Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:55, 31 Наурыз 2022

Мемлекеттік тіл: кім жеңеді – халық па, билік пе?!

None
None

Жақында Парламент депутаттарына мемлекеттік тілді оқытуға ел бюджетінен 27 миллион теңге сомасындағы қаржы бөлінгені туралы ақпарат шығып, оның арты қызу пікірталасқа ұласқан болатын-ды.

Жалпы, басты міндеті – еліміздің қолданыстағы заңнамасын жетілдіру, қажеттілікке сәйкес, жаңа заңдар шығару болып табылатын Парламент депутаттарын мемлекеттік тілге оқыту қаншалықты ақылға қонымды дүние. Еліміздің мемлекеттік тілін білмейтін азамат қалай халық қалаулысы болып жүр?!

Осы және аталмыш тақырыптағы басқа сұрақтарды белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім ағамызға жолдаған едік.    

Дос аға, мемлекеттік тілді білуді заңмен міндетеу қаншалықты қисынды?

– Отыз жылдан кейін, әр адам бір жағына шығып, өзінің таңдауын жасау керек сияқты. Ол үшін бұл – жеткілікті уақыт.  Егер осы уақытқа дейін қазақ тілін үйрене алмаса, үйренгісі келмесе – ол да таңдау. Демек, унитарлық елдің мемлекеттің тілін нақты заң баптарымен талап етуі – дұрыс дүние. Оның үстіне, бұл адам құқына да, халықаралық заңдарға да қайшы келмейді. Иә, көптеген өркениетті елдердің заңында мұндай талаптар жоқ та шығар, себебі мемлекеттік тілді білу – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондықтан оны заңға енгізбейді. Аксиоманы заңға айналдыру – ақымақтық. Алайда, заң арқылы ешкімді мәжбүрлемей-ақ, мемлекеттік тілге қажеттілік жасауға толық мүмкіндік бар.

Біздің заңымызда «мемлекеттік тілді білу – парыз», деген сөз тіркесі бар, бірақ 2010 жылы қабылданған «Ел бірлігі» доктринасына сәйкес, мемлекеттік тілді білу – қазақстанның азаматтарының міндеті. Кейбір өркениетті елдердің заңдарында мемлекеттік тілді білу талабы заңдарда нақты көрсетілген. Өз басым, демократия талабын ұстанушы ретінде, кез келген тілді білу мәселесін заң арқылы міндеттеуді дұрыс деп айта алмаймын. Бірақ белгілі бір лауазым иесінің мемлекеттік тілді білу деңгейін заңдастыру – адам құқығына қайшы келмейді. Бұл – қызметтік талап болып саналады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қойшы болғың келсе, қазақ тілін меңгеру деңгейін растайтын сертификаттың ешқандай қажеті жоқ, ал халықпен тікелей қарым-қатынас жасайтын қызметке кіру үшін қазақ тілін белгілі бір деңгейде білуге міндеттісің.

2016 жылдан бері депутаттардың қазақ тілін үйренуіне 286 млн теңге бөлініпті   вырезка

Америка не Англиядағы оқу орына түсу үшін ағылшын тілін TOEFL немесе IELTS  деңгейінде білетініңді растап, сертификат алуды талап ететінін бәріміз білеміз және оны біздің құқымызды бұзып отыр деп айта алмаймыз. Егер француз тілін «С» не «С+» деңгейінде меңгермеген болсаңыз, Париждегі атақты Сорбонна университетіне құжатыңызды да қабылдамайды. Қысқасы, заң арқылы міндеттеу емес, тіл білуді талап ету шарттары бірінші орынға шығуы керек.

Орыстың тілі қазақтың сүйегіне сіңіп кеткен бе, біздің шенділер ана тілін неге жатырқайды?

– Бұның сыры өте қарапайым. Егер олардың балалары, немерелері қазақ тілін менен де артық білетін болса, олар қазақ тілін жатырқамас еді. Олар өздері немесе балалары білмейтін тілдің қоғамда өмір сүруіне қарсы. Олар қоғам толығымен өздері жақсы білетін орыс тілінде жұмыс істегенін қалайды. Оған ренжуге де болмайды. Өйткені біз де қоғамның өзіміздің қазақ тілінде жұмыс істегенін қалаймыз. Бұл текетіресте, Конституциядағы «халық билігі» деген сөз рас болса, 70 пайыздан асқан қазақ халқының көзқарасы жеңіп шығатыны анық. Бірақ билікте орыстілділер отыр.

Қысқасы, біздің алдымызда билік жеңе ме, әлде халық жеңеді ме, деген сұрақ тұр.  

Миллиардтаған қаржы бөлінген қазақ тілі неге өз тұғырына көтерілмеді?

– Бұның да жауабын бәріміз білеміз. Ол қаржы қазақ тіліне қажеттілік жасауға бөлініп жатқан жоқ, қазақ тілін үйретуге, оның әдістемесін дамытуға бөлініп жатыр. Егер қоғамда белгілі бір тілді үйренуге қажеттілік жоқ болса, оны ешкім үйренбейді, оқымайды. Егер сол ақшаны Қуат Ахметов пен соның тәсілін қолданушыларға берсе, тілдік ахуалды өзгертуге болар еді. Қысқасы, әңгіме қаржыда емес, оның қандай мәселеге жұмсалуында деп білемін.

Парламент депутаттарына мемлекеттік тілді үйретуге ақша бөлу халық қалаулыларының арына сын емес пе?

– Сын емес, ұят. Егер мемлекеттің заң шығару органында отырған азамат өз мемлекетінің тілін білмесе, ол – не патриот деген сөзді ұқпайтын, не Отаны, не елі жоқ қаңғыбастардың біреуі, не қазақ тілін үйренгісі келмейтін, қазақ тілін мойындамайтын шовинист. Мен осы жылдардың ішінде қазақ тілін меңгеріп алған мыңдаған басқа ұлт өкілдерін білемін. Ал олардың қасында парламент депутаттарының білмеуі – ақылға қонбайтын, сорақылық. Мен оларды оқытуға ақша бөлуге қарсы емеспін. Тек мемлекеттік тілді үйренуге келген депутаттар арқаларына «осы уақытқа дейін қазақ тілін үйрене алмаған ақымақпын» деген жазуы бар күртеше киіп келсе, болғаны...

Тегтер: