемлекеттік органдар мән берер емес. Басқа амалдың жоқтығынан сізге үндеу жолдауға мәжбүр болдым», – дейді журналист үндеуде.
Оның пікірінше, мемлекеттік БАҚ қоғам алдындағы маңыздылығын жоғалтты. Осы салаға жауапы медиа менеджерлер мәселені ашық мойындағысы келмейді.
«Сізге тікелей айтар бірнеше ұсынысым бар. Мүмкін болса, уақыт тауып, жеке қабылдауыңызды сұраймын.
Ұсыныстарымның алғы реті мынандай:
* БАҚ туралы қолданыстағы заң заман талабына сай емес, оны өзгерту керек. БАҚ туралы заңды шенеуніктер емес, белсенді журналистер жазуы тиіс деп есептеймін.
* Журналистердің этикасы туралы кодекстің күшін жою қажет. Себебі мұндай ереже демократиялық мемлекеттің қағидаларына қайшы.
* Мемлекеттік БАҚ-тың шығындары шамадан тыс. Халықтың есебінен қаржыландырылатын газет, телеарна, радио, сайттардың саны тым артық. Басшылық құрамның жалақысы мен сыйақысы күллі жұмысты атқаратын қатардағы тілшіден бірнеше есе көп. Бұл әділетсіздік.
* Мемлекеттік БАҚ-қа тәуелсіз аудиторлық тексеріс жүргізуді тапсырыңыз және барлық мемлекеттік БАҚ-тағы сөз бостандығын шектейтін ережелерді алып тастауды тапсырыңыз.
* Мемлекеттік БАҚ-ты 70 пайыз қысқартуды ұсынамын. Жыл сайын 70-80 млрд теңге жұмсалуда. Өзіңіз басы артық шығындардан арылуды жиі айтасыз. Мемлекеттік БАҚ-тың саны азайса, басқа бәсекелестік орта автоматты түрде пайда болады.
* Журналист – жер мен көктің арасындағы мамандық болып тұр. Дәрігер, полиция, мұғалім, әскери қызметші мемлекеттен жеңілдіктер мен әлеуметтік пакет алады. Ал қатардағы қарапайым тілшілер «мәдениетті қайыршының» нақ өзі. Сондықтан журналистердің мәртебесін заңмен айқындап беруіңізді өтінемін.
Биыл өз атыңыздан ақпараттық саланы дамытуға қосқан үлесім үшін арнайы алғыс хат жолдапсыз. Алдым, ол үшін көп рақмет айтамын. Сізбен президенттік пулда жүріп, соңғы рет Ресейдің Омбы қаласында және Германияның Мюнхен қаласында іссапарда болдым. 15 жыл көлемінде мемлекеттік ақпараттық саясатқа атсалыстым. Бірақ мемлекеттік БАҚ бүгінде бюджетке үлкен шығын әкеліп, қоғам алдындағы маңыздылығын жоғалтты. Сондықтан бұл сала үлкен реформаны қажет етіп тұр», – деп жазады Мәндібек.
Дау төркініне тоқтала кетсек, 34 жастағы журналист Ербол Мәндібек мемлекет иелігіндегі «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан «өз еркімен» қызметтен кеткен болатын. Жай кетпей, 10 жылдан астам уақыт бойы президент пулында хабар таратып, кейінгі үш жылда арнайы тілші болған Мәндібек енді телеарна басшылығы мен оның редакциялық саясатын сынаушыға айналды.
Журналист соңғы жылдары билікке қарсы сыни жазбаларын жиілеткен. Ақпарат министрлігі «тілшінің өз еркімен жұмыстан кету туралы өтінішінен кейін екіжақты келісімшарт тоқтатылды» деп құтылды. Тілшінің өзі «жұмыстан кетпес бұрын, жазбалары үшін ескерту алғанын» айтты.
Журналист Ербол Мәндібек Азаттық радиосына берген сұхбатында «Qazaqstan» телеарнасы өз тілшілерінің сөз бостандығын қалай шектеп отырғаны, редакциялық саясатқа Ақорда мен ақпарат министрлігінің қалай араласатыны, митингілер кезінде арна тілшілеріне қандай тапсырма берілетіні туралы айтып берген еді.
«Бір ауыз сөзбен айтқанда, шыдам таусылды. Бұдан әрі мұндай арсыздыққа, мұндай бетсіздікке бара алмайды екенмін. «Qazaqstan» арнасында үш жарым жылдан астам уақыт істедім. Ол жерде халықтың мәселесі бірінші кезекте көрсетілмейді, билік тапсырмасы орындалады, яғни әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға басымдық беріледі. Телеарна ішіндегі жиналыстарда басшылыққа: «Құр қарап отырмай, ашылайық, көрсетейік, жазайық», – деп айттым. Мысалы, ашынған көпбалалы аналар көшеге шықты. Әкімшіліктің, министрліктің, тіпті Ақорданың алдына дейін барды. Сол жөнінде біз «бұл мәселе не үшін туып жатыр» деген сұраққа ашық жауап іздеген жоқпыз. Тек ақпарат министрлігінен «митингіні түсіріңдер» деген тапсырма келеді. «Арандатушы адамдарды аңдып, ондай адамдар болса, соларды түсіріңдер» дейді. Президент сайлауынан кейінгі шерулерді, көпбалалы әйелдер митингілерін микрофонсыз, белгісіз ақпарат құралы ретінде түсіріп қайтасың. Мысалы, өзім көпбалалы әйелдер Ақорда алдына барғанда оларды видеоға түсірдім. Бірақ ол еш жерде жарияланбады», – дейді шағымданған журналист.