Мемлекеттік кеңесші Конституцияда Қазақстан халқын егемендіктің иесі ретінде бекітуді ұсынды
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бесінші отырысында сөз сөйледі. Ол жаңа Конституция жобасының негізгі мазмұндық ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды.
Мемлекеттік кеңесші өз баяндамасында Конституцияның мазмұндық өзегін толық жаңартудың маңызын атап өтті. Өйткені дәл осы құжат еліміздің қоғамдық дамуының базалық құндылықтарын, қағидаттары мен бағдарын айқындайды.
Ерлан Қариннің айтуынша, Негізгі заң мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізілуіне қарамастан, шешуші мәнге ие мәселе – Конституцияның жаңа концептуалдық мазмұны.
«Соның айқын мысалы ретінде Преамбуланы айтуға болады. Бұл – бұрынғы мәтіннің жаңартылған нұсқасы емес. Комиссия талқылауындағы нұсқа – Президенттің жуырда жариялаған тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленген, мағынасы мен ішкі рухы жағынан мүлде жаңа преамбула», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланып отыр. Ал бірлік пен келісім, этносаралық және конфессияаралық татулық Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде айқындалған.
«Соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатты аялау сияқты құндылықтар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр», – деп атап өтті Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Конституцияның кіріспе бөлігінде алғаш рет Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи жолы мен өркениеттік бастаулары нақты көрсетілген.
«Яғни, Преамбуланың кейбір сөйлемдері ғана ауысып, үтір-нүктесі ғана өзгерген жоқ. Жаңа преамбула өткен тарихи тамырымызды құндылық ретінде айқындап, бүгінгі уақыттың негізгі қағидаттарын нақты белгілеп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдарды бекітіліп отыр», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Жаңа Конституцияның мазмұндық ерекшеліктеріне тоқтала келе, Ерлан Қарин Негізгі заңның өзекті идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар белгіленгенін айтты.
Оның сөзінше, бұл – мемлекеттің болашағы табиғи ресурстармен емес, адам капиталы мен азаматтардың жетістіктерімен айқындалатынын көрсететін түбегейлі бетбұрыс.
«Осылайша, Жаңа Конституция “Мемлекет не үшін керек, кім үшін керек?” деген сұраққа нақты жауап береді деп ойлаймын», – деді ол.
Маңызды мазмұндық бағыттың бірі – цифрландыру. Осыған байланысты жаңа Конституция мәтінінде азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы норма алғаш рет бекітілді.
«Яғни, жеке деректерді қорғау – бүгінде адам құқықтарын қорғаудың жаңа өлшемі ретінде айқындалуда. Бұл Конституцияның болашаққа бағытталғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция келешекте басқа елдер үшін үлгі де, бағдар да болады деп ойлаймын», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин жаңа Конституцияның тағы бір басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлану екенін атап өтті. Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның мағыналық өзегіне айналған.
«Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары туралы бөлім декларациялардың жиынтығы ғана емес, жаңа құқықтық тетіктермен және кепілдіктермен қамтамасыз етілген тұтас жүйеге айналды», – деді ол.
Атап айтқанда, жаңа Конституция мәтінінде адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған арнайы бап алғаш рет енгізілді. Бұл – адвокаттар қауымдастығының көптен бергі негізді сұранысына берілген жауап.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, жаңа Конституция жобасында қазақстандықтардың қоғамдық санасындағы терең өзгерістерді көрсететін жаңа қоғамдық құндылықтар да нақты белгіленген.
«Мысалы, соның бірі – дін мен мемлекет аражігінің нақты ажыратылуы. Жаңа мәтінде мемлекеттің зайырлық сипаты нақты бекітілген. Жаңа редакциядағы Конституцияның 5-ші бабында «Дін мемлекеттен бөлек» деп нақты жазылған», – деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол білім беру мен тәрбие беру жүйесінің зайырлы сипатын бекітетін жаңа норма енгізілетінін атап өтті.
Бұдан бөлек, неке ерікті әрі ер мен әйелдің тең құқылы одағы екені алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіледі.
«Мұндай шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға бағытталған. Екінші жағынан, бұл әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтеді. Бұл, яғни, әйелдердің құқығын қорғау – соңғы жылдардағы қоғамдағы үлкен талап-сұраныстардың бірі. Жаңа Конституция осыған да жауап береді. Дәстүрлі құндылықтарды қорғау адам құқықтарына қарсы емес, керісінше олармен үйлесімді ұштасып отыр», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин жаңа Конституцияда ескірген терминологиялық аппараттың да кешенді түрде жаңартылатынын айтты. Себебі қолданыстағы Конституция 1995 жылы, елдің қалыптасу кезеңінде қабылданып, сол кезеңнің лексикасы мен риторикасын қамтыған.
Ол «мемлекеттік қауіпсіздік», «телеграф», «сословиелік араздық» сияқты бірқатар ұғымдардың бүгінгі күні айқын анахронизмге айналғанын мысалға келтірді.
Сонымен бірге Мемлекеттік кеңесші қолданыстағы Конституцияның Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудағы тарихи рөлін ешкім жоққа шығармайтынын атап өтті.
«Керісінше қазіргі Конституция осы уақыт аралығында еліміздің дамуына үлкен серпін берді. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерге негіз болды», – деді ол.
Алайда жаңа Конституция мәтіні орныққан мемлекеттілікті, қалыптасқан халықаралық беделді, адам капиталына, білімге, ғылым мен инновацияға басымдық беретін, болашаққа нық қарайтын Қазақстанның бағытын айқындайтынын атап өтті.
«Бір сөзбен айтқанда, бұл – болашаққа бет бұрған, ауқымды жоспары мен үлкен амбициясы бар елдің Конституциясы болуы керек», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.