Мемлекеттік қызметке іріктеуде – Президенттік жастар кадрлық резервінің маңызы зор
Еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап кәсіби, мықты маман қалыптастыруға барынша тырысуда.
Өйткені мықты маман – іргесі берік мемлекеттің кепілі деуге болады. Сондықтан мемлекетті мықты кадрлар арқылы күшейтуге тырысқан еліміз түрлі бағдарламалар қабылдап, кадр сапасын арттыруға ден қойып отыр. Осы орайда Орталық Азияда жоқ «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының да негізгі мақсаты елімізде мықты мамандар қалыптастыру болатын. Қазір «Болашақты» бітірген мамандар еліміздің игілігі жолында жемісті еңбек етуде. Кадрларды іріктеуде Президенттік жастар кадрлық резервін құру бастамасының да маңызы зор болып отыр.
Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. Сол кезден бастап қолға алынған бастама бүгінде жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналып, еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға үлкен мүмкіндік беретін бірегей жоба ретінде танылып отыр. Кейін жобаның сәтті болғанын алға тартып, президентіміз «Елімізде жоғары білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтырады. Менің бастамам бойынша құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек», – деп айтқан болатын.
Осыған дейін мықты басшылық орындарға, лауазымды мемлекеттік қызметтерге тамыр-таныс арқылы ғана жету мүмкін деген түсініктер болса, Президенттік жастар кадрлық резервін құру арқылы бұл салада ашықтық, жариялылық бар екеніне көз жетті. Заманауи, өзіне сенімді және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген бұл жоба қазір осындай артықшылығымен құнды болып отыр. Яғни тамыр-таныстан бұрын, шын мықты өзін дәлелдеп, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда өзін ұсынуына болады. Сәйкесінше, ең алдымен Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралып тағайындалады. Бұл жастар арасындағы бәсекелестікті де арттырып, білімі мен біліктілігі тайталасқан шын мықтылардың танылуына ықпал етеді.
Атап өтер жайт, бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Резервте тұрған тұлғалар ҚР президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында, одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады. Бұл олардың жан-жақты шыңдалуына да әсер етеді.
Бұл туралы саясаттанушы Толғанай Асқарқызы: «Мемлекеттік қызметкерлер – мемлекеттің айнасы. Егер қандай да бір мемлекеттік қызметкерге сын айтылса, онда бұл халықтың тұтас шенеуніктерге деген ренішін тудырып жатады. Сондықтан мемлекеттік қызметке баратын кадрларымызды шыңдап, шын мықтыларды анықтауымыз қажет. Қазір Президенттік жастар кадрлық резервіне жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Сондай-ақ олардың жоғары білімді, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің болуы, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білуі талап етіледі. Алдағы уақытта орташа деңгейде емес, мемлекеттік тілді жоғары деңгейде білуіне талап күшейіп, қырғыз еліндегідей мемлекеттік тілді білуіне талап қоя білсек дұрыс болар еді. Президенттік жастар кадрлық резервін құра отырып, біз шенеуніктерге қойылатын талапты да күшейте аламыз деп ойлаймын», – дейді. Білікті кадрлар ел болашағының жарқын кепілі деген ұстанымдағы елдің үміті ақталғай!