Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 23 Ақпан 2022

«Мемлекеттің мәселесін мемлекеттің тілінде айтуымыз керек»

None
None

ҚР Президентінің «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбаты туралы

Кім не десе, о десін, Тоқаев күннен-күнге бұрыннан да бетер биіктеп келеді. «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатын өз ұлтына – қазақ халқына, қазақтілді аудитоияға арнауы соның бір мысалы.

(Бұрынғы үкімет басшысы А.Маминнің қолына жазып берілген қазақша мәтіннің бірауыз жолының өзін дұрыстап оқи алмай кеткені әлі естен шыға қойған жоқ. «Екімен» оқитын бастауыш сыныптың нашар оқушысы құсап, ежелеп отыратын еді ғой сабазыңыз. Жә! Кеткен адамның сыртынан сөз қып, ұсақтыққа бармайық.)

«Халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін» принципін ұстанатынын ұғынықты түсіндірген президенттің қазақтілді тележурналиспен болған сұхбаты тез арада бітіп қалған сияқтанғанын тұщымды әңгімеге тоймай қалатын қазақи болмысымызға жатқыздық.

Өйткені, сең қозғалды. Адам қарым-қатынасының ең маңызды құралы саналатын Тіл төңірегіндегі құрсау мұз ери бастады. Осы ғұмырына дейін көбінесе, дипломатиялық іспен сыртта жүріп, өз тіліне қажеттілік тумағандықтан, өзге тілдің бәрін шемішкеше шаққан мемлекет басшысы енді шын ниеттенген адамның кез келгені мемлекет тілін тез меңгеріп кете алатынын дәлелдеп, Ана тіліне күрт бетбұрыс жасап, үлгі көрсетті.

Президент ел көкейінде жүрген көп сауалдарға жауап берді. Ең басты тақырып – «Қаңтар қасіреті» сұхбаттың кең талқысына түсті. О баста, бейбіт шеруге шыққан халықтың адал мақсатын өздерінің арам пиғылды мүдделеріне оңтайлы пайдаланып үлгерген бұзақы топтардың жүгенсіздігінен орын алған жаппай тәртіпсіздік, өртеу, тонау, кісі өлімі, басқа да көптеген іс-әрекеттер қазір толығымен зерттеліп, тексеріліп жатқаны мәлім. Дер кезіндегі пәрменді шаралар арқылы мемлекет тұтастығын сақтап қалғанымызды алға тартқан Қ.Тоқаевтың ресейлік кейбір солақай саясаткерлердің солтүстік өңірлерімізге қатысты сілекейлері шұбырған алып-қашпа сөздеріне де нүкте қойды. ОДКБ әскері жайлы даулы-дақпыртты түгел естіп отырмын деген ол кісі «Путинге қарыз боп қалдық дегенге келсек, бұл –  бос әңгіме, Солтүстік аймақтағы жерлерге қатысты Ресеймен ешқандай мәселе жоқ және болмайды, ресми Кремль бұл қағидатқа берік», деп нық байламмен тіке кесіп айтқанда, еңсеміз кәдімгідей көтеріліп қалды.

Ал қаралы күндер туралы қазір өте ауқымды тергеу жұмыстары жүріп жатқанын, Бас прокуратура ақпаратты жүйелі түрде таратып отырғанын, сондықтан да қандай да бір нәтиже туралы айтуға әлі ерте екенін ескерткен Мемлекет басшысымен келіспеске болмас. Өйткені, бұл асықпай, мұқият атқарылатын өте күрделі іс. Халықты мазалап отырған сұрақтарға көп ұзамай, жауап берілетініне, халықтан жасыратын құпияның болмайтынына сендірді Президент.

«Олигополия – бұл экономика саласындағы саны шектеулі адамдардың үстемдігі деген сөз. Біздегі осындай жағымсыз үрдісті көпшілік, әсіресе, кәсіпкерлер жақсы біледі. Бұл шынайы бәсекеге, жалпы айтсақ, әділеттілікке кедергі болып отыр. Осы мәселені шешпесек, экономикамыз дамымайды, ішкі саяси ахуал мүлдем нашарлап кетеді. Сондықтан менің басты мақсатым – экономикада болсын, саясатта болсын, монополияны мейлінше жою. Одан біржола құтылған жөн. Бұл, әрине, оңай емес бірақ міндетті түрде осы жұмысқа кірісуіміз керек. Басқа жол жоқ», – деп атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, заңды мойындағысы келмейтін азаматтар аз емес», деген сөзімен бізде қатты белең алған құқықтық нигилизмге қынжылыс білдіріп, заң үстемдік құратын әділетті қоғамды қалыптастыру үшін бар күш-жігерін аямайтынын баса айтты.

«Әкімнің бәрін ауыстыру – менің негізгі мақсатым емес. Негізгі талап – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан қажеттілік болса, тиісті кадрлық шешім қабылдаймын. Міндетті түрде өзгерістер болады. Расында, көп нәрсе жақсы кадрға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп, жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығарсақ та, дұрыс болмайды. Саяси тазалауға барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес. Сондықтан бірте-бірте бұл жұмысты жүргіземіз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстандағы»  кадр мәселесіне қатысты сауалдар төңірегінде де толымды ой білдірді.

Айтпақшы, сұхбат арасында Мемлекет басшысы қаңтардағы жағдай қайталануы мүмкін екенін ескертті. Өйткені, қарақшыларда қару-жарақ та, қаржы да бар. Жалпы, әлем елдеріндегі практика көрсеткендей, жаулар тыныштықты бұзу үшін елдің ішінен, наразы адамдарды, соның ішінде, әсіресе, жұмыссыз, бос жүрген жастарды таңдап алады. Сосын, оларды арнайы үйретеді. Олар әбден дайындалып алған соң, бүлік шығарады. Біздің елде де жағдай тура осылай болды. Арнайы алдын ала дайындалған террорлық шабуыл жасалды. Бүлікшілердің басты мақсаты – елдің тыныштығын бұзып, мемлекеттік төңкеріс жасау болды. Президенттің дер кезінде қабылдаған батыл шешімдерінің арқасында біз елімізді, Қазақстанымызды сақтап қалғанымызды білеміз.

«Аузы күйген үрлеп ішеді», деген халықпыз. Енді ондайға жол беруге болмайды. Оған бүкіл қазақ жауапты. Себебі, бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған кең байтақ жеріміздің тыныштығы, еліміздің амандығы – біздің баға жетпес байлығымыз. Оны қорғау, сақтау әрқайсымыздың қасиетті борышымыз болуы тиіс.

Тегтер: