Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 04 Ақпан 2022

«Мемлекеттіктен» мән қашты...

None
None

Соңғы жылдары халықтың мемлекеттік бастамаларға, мемлекеттік бағдарламамен қолға алынатын іс-шараларға сенім қашып барады.

Өйкені мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер сапасыз, халықты жұмыспен қамту, несиелендіру бағытында қолға алған шаралары нәтижесіз, жетер жеріне жетпейді. Сондықтан мемлекеттен күдер үзген халық бір-біріне өздері көмектесіп, «өз жарасын өздері жалап жазуға» машықтануда. Соның дәлелі баласы ауырып, шекараның арғы бетінен ем керек болса да, баспанаға мұқтаж болса да, кәсібіне қолдау керек болса да халықтан көмек сұрайтындардың қатары артуда. Өйткені мемлекеттік қамқорлықтан «ай жақын» болып тұр.

Шын мәнінде, емге зәру баланы емдетуге мемлекет тарапынан арнайы квота қарастырылған, МӘМС жүйесі де жұмыс істеп, ай сайын медициналық көмекті қолжетімді ету үшін халықтың қалтасын қағуда. Бірақ бәрібір медициналық көмек халыққа қолжетімсіз күйінде қалып отыр. Жылдап көмек күткенше, ауру асқынып кететіндіктен, халықтың қайырымдылығына үміт артқан оңай болып тұр.

Ондаған жылдар бойына халықты баспаналы ету бағытында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, миллиардтаған қаржы бөлінді. Бірақ алғашқы жылдары жемқорлық араласып, біреулер қос-қостан үйлі болып, шын мұқтаждың қолы жетпеген бағдарлама әлі күнге халықтың баспана мәселесін шеше алар емес. Айналып келгенде, «аспаннан киіз жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмайдының кері». Мемлекеттен мән қашқанының бір дәлелі мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасыздығынан, қараптан қарап, құлауының, бір жағына қисаюының да куәгері болдық. Мемлекет халықтың өз ақшасына сапалы үй де салып бере алмай отыр. Шын мәнінде, мемлекеттік қадағалаумен салынған үйлер талапқа сай болуы керек емес пе?! Біздің елімізде керсінше, қазір жекеменшік құрылыс компанияларының үйі әлдеқайда сапалы. Бірақ бағасы қарапайым халықтың қалтасы көтере алмайтын дәрежеде. 

Сол секілді халықты жұмыспен қамтуды көздейтін, әр жылдары түрлі атаулармен «жүзеге асырылған», 2011-2020 жылдары жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламаларына 750 миллиард теңге жұмсалып, 1 миллион 768 мың адамды қамтығанымен нәтижесі нөл болып отыр. Бюджеті миллиардтарды құраған мемлекеттік бағдарламалар нақты зауыт, кәсіпорындар ашып, халықты жұмыспен қамту орнына, қаржыны мақсатсыз жұмсаған. Былтыр мәжіліс депутаттары да «Осы уақытқа дейін жұмыссыздық мәселесін шеше алмаған ведомство құр сандарды сөйлетіп отыр, біздегі шынайы жұмыссыздық деңгейі анағұрлым жоғары», деп он жыл бойына миллиардтарды желге ұшырып, жұмыссыздық мәселесін көзбояушы цифрлармен бүркемелеп келген министрлік жұмысын сынға алған болатын. Аты дардай, нәтижесі нөл мемлекеттік бағдарламалардың сиқы осы болған соң, халықтың да мемлекеттік бастамалардан көңілі қалды.

Қазір мүмкіндігінше, халық кез келген қиындықтан ортадан қаржы жинап, бір бірін демеп, алып шығуға үйреніп келеді. Алдыңғы жылы елімізге індет кіріп келгенде, бетперде мен дәрі-дәрмек жоғалып кетіп, халық ақша жинап, өкпені желдету аппараты мен дәрі-дәрмекті шекараның арғы бетінен өз бетінше жеткізуге тырысуы да соның айғағы болатын-ды. Жылдар бойына миллиардтарды жұтқан медицина саласының індет кезінде дәрменсіздігі мен халыққа медициналық көмек көрсетуге қауқарсыздығы ештеңемен ақтап алуға келмесе де халық алдында есеп берген ешкім болмады.

Қазақтың бас ауруына айналған баспана мәселесі де қарапайым халыққа жыл өткен сайын қолжетімсіз дүниеге айналып отыр. Амал жоқ, халық бұл тығырықтан да өз бетінше шығуға тырысуда.

«Харекет» қайырымдылық қорының халыққа сыйлаған 561-ші үйі!

Жақында ғана әлеуметтік желіде «бір-ақ арманым бар, оны орындасаңыздар, өскенде, қайтарып беремін» деп жылап тұрып, халықтан үй сұраған 9 жастағы Оразымбеттің сөзіне талай жан қосыла жылаған еді. Қарт әжесі, зағип анасы және екі кемтар ағасымен жалдамалы үйде тұратын Оразымбет көп ұзамай, үйлі болды. Оразымбетті іздеп барып, көмекке мұқтаж екенін анықтаған «Харекет» қайырымдылық қорының Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы жауапты өкілі Серік Дарбышев анасы 8-9 жасында шешек ауруымен қатты ауырып, көзі көрмей қалғанын, ал екі ағасы туғаннан кемтар екенін анықтаған. «Мүгедектік бойынша жәрдемақы мен әжесінің зейнетақысына күн көріп келген. Анасы мен әжесі бармаған жері, баспаған тауы жоқ, еш жерден жәрдем ала алмағанын айтты. Әкесі жоқ, жетпейтін қу дүние, жұмыссыздықтан, ішімдікке салынып, тастап кеткен екен» дейді ол. Өмірдің тауқыметін ерте сезінген  4-сынып оқушысының арманын екі апта ішінде орындаған «Харекет» қоры халықтан жиналған ақшаға Шымкент қаласынан 30 миллион тұратын 5 бөлмелі жер үй алып берді. Үй маңында мектеп, балабақша, аурухана бар. Үйге газ, жарық, су сияқты коммуналдық қызметтер де қосылған көрінеді. Одан бөлек, Оразымбетке – 5 миллион теңге сертификат берген. 18 жасқа толғанша, шешілмейтін депозитті кейін оқуына, үйленгенге және басқа да қажеттілігіне жарата алады. Мұнымен де шектелмей анасының жарық дүниені кайта көргенін қалайтын баланың арманына орай, алдағы уақытта анасын дәрігерге көрсетіп, жазылуға мүмкіндік болса, ота жасатып беруге де шешім қабылдап отыр екен.

Атап өтерлік жайт, бұл «Харекет» қорының елге сыйлаған 561-інші үйі! Адам өлмесе, жергілікті әкім қаралар мен билігі де тегін үй сыйлауды білмейтін елімізде осы уақытқа дейін 561 отбасы халықтың арқасында үйлі болған. Мемлекеттен үмітін үзсе де, құдайынан үмітін үзбей қалтасындағы соңғы қаржысын қайырымдылық қорына аударған қарапайым халықтың арқасында осынша адам үйлі болған.

«Дәулеттен» қайырымдылық қоры мұқтаж жандарға 43 баспана

 Сыйлады

«Дәулеттен» қайырымдылық қорының негізгі мақсаты мұқтаж жандарды баспаналы ету. 2020 жылы құрылып, халыққа осы уақытқа дейін 42 баспана алып берген. Кешегі аптадағы жұма күні «Қайырымды жұма» акциясын ұйымдастырып, қарапайым халық пен меценаттардың арқасында 9 баланы дүниеге әкеліп, үлкен баласы көлік апатынан қайтыс болған қазіргі таңда 8 баласы бар Сүтбаевтар отбасына қаржы жинады. Бір жұмада 8 миллионнан астам ақша жиналып, еріктілер Алматы облысынан үй іздеуге де кірісіп кеткен көрінеді. Келесі аптада «қоныс тойы» деп қуанып отырған қор құрылтайшылары онымен шектелмей, Сүтбаевтар отбасына 2 сиыр алып беруді де жоспарлап отыр екен.

«Дәулеттен» қайырымдылық қорының директоры Нұрсұлтан Орыналыұлы «Астанамызда «Қайырымды қала» атты әлеуметтік кешеніміз бар. Әл-Фараби атамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» трактатының негізінде осынай бастаманы жүзеге асырдық. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби атамыздың заманынан бері қайырымды қала қағидасы берік мемлекеттің негізін құрайтын бір фактор ретінде қарастырылған. Өйткені қайырымды отбасынан басталған істер қайырымды қоғамды қалыптастырады. Ал қиналғанда бір-біріне қол ұшын созатын қайырымды қоғам берік, мызғымас мемлекеттің кепілі. Сондықтан халқымыздың бойынан қайырымдылық қасиеті жоғалмағанына разымын» дейді. Расында да қайырымдылық жасауды әдетіне айналдырған қарапайым халық миллиондардың тиыннан құралатынына көздері жеткен.

Халыққа 12 үй сыйлауға мұрындық болған Рысбала

Жекелеген блоггерлер де халықты баспаналы етуге кіріскені байқалады. Солардың бірі Рысбала Икрамбай. Жаңа жылға дейін 10 ана мен 2 әкені, олардың – 52 ұл мен қызын үйлі қылған. Қазір де жары қайтыс болған, бес балалы жалғызбасты әкені баспаналы қылу мақсатында қайырымдылыққа қаржы жинап жатыр екен. Сәт сайын жиналған қаржының есебін беріп, қаржы жиналған соң, үйді тауып, мұқтаж жанның атына аударып беріп қана қоймай, қоныс тойын тойлап, үйіне бір айлық азық-түлігімен қоса, ыдыс-аяқ, балаларының киіміне дейін бүтіндеп, баспананың барлық керек-жарағын түгелдеп беретіні үшін халық жақсы көреді. Адалдығына сеніп, қайырымдылыққа қаржы жинауды халықтың өзі сұрап жатады.

Біз бірнешеуін ғана тіздік. Ал мұқтаж жандарды баспаналы етуге тырысып жүрген блоггерлер мен қайырымдылық қорлары жетерлік. Өйткені мемлекет қандай бағдарлама қабылдаса да, он жылдап ол үйдің несиесін төлеуге әлеуметтік жағдайы төмен жандардың шамасы жете бермейді. Табысы аз жанұяларға несие де берілмейді. Сондықтан қазақтың баспана мәселесін шешуге халық өзі кірісуде.

«Бай байыған сайын қалтырауық келеді ме»?

Мемлекет басшысы «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында қазақ олигархтары «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына қаржы аударуға асықпайтынын сынға алды. «Бұл салық емес, бұл қайырымдылық, бірақ әрқашан кейбір нәрселерді реттеу керек. Менің білуімше, мемлекет салық салынатын табыстың 3 пайызын белгіледі, бұл, шын мәнінде, ірі бизнеске қатысты», деп олигархтарды қайырымдылық жасауға үндеді. Шетелдің ауқаттыларына қалыпты қайырымдылық ісі біздің байларымызға әлі жат болып отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылдың 16 қаңтары мен 25 қаңтары аралығында қорға – 65 703, қазақстандықтардан – 39,1 миллион теңге,130 заңды тұлға мен ірі бизнесмендерден – 42,1 миллиард теңге түскен. Негізінен, олигархтардың қалтасынан дәмелі қорға қарапайым халық та қаржы аударып жатқан көрінеді. Қашанда «батып ішуге» үйренгендер қайырымдылықтың қайтарымы мол халықтан үйренсе екен дейсің осындайда.

Осылайша халық өз жыртығын өзі жамауда. Бір біріне көмектесіп, мәселесін шешіп, елдің осы бір кезеңінен бірлікпен шығуға тырысуда. Халқымыздың қанында бар жылу жинау, үме, асар деген секілді игі дәстүрлер әлі күнге халықтың бойынан табылғанына қуанасың.  «Қазақстан халқына» қорына жиналған қаржы осы аптадан бастап жұмсала бастайды деп күтілуде. Бізден бір тілек қаржы жоспарланған жеріне жетсе екен. Басы бар, аяғы жоқ, тағы біреуді түрмеге қамаумен, «іс бітті, қу кетті» болмаса екен деп тілейміз. Мемлекет жылдап тегін үймен қамтамасыз ете алмай отырған жүздеген қазақстандықты халықтың бір күнде баспаналы етіп, онымен қоймай, «жақсылық қылсаң бүтін қыл» деп бар мәселесіне көңіл аударуы «Қазақстан халқына» қорына үлгі болса екен деп тілейміз… Ең болмаса, мемлекеттің осы бастамасы көздеген мақсатына жетсе екен...

Тегтер: