Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:27, 17 Маусым 2021

Мемлекеттің басты мақсаты – ұрпақ тәрбиелеу

None
None

     Қай заманда болсын келешек қоғамның дұрыс болуы үшін алдымен ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу – басты мәселе.

Ал саналы ұрпақ негізгі тәрбиені кітаптан, газет-журналдардан алып, есейеді. Сондықтан балғындарға рухани ықпал ететін басылымдар шығару  үлкен еңбекті, жауапкершілікті талап ететіні күмәнсіз. Осыған орай, көп ұзамай 100-ші саны жарық көретін «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы, публицист-жазушы Талғат Айтбайұлымен балалар әдебиетінің бүгінгі жайы және өз журналы туралы сұхбаттасқан едік.

— Аға, қазіргі балалар әдебиетінің тынысы қандай? Әңгімені осыдан бастасақ.

— Биыл балалар әдебиетінің жылы деп жүрміз. Оған себепші болған – белгілі балалар жазушысы, Президент сыйлығының иегері Бейсенбай Сүлейменов. Ол кісі биылғы жылдың 5 қаңтарында бұл тақырыпты үлкен мәселе етіп көтеріп, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына: «Балалар әдебиеті әлсіреп, жас ұрпақ рухани аштыққа ұшырап отыр, газет-журналдардың таралымы өте аз, санаулы ғана кітаптар шығады. Өткен жылы балаларға қатысты 5-6 кітап жарық көрді. Бес-алты кітап деген не болады? Сол себепті келер жылды Балалар әдебиеті жылы деп атасақ», – деп хат жолдаған болатын. Сол ұсынысы қолдау тапты.  Осыдан ай жарымдай уақыт бұрын мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жүргізуімен онлайн-конференция өтті. Оған әр аймақтан белгілі балалар басылымдарының редакторлары мен балалар жазушылары, кітапхана қызметкерлері мен мұғалімдер қатысты. Араларында мен де болып, «Жыл – он екі айға» байланысты өз тарапымнан біраз ойымды айттым.

        Қазір қазақ басылымдарының барлығының ауруы – таралымның аздығы. Оған өткен жылы үлкен себепші болған коронавирус індеті десек, тағы бір себеп – бірден-бір таратушы ұйымымыз «Қазпошта» дер едім. «Қазпоштаның» өзі қиын, күрделі жағдайды бастан кешуде. Республика бойынша көптеген ауылдардағы бөлімшелері жабылды. Алматыдан аудан-аудандарға «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Айқын» дейсіз бе, басқадай басылымдар дейсіз бе – бәрі жеткізіледі, ал одан әрмен қарай газеттердің таратылуы тіпті қиындайды. Пошта бөлімшелері жабылған, таратушылар жоқтың қасы. Бұрын бір шаруашылықтың үш бөлімшесі болса, үшеуінде үш пошташы қызмет көрсететін, бүгінде сол үшеуінің орнында бір-ақ адам қалған. Оның алатын айлығы 15-20 мың теңге. Қазіргідей қиын, ақша құнсызданған заманда 15-20 мыңға кім жұмыс істейді? Әрі 200-300 үйге ол қайтіп үлгеріп, газет тасиды?

    Кеңес Одағының кезінде мерзімдік басылымдарға қатты мән берілетін. Өйткені олар партия мен үкіметтің саясатын жүргізетін. Осы реттен алғанда, бүгінгі газет-журналдар да Қазақстан мемлекетінің саясатын жүргізіп отырған жоқ па?! Мәселен, «Жыл – он екі ай» журналы жарық көріп жатқан 20 жылдан астам уақыттан бері ұрпақ тәрбиесіндегі рухани құрал ретінде мемлекет саясатын жүргізіп келе жатыр. Балаларды рухани азғындамай, тәрбиелі, тәртіпті, бір-біріне қайырымды, мейірімді болып есеюіне азды-көпті ықпал етуде. Бұл үлкен халықтық мәселе. Ал мемлекеттің басты мақсаты саналы ұрпақ тәрбиелеу емес пе?!

— Дұрыс айтасыз. Енді өзіңіз бас редакторы болып отырған «Жыл – он екі ай» журналының шығу тарихына келсек. Жұмыс қалай басталды?

— Журналдың тарихы өткен ғасырдың 60-жылдарынан тамыр тартады. «Жыл – он екі ай» деген атпен әдеби-танымдық күнпарақ кітап болып шықты. Өзі жылына бір-ақ рет жарық көретін. Қалың мұқабалы кітап 10 мың таралыммен барлық кітап дүкендері мен кітапханаларға жөнелтілетін. Он  мың деген ол кезде үлкен таралым еді. Осылайша 30 жыл бойы тоқтаусыз шығып тұрды. Кейін Кеңес өкіметі ыдырап, нарық қиындығы алқымнан алған кезде қаржы тапшылығына байланысты басылым жабылды. Отыз жыл бойы балаларды да, ұстаздар мен ата-аналарды да рухани байытып келген кітап 10 жылға тоқтап қалды.

        1997 жылы «Тоғанай Т» деген өз баспамды аштым. Арада үш-төрт жыл өткенде Мұзафар Әлімбаев пен Құрманбай Толыбаев ағаларым мені әңгімеге шақырды. «Бар өмірлерін балалар әдебиетіне арнаған Сапарғали Бегалин, Сансызбай Сарғасқаев, Бердібек Соқпақбаев, Жақан Смақов, Әнуарбек Дүйсенбиев секілді кісілермен «Жыл – он екі айды» дәстүрлі кітап етіп едік. Талғат, сен осыны қолға алшы. Осы кітапты шығарсаң, ешқашан өкінбейсің. Бұл сенің қазақ балалары үшін жасаған ең бір сауапты ісің болады», – деген соң, өтініштерін екі етпей қолға алдым. Сөйтіп, 2001 жылы қалыңдығы 200 беттік қылып, баяғы «Жыл – он екі айдың» дәстүрлі үлгісінде 7000 таралыммен елге ұсындым. Алайда басқа жаққа апаратын мүмкіндік болмай, тек Алматыда ғана таралды. Кітап сататын дүкендер жұмыс істемеген соң, газет сататын жерлерге өткіздім.

          Сөйтіп жүргенде еліміздің түкпір-түкпірінен атыма хаттар ағылып келе бастады, кейбіреулері телефонмен хабарласты. Сол хаттардың бірінен «Талғат-ау, «Жыл – он екі айды» тек Алматының ұл-қыздары ғана оқи ма? Ол республиканың барлық өңірлеріне керекті кітап қой. Біздің мектепте «Жыл – он екі айдың» тәуелсіздік кезіне дейін шыққан кітаптары тұр. Енді жаңарып шыққан үлгісін де көргіміз келеді» дегенді оқыған соң, сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбаевқа хат жазып, журнал ретінде тіркетіп алдым. 2002 жылы «Қазпоштамен» келісімшартқа отырып, мерзімдік басылым етіп тарата бастадым. Жазылушылар көбейді. Журнал қолына тиген мұғалімдер ой-ұсыныстарын айтып хат жазды. «Мектептерде мерекелік кештер көп өтеді, біз қажетті сценарийлерді өзіміз құрастырып әлек боламыз. Ақын-жазушыларды, қолынан жазу келетін тәжірибелі ұстаздарды осы жағына пайдаланып, материалдарын көптеп берсеңіздер» дейді. Содан соң басылымның бірінші санын баяғы дәстүрлі әдіспен шығарып, екінші санын мектептегі мерекелерге байланысты құрастырдым. Онда мектептегі алғашқы қоңыраудан бастап, соңғы қоңырауға дейінгі іс-шаралардың барлығын қамтыдым. Берілетін материалдардың араларына балаларды қызықтыратын әңгіме, ертегілер мен қызықты жаңылтпаш, жұмбақтарды, санамақтарды, басқа да танымдық мақалаларды кіріктірдім.

        Журналды алты ай сайын шығатындай кестеге ендіріп, екі жыл тараттым. Ол да аздық ете бастады. Оқырмандарды көбірек тарту мақсатымен 2004 жылдан бастап жыл маусымдарына орай, көктем, жаз, күз, қысқа арнап төрт рет шығаруға кірістім. Күндердің күнінде екі ай сайын шығармай болмайтынына көзім жетті. Өйткені басылымды көктемнен бастап, жылдың соңғы екі айы мен жылдың басқы екі айында туған ақын-жазушыларға қатысты мерейтойлық материалдарды мезгілінде бере алмай жүрдім. Осындай себептермен «Жыл – он екі айдың» аралық екі саны қосылды. Ол екеуі де негізінен таза әдеби-танымдық журнал болды. Балаларға арналған кітаптар азайған кезде, өз ойымша да, қаламгерлердің пікірінше де, бұл өте пайдалы шешім болды. Бүгінде журналымыз әр екі ай сайын үлкен-кішінің бәрінің қолына тиетін, өз оқырмандары қалыптасқан белгілі басылым.

— Журналды шығаруда қандай қиындықтарға кезігесіз?

— Бұл да әдейілеп айта кететін мәселе. Әу баста 7000 таралыммен шығарып едім, сол кітаптардың бәрі өтіп кетті. Журнал ретінде тіркелгеннен кейін, жазылым арқылы тарала бастады. Бөлшек саудаға да шығардым. Алматының әкімі қаладағы дүңгіршектердің бәрін құртты. Жер-жердегі пошта бөлімшелерінің жұмысы әлсіреді. Соның салдарынан сатылымға шығарылатын журналдарым азайған үстіне азая берді. Ақыр соңында оны біржолата тоқтатуға тура келді.

     Басылымды, негізінен, жазылымның ақшасына шығаруға тырысамын. Ақиқатын айтқанда, ол ақша жетпейді.  Қаржы жетпеген соң, біреудің кітабын жазғаннан алатын қаламақымды жұмсаймын, оның мүмкіндігі болмай жатса, жеке баспамнан түсетін азын-аулақ қаржыны өз аузымнан жырып, айлық алмай, бар асыл уақытымды арнап балалар үшін еңбек етіп жүрмін. Биыл – 21-ші жыл, оқыған оқырмандардың барлығы мақтайтын, разылық білдіретін осы журналды тоқтатпай елге ұсынып келемін.

    Бұрынғы кеңестік кезеңде ақын-жазушылар бай, тұрмысты болатын. Қаламақыларымен ғана ғұмыр кешетін. Қазір қаламақы дегенді мүлде ұмыттық. Көптеген газеттерге жазғандарым бет-бет болып шығып жатады, бірақ ешқайсысынан қаламақы дәметкен емеспін. Өйткені ондағы әріптестерімнің жағдайларынан хабардармын, жалақылары төмен, соған қарамастан, елдің қолжазбаларын өңдеп, жөндейді, бүкіл ойларын сарқып мақала жазады. Оларға штатта қызмет істегені үшін қаламақы қояды. Ол да түк емес. Мемлекет қаржыландыратын, өз жөндерін жөндеттіріп, мақтататын газет-журналдардың сиқы сондай болғанда, ешқандай сүйеушісі, тіреуіші жоқ «Жыл – он екі ай» журналының тоқтаусыз әрі мезгілінде жарық көріп тұрғанына, шыны керек, кей-кейде өзім де қайран қаламын. «Е-е, Жаратушы иеміз бізді жебеген екен, менің жас ұрпақ үшін жасап жатқан жанкешті  еңбегімді қолдайды екен» деймін ішімнен. Сөйтіп, өзімше күш аламын.

   Біздің әрбір санымызда 60-70 автордың жазғандары қамтылады. Әбден іріктелген, екшелген дүниелер. Журналымыздың солай жасанып, мазмұнданып шығатынына тұрақты оқырмандарымыздың да әбден көзі үйренген. Авторларымыз да іріктелген. Солардың бірі де бірегейі – қызылордалық Жеткерген Әбдірейұлы деген қарт ұстаз. Өзі күнде балалар арасында жүргеннен кейін, олардың психологиясын, ойлау деңгейін, сөйлеу машығын жақсы меңгеріп алған, куә болатын қызықты оқиғаларын қалт жібермей қағазға мөлдіретіп түсіреді де, кешіктірмей бізге жібереді. Ұл-қыздар әлгі әңгімелер мен мысалдарды қызыға оқиды.

   Жалпы алғанда, ең мықты оқырман – балалар. Олар оқығанын ешқашан ұмытпайды. Өлеңнің авторын айтып береді, әңгімені жазған жазушыны да жадында сақтайды. Әрбірден соң шығарма авторларының аты-жөнін білудің өзі білімге жатпай ма? Мәселен, «Балдырған» журналында Бейсебай Кірісбайұлы көп жыл қызмет етті. Артында мол мұрасы қалды. Мықты сатирик болатын. Жұмбақтары мен жаңылтпаштарын журналымызда жиі береміз. Өтепберген Ақыпбекұлы, Балтабай Әділов және басқа да өз бағаларын ала алмай кеткен ақын-жазушылар қаншама! Солардың қай-қайсысы да «Алаш» әдеби сыйлығына, тіпті одан да зор марапаттарға лайық еді. Кезінде бәрінің ескерусіз қалғанына іштей өкінемін. Біреулер «өй, балалар жазушысы ғой, ақыны ғой» деуі әбден мүмкін. Бірақ сол шіркіндер балаларға арнап жазудың өте ауыр екенін сезіне бермейді. Қызық үшін жазып көрсінші! Балалардың тілімен сөйлеудің өзі ауыр. Ал жазудың машақаты тіпті ауыр екенін осыдан-ақ ұға беріңіз.

— Журналдың кішкентай авторларымен қалай жұмыс жасайсыздар? Белгілі бір бағыт-бағдар беріп отырасыздар ма?

— Журналымызға тек үлкендер ғана емес, балалардың өздері де жазады. Олардың жан-жақтан жіберетін өтірік өлең, жаңылтпаш, сөзжұмбақ, ертегі, әңгімелерін де үзбей жариялап отырамыз. Мәселен, биыл жыл басында Орал қаласындағы №14 орта мектептен Таңжұлдыз Аманшина дейтін 3-сыныптың мұғалімі журнал бойынша тапсырма беріп, шәкірттерін жазу өнеріне машықтандыруға көмекші құрал ретінде пайдаланатынын жазып, шәкірттерінің жазбаларын жіберді. Сол жазбаларды үстінен бір қарап, басылымның талабына сәйкестендіріп, журналымыздың екінші санында топтама етіп жарияладық. Олар маған таралым жағынан көмек берсе, мен олардың материалдарын басып, бәрін қуандырдым. Қараңызшы, бұл мұғалім үшін де, шәкірттер үшін де пайдалы нәрсе емес пе?

    Бүгінде уақыт басқа. Ел хат арқылы емес, электронды пошта арқылы хабарласқанды ұнатады. Жан-жақтағы авторларымыз материалдарын да дәл солай жіберіп, хабарласып, пікірлесіп отырады. Бізге келген қай автордың да жазбасы із-түзсіз кетпейді.

— Журналдың қазіргі таңдағы таралымы қандай?

— Қазір «Қазпошта», «Евразияпресс», «Эврикапресс», «Ернұрпресс» секілді газет-журналдар таратумен айналысатын серіктестіктермен, ұйымдармен жұмыс істейміз. Кезінде «Қазбаспасөз» деген мекемемен де дәл солай келісімшарт арқылы жұмыс істегенбіз. Бұл біздің журнал шығаруды жаңа бастаған кезіміз болатын. Сол уақытта даңқы дүркіреп, бүкіл республикада жақсы аты шыққан баспасөз тарату орталығы талайларды зар жылатып, жазылушылардың ақшасын жеп кетті. Бізді де сан соқтырған. Осыдан үш жыл бұрын «Евразияпресс – Қызылорда» деген бір серіктестік дәл солай жасады. Оқырмандардың обалына қалды, олардың бізге деген ықыласын өзгертті. Себебі жазылым ақшасын есепшотымызға түсірмегеннен кейін, біз де қаржысы төленбеген журналымызды жібере алмадық.

    Саналы өмірімді балалардың рухани азығы үшін арнаған соң, олардың жаздырып алатын журналдарының қолдарына уақтылы тигенін қалаймын. Әрі журналға өскелең ұрпақтарымыз қатарынан қалмай, ақылды болып өссе екен деп, танымдық әңгімелерді барынша көбірек беруге тырысамын.  Одан соң ешқашан ескірмейтін, қай заманда да мәнін жоймайтын материалдарды беруді ойлаймын. Сол себепті «Жыл – он екі ай» журналында бүгінгі биліктің саясаты берілмейді.

 Осы жерде айта кетейін, бұрынғы «Жыл – он екі айдың» мазмұны көбірек саясиландырылған болатын. Ол кезде Пионерлер күні, Ұлы Октябрь мерекесі, Лениннің туған күні деген секілді атаулы мерекелер мен революционерлердің өміріне қатысты мақалалар көп ендірілетін. Кеңес өкіметі аренадан кеткен соң, оның бәрі түкке қажетсіз болып қалды. Ленинді де күресінге лақтырып тастап, оны да оқымайтын болдық. Идеялары керемет болғанымен, бүгінгі саясат басқа. Сондықтан да біз журналымызға балалардың миын улайтын саясатты жолатпай,  мәңгілік ескірмейтін ертегі, әңгіме, жаңылтпаш, жұмбақ, қанатты сөздер секілді ұл-қыздардың ой-өресін өсіруге қажетті материалдар беруге барынша ден қоямыз. Осы жағынан алғанда, біздің «Жыл – он екі ай» нағыз ұлттық идеологияға негізделген басылым. Бұл журналды оқыған бала тілге үйір болады, халықтық ұғымдарды қанына сіңіреді, салт-дәстүрімізді меңгереді, елін, жерін сүюді, үлкендерді құрметтеуді, айналасына жанашырлықпен қарауды ойына ұялатып өседі. Журналымыз осындай ерекшеліктерімен бүгінгі қазақ баспасөзінде алатын өзіндік орнын қалыптастырды. Ісіміз жеміссіз емес, осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан Журналистер академиясының балаларға арналған ең үздік басылым аталымы бойынша «Алтын жұлдыз» сыйлығын жеңіп алсақ, араға жыл салып жыл сайынғы берілетін ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығының дипломымен марапатталдық. Бұл біздің жанкешті еңбегімізге берілген әділ баға деп білемін.

— Мемлекет тарапынан журналға, жалпы, балалар әдебиетіне қандай да бір көмек беріліп тұра ма?

— Мемлекет тарапынан 21 жылда 21 тиын да алған емеспіз. Осы мәселені балалар жиынына қатысты онлайн-конференцияда министріміз Ақтоты Райымқұловаға қаратып: «Сіздердің қажетті газет-журналдарды жаздыртуға мүмкіндіктеріңіз көп. Мәселен, республикадағы 8000-нан астам қазаққа қатысты мектептердің әрқайсысына бір-бір данадан «Жыл – он екі айды» бір-ақ жылға жаздыртып берсеңіздер, бұл Балалар әдебиеті жылында жасаған ең керемет жақсылықтарымыз болар еді. Жазылым бағасы қымбат емес, небәрі жылына – 2300 теңге ғана. Ең өкініштісі, «Жыл – он екі ай» деген журналдың бар екенін білмейтін директорлар да, мұғалімдер де ұшырасады. Әлгіндей жақсылық жасасаңыз, ең әуелі солардың көзін ашар едіңіз», – дедім.

   Балалар кітап оқымайды дейміз, жоқ, балалар оқиды. Бұрын да солай болған, бүгін де дәл солай. Оларды оқыту үшін ең бірінші директорлар, мұғалімдер, ата-аналардың өздері кітап оқығыш, газет-журнал жаздырып алғыш болуы қажет. Сол кезде ғана балалар оларға қарап оқуға талпынады, үлкендерге ұқсап бағады. Бір сөзбен айтқанда, әр мектептің кітапханасында, әр үйдің кітап сөресінде біздің журнал сияқты балақайлар үшін аса қажетті басылымдардың тұрғанын қалаймын. Бұл өз журналымды жарнамалау үшін айта салған жаттанды сөзім емес. Олай болатыны, ішінде 100 жылдан соң да құндылығын жоғалтпайтын дүниелер толып жатыр. Сондықтан да журналымыздың ең  бірінші саны жарық көрген кезде оның беташар сөзіне Мұзафар Әлімбаев «Ескірмейтін ескі кітап» деп ат қойып, ақ жарылған мақала жазған. Қаншама ұрпақты тәрбиелеп өсіріп, рухани азық болған журналымызда тілге де, дінге де, ғылымға да қатысты материалдар жеткілікті. Осы жағы ескерілгені шығар, «Жыл – он екі ай» Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы ғалым-ұстаздарының сараптауынан өтіп, әдістемелік оқу құралы ретінде де тіркелген.

Тағы бір айта кетер сөзім, Мұзағаң «Бұл қыздың жасауына ілесіп баратын қазына кітап қой» деп те баға берген еді. Сол Мұзағаңның айтқан сөзінен аласарған жоқпыз. Бүгінгідей журналымыздың 100-ші саны жарық көріп жатқан кезде марқұм Мұзаға мен Құрағаға үлкен ризашылығымды білдіремін. Олар осы басылым үшін көп еңбек сіңірді. Дүниеден өткендерінше журналымыздың белсенді жанашыры болды.

— Алдағы уақытта балалар шығармашылығына орай қандай жоспарларыңыз бар?

— Журналдың 20 жылдан астам уақыттан бері жарық көрген сандарын тақырыптық, жанрлық жағынан саралап, сериялы кітап етіп шығарсам ба деймін. Мәселен, «Жаңылтпаштар» деп бөлек кітап,  «Санамақтар», «Ертегілер», «Әңгімелер» деген сияқты атаулармен «Жыл – он екі айдың» кітапханасын жасағым келеді. Осы ойларымды жүзеге асыруға ең әуелі мемлекетіміз мүдделі болса екен деймін. Биыл – Балалар әдебиетінің жылы, сондықтан ғана емес, жыл сайын осы мәселеге айрықша мән беру керек. Өйткені балалар – болашағымыз. Солай болғаннан кейін балалардан ештеңені аямау – бәріміздің адами міндетіміз.

— Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер: