Мемлекеттік-жекешілік әріптестік кәсіпкерлерге не береді?

Қазақстанда мемлекеттік-жекешілік әріптестік (МЖӘ) аясында жүзеге асқан жобалардың басым көпшілігі әлеуметтік салаларды, оның ішінде – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сияқты салаларды қамтиды.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) экономикалық дамуға инвестицияларды тартудың маңызды құралы. МЖC-тің негізгі мақсаттары – халықтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік серіктес пен жеке серіктестің тиімді өзара әрекеттесуіне жағдай жасау. Бұған қоса, инфрақұрылымды және халықтың өмірін қолдау жүйесін дамыту үшін мемлекеттік серіктес пен жеке серіктестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестицияларды тарту. Халықтың сондай-ақ басқа да мүдделі тараптардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының деңгейін арттыру. Мемлекет кәсіпкерге – жеке серіктеске заңнамаға сәйкес, заттай гранттар беру, МЖС жобаларын бірлесіп қаржыландыру, МЖС жобасын іске асыру барысында өндірілген тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін мемлекет тұтыну кепілдіктері қарастырылған. МЖӘ білім беру саласында белсенді дамып келеді. Мәселен, былтыр 2020 жылдың шілдесіне дейін жасалған 786 МЖӘ шартының 56 пайызы немесе 437 бірлігі осы салаға тиесілі. Шамамен, 115 млрд теңге соманың шарттары жасалды. Былтыр қаңтар-мамырда өткен жылдардың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, білім беру саласы МЖӘ жобаларының саны жағынан да көшбасшы болып қала берді. Білім беру саласындағы МЖӘ жобаларының жартысынан астамы – мектепке дейінгі ұйымдар. Бүгінгі таңда 70 млрд теңге сомасында 240 МЖӘ шарты жасалды. Биыл оқушы орындары санын ұлғайту үшін – 200 мектеп құрылысы жоспарланды.
«Механизмі ретінде бюджеттен нысаналы құрылыс, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы, сондай-ақ жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру көзделген. Құрылыс жұмыстары әкімдіктердің құзырында заңды түрде жүргізіледі. Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру мақсатында барлық білім беру ұйымы «бұлтты бухгалтерияға» көшуі тиіс», –дейді Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова. Осы жобалардың шеңберінде жаңа құрылыс, ғимараттарды мектепке дейінгі мекемелерде қайта жаңарту жүзеге асырылды, оларды қалпына келтіру, жаңғырту және пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілді. МЖӘ сенімгерлік басқаруға беру, жалға беру, т. б. форматында жүзеге асырылды.
Шынында да мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары ең көп іске асырылып жатқан өңірлердің бірі – елорда екенін де айта кеткен жөн. Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің өзге аймақтарынан адамдардың тартылыс нүктесі болғандықтан, бас қаламыздағы халықтың саны да үлкен қарқынмен артып келеді. Ішкі миграцияның есебінен, қала халқының саны соңғы жиырма бес жылда бес еседен аса көбейді. Бұл қосымша инфрақұрылым көлемін ұлғайтуды, әлеуметтік нысандар ішінен мектеп, балабақша, емхана мен ауруханалардың санын көбейтуді талап етуде. Бұл қажеттіліктердің бәрін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен өтеу – мемлекетке артық салмақ салатыны белгілі. Осы ретте, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында білім беру мекемелерін, балабақша, денсаулық сақтау нысандарын салу ісі жолға қойылды. Қазіргі таңда құрылысы басталып, іске қосылып жатқан осындай нысандардың жартысына жуығына мемлекеттік-жекешелік әріптестік тән екенін айта кеткен жөн. 2019 жылы еліміздің бас қаласында үш ауысымда оқитын сегіз мектеп болатын, ал 2020 жылы олардың саны екі есе азайды. Оқу орындарының шамадан тыс жұмыс істеу проблемасы айтарлықтай азайды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында соңғы екі жылда қаланың түрлі ауданында 12 мыңнан астам оқушыға арналған 18 білім беру нысаны ашылды. Елордада 2021 жылы тағы 15 мектеп мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен де, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және жеке инвестициялар көзінен де салынатын болады. Қабылданып жатқан шаралар елордадағы мектептердің жетіспеушілік проблемасын шешуге мүмкіндік береді.
Мемлекет өз тарапынан тиісті жобаны қаржыландыруға қатысуы мүмкін немесе елдегі заңнамалар аясында заттай гранттар бере алады. Кейде жеке сектордан тартылған әріптестің қалауымен ортақ жоба аясында өндірілген өнімнің бір бөлігін сатып алу немесе тұтынуға кепілдік беруі мүмкін. Мұның бәрі ортақ келісімшарттың ішінде айқын жазылуы тиіс.
Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік заңнамасына сәйкес, жеке сектордан тартылатын әріптес конкурс арқылы немесе жеке келіссөздер арқылы айқындалады. 2021 жылғы 2 қаңтарда осы саладағы негізгі заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, аукцион арқылы да серіктесті айқындайтын принцип пайда болды. Сондай-ақ жобаны іске асыру мерзімі де өзгертілді. Бұрын аталған мерзім үш жылдан отыз жылға дейінгі аралықты қамтитын болса, бүгінде бес жылдан отыз жылға дейінгі аралыққа созылуы мүмкін. Яғни орындаудың ең төменгі мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұзартылды.