Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 01 Ақпан 2024

Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру керек

ауыл шаруашылығы
Фото:

Президент Қ.Тоқаевтың, үкіметтің және парламент депутаттарының назарына!

Бір сырқаттың себебімен Петропавлдағы облыстық аурухананың жүрек-қан тамырлары аурулары бөлімінен бір-ақ шықтым. Емделушілердің көпшілігі қарттар болды. Кешкілік жағалай диван қойылған кең бөлмеде жиналып қаламыз. Тәртіп бойынша, тоққа жалғанған «ОМРОН» аппаратына кезекке тұрып, әркім өзінің қан қысымын өзі өлшеп, журналға түсіреді екен. Сырқаттың себебінен бе, көбінесе үнсіз, жабырқау отырады. Сондай бір отырыста, көз үйреніскен екі-үш күннен соң: «Елдеріңіз аман ба, қалай тұрып жатырсыздар?» – деп сұрадым. Сөзге бейіл біреуі: «Несін сұрайсыз, ел деген аты ғана қалды», – деді. «Қалайша?» дедім, зерттеп жүрген тақырыбым болған соң.

– Ауылда қарттар ғана қалдық. Жұмыс жоқ. Жастар қалаға кетті. Мал өсірейін десе, шөп жоқ. Жайылым да, шабындық та жоқ. Егін егетін байлар жерді ауылдың іргесіне дейін жыртып тастаған. Осылай өз жерімізде өзіміз зорлық көріп отырмыз, – деді.

Байқасам, әр ауылдан келіп отырған адамдар екен. «Тайынша» ауылынан келген біреуі:

– Жеріміздің пайын егін егетін байға бергенбіз. Егін шықса да, шықпаса да төлеп тұрады, – деді, кәдімгідей «риза» боп. Қарт палатасына кеткенде, тілге келіп отырған қарт: «Ақсақал алданып отыр. Ол бай (латифундисті айтып отыр) тұрғындардың жер пайын әлдеқашан банкке өткізіп жіберген. Шу шықпасын деп ақшасын жасырып төлеп отыр», – деді.

Оның өзі болымсыз тиын екен. ...Қайда барсаң алданған, сорлаған, қайран ауыл?!

Жағдайларын бұдан әрі қазбалап сұрау артық еді.

...Ауруханадан шығып, пойызда, Петропавлдан Қарағандыға қайтып келемін. Жүргіншілер аз болу керек, купеде жалғызбын. Есік ашық тұр еді, бір қарт кіріп келіп жайғасты да, сәлемнен соң әңгімені өзі бастап жіберді.

– Жасым 77-де. Астанаға, туысыма бара жатырмын. Ауылымыз Родина деп аталады. Облыстағы бұрынғы Мал бордақылау бірлестігі. 300-ден астам үй болған. Көпшілік тұрғындар – немістер, поляктар еліне кетті. Ірі шаруашылық еді. «Заготзерно» мекемесі, май заводы болды. Қазір бәрінің орнында үйінді қалды. 100-ден аса үй бармыз. Жұмыссыз жастар қалаға кетіп қалды. Мал өсіруге мүмкіндік жоқ. Жайылым да, шабындық та қалдырмаған. Қожайындар (латифундистер) жерді ауылдың шетіне дейін жыртып тастаған. Тоғыз жылдық мектепте 60 шақты ғана бала қалды. Күзде жабылады деп естиміз. Күнкөріс жоқ. Көпшілігі кредит алып, тамақ ішіп отыр. Күнкөре алмай, отбасын асырай алмай, өзіне-өзі қол салушылар көп, – деді.

Алғашқыда айтып қалғанмен, менің газетке жазатынымды біліп, атын атамауды өтінді...

...Қарағандыдамын. Келгеніме оншақты күн болған. Оңтүстік-шығыс аймағындағы көптен иесіз тұрған автобекеттің қасындағы аялдамаға келдім. Менен сәл бұрын келген, жасы қырықтан ілгерілеу азамат: «Ассалаумағалейкум!» – деп ауызша сәлем берді. Сәлем берді де «маңырап жүрсіз бе?» – деді. Оғаштау сөзге тіксініп, «жоқ, сөйлеп жүрмін» – дедім. «Жұрттың көбі кредитке тамақ ішіп маңырап кетті» – деді. Іле, «құрылыстан, жұмыстан шығып тұрмын», – деді. Қатарымызда 3-4 алты қабатты үйлер салынып жатқан. «Қайдансың?» – дедім. «Абызданмын» (Қарқаралы ауданы). Атын сұрап үлгермедім. Автобусы келді де отырып кетті. Торыққан жүзі, маңдайындағы терең әжімдер жұмыстан емес, кредиттің уайымын паш етіп тұрғандай еді.

...Кредит беруді тоқтатпаса, шектен асып кеткен. Қайтара алмайды. Тоқтатса, жаппай аштық басталып кететіндей. Жеткен жеріміз осы болды!..

Шегініс...

Міне, мен де, жоғарыда өзіммен тілдескен қарттардың бірімін. Жасым 85-те. Осы жоқшылықтың бәрі бұрынғы жемқор билік ауылдың түптамырын қиғандықтан басталған еді. Ауылды «жекешелендіреміз» деп, көз алдымызда шыңырауға құлатты. Олар тек осы үшін ғана өмір бойына түрмеде отыруға тиіс еді. Әлі бостандықта.

Қайтпек керек?

...Ауылдың бетін түзеу үшін не істеу керек?

Тәжірибелі ауыл тұрғынымын. 1961 жылы Қарқаралы зооветтехникумын, 1970 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтының өсімдік қорғау факультетін бітіргенмін.

Күресу керек деп түйгем.

...Әлқисса... Міне, 2017 жылдан бері ауыл шаруашылығына реформа жасау туралы 13-ші мақаламды жазып отырмын. «Айсбергті айналып өткісі келмеген кеме суға кетеді» деген жетінші мақалам шыққанда («Қазақстан дәуірі», 11 сәуір 2019 жыл, №14 (1247)), президент Қ.Тоқаевтың атына арнайы хат жазып, газеттің 2 данасын жолдағам. Онда ауыл шаруашылығында қалыптасқан ауыр ахуалға байланысты ауылдарда Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру туралы жазылған еді. Президент әкімшілігі ол хат пен газеттерді ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдапты. Министрлік маған қайтарған көлемді жауабында (05.07.2019 ж № 1-20-10 (12665) ВК-ТЖ-Р-1608) аталған ұсыныстарым туралы «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құруға қатысты» деген арнайы тақырыпша беріпті. Онда мал азығын өңдірудің деңгейі мен жоспарларын айта келіп: «...Сонымен қатар министрлік қажетті есепті енгізген жағдайда «Мемлекеттік мал азығы бойынша шаруашылықтарды құру тұжырымдамасын қарастыруға дайын» депті. Бірақ бұл тұрғыда үкіметте қозғалыс болмаған соң, мәселені президент Қ.Тоқаевтан бастап, биліктің бес тармағына қайыра жаздым. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы министрлігінен екінші жауап келді (16.11.2020 ж № 2-1-1 ТЖР-100). Онда аталған ұсыныстар туралы: «...Сонымен бірге жем-шөп өндірісі бойынша мемлекеттік шаруашылықтарды құру жөніндегі мәселе қолданыстағы нарықтық саясатқа және «еркін, саламатты бәсекелестік» үшін жағдайлар жасауға жауап бермейді» – депті. Бірінші вице-министр А.Сапаров қол қойған. Ал алғашқы хатқа министр С.Омаров өзі қол қойған. Бір министрліктен екі түрлі, қарама-қайшы жауап. Сонда 4-5 сиыр, оншақты қой-ешкісіне шөп таба алмай отырған кедей кіммен «еркін, саламатты» бәсекелесуі керек? Кімге кедергі жасап отыр? Ауыл тұрғындарының мұндай әлеуметтік тобы кемінде 40 пайызды құрайды. Нарықтық саясат деп оларды қинап, аштыққа итермелеу не үшін қажет? Ауыл ет, сүт, тері, яғни шикізат қана өндіріп отыр. Делдалдардың қайсысы болса да олардың өнімдерін ең төменгі бағамен алады. Нарық олардан әлі «алыста» ғой. Өнімдер өңдеуші кәсіпорынның қолынан өтіп, тауарға (колбаса, консерві, май, сыр, құрт-ірімшік, былғары, тон терісі, т.б.) айналғанда ғана нарыққа ілігеді. Құрметті парламент депутаттары! Осыны әсіре нарықшыл экономистерге талдап, түсіндіріңіздерші!..

Мемлекеттік мал азығы шаруашылығын құруды жүзеге асырса, үкімет олар дайындаған мал азығын халыққа тегін таратпайды ғой. Ақшасына сатады. Мұның қай жері «Нарықтық саясатқа» қайшы?

Ауылдағы 7,5 миллион халықтың 2 миллионы шаруа қожалығы маңайында дегеннің өзінде (артығымен айтып отырмыз) жері де, тракторы да жоқ, қалған 5,5 миллион ауыл бұқарасы мал азығын кімнен және қайдан алуы керек? Бүгінде министр болған А.Сапаров мырзаның осы газет арқылы жауап беруін екінші рет талап етемін. Бұл сұраққа үкіметтің де, парламенттің де жауап беруін сұраймын.

Латифундистер жау ма?

Қазақстан – тарихи екі алпауыт мемлекеттің ортасындағы ел. Екеуінің де Қазақстанмен жер дауы бар. 2022 жылы президент Қ.Тоқаев басқа атаулармен Семей, Жезқазған, Талдықорған облыстарын қайыра ашты. Семей облысынан бұрын жабылған Ақсуат, Самар аудандарының, 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Тарбағатай, Мақаншы, Қатон-Қарағай аудандарының аудан мәртебесін қалпына келтірді. Көңіліміз біршама орнығып қалды. Ал Солтүстік облыстарда қалыптасқан күрделі жағдай, ушыққан сол күйінде тұр... Латифундистер ашкөздікпен, тұрғындарға күнкөріс көзін қалдырмай, жерді ауылдың іргесіне дейін жыртып тастаған. Сонда олардың санасында «ақша» деген ұғым бар да «Халық», «Отан» деген ұғымдар қалмағаны ма? Мемлекет бұрынғыдай мал өсіріп, егін салмайды. Астық – Қазақстанның экспортқа шығаратын жалғыз бренді. Әлде осыны бұлдағандары ма? Халқы сиреп, солтүстік иесіз қалып бара жатыр. Ал «бос жатқан жер жау шақырады». «Олар» соғысып әуре болмайды. Бос қалған жерге жаяу кіре салады. Жер дауын бетке ұстайды. Одан соң өткен ғасырдағыдай өз шаруаларын қоныстандырады. Латифундистер «осыған жұмыс істеп отырғандарын» ұқпағаны ма?

Бала кезімізде қайсыбір ел «алапеспен» ауырған адамды алыс бір тауға апарып тастайды екен, өлсе – сол жерде қалады, жазылып кетсе – өзі қайтып келеді екен деп еститінбіз. Біздің үкімет оңтүстіктен солтүстік облыстарға көшіп барғандарға дәл осыны істеп отыр. Қаржы шығарып, жаңадан ауыл тұрғызады. Апарып қоныстандырады. Болды. Мал өсірейік десе – жер жоқ. Жұмыс болса-болмаса да жоқ. Сонда олар тас жей ме? Амалсыз қайтып кетіп жатыр.

Бір депутаттың «Солтүстікті жанға толтыра аламыз ба?» деген мақаласын оқығаным бар. Жоқ, бұл қалыпта толтыра алмайды.

Мәселе парламенттің араласуын күтіп тұр!

Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру керек

Бұл күрделі шаруа емес. Төтесінен айтқанда, статусы мен әлеуметтік міндеттерін сақтай отырып, жүктемесіз, бос отырған ауыл әкімдіктерін кәсіби өндіріске – Мемлекеттік мал азығы шаруашылығына айналдыру. Ол үшін ауыл әкімдігінің бюджеті мен штатын қаз-қалпында пайдалануға болады. Әрине, мамандар тұрғысында толықтырулар жасалады. Шаруашылықтың міндеті – өркениетті тұрғыда мал азығын өндіріп, ауыл халқына сату. Яғни қамқорлық жасау. Бір кезде егін егеді деп шаруа қожалықтарына 2-3 танаптан бөліп берген егістік жерлерді, азып кеткен көпжылдық шөп танаптарын қайтып алып, осы шаруашылықтарға бекітіп беру керек. Ол егістік жерлер шаруалар пайдалана алмаған соң қу тақырға айналған. Оларға көпжылдық шөп, жемдік арпа егіп, екі танапты (арпа-көпжылдық шөп) ауыспалы егіс жүйесін қалпына келтіру керек. Ескірген көпжылдық шөптерді жаңарту керек. Мемлекет шаруашылықты техникамен жабдықтап, өзі қаржыландыруы тиіс. Шаруашылық қалыптасқан соң өз өнімдерін (шөп, жемдік арпа) сатып, мемлекетке ауыр салмақ салмайды. Осыдан 35-40 жыл бұрын егілген көпжылдық шөптер азып кеткен. Өнім бермейді. Тұқым да шашпайды. Тұқым шаштырмай жылда қырқып ала берген соң, далалық шөп те сиреп, сұйылып кеткен. Гектарынан тоннаға дейін өнім беретін көпжылдық шөпке ауылдың қолы жетпеуде.

Бұл шараның орта және ірі шаруа қожалықтарына қатысы жоқ. Шара ыдыраған ұсақ қожалықтар мен жері де, тракторы да жоқ қалың бұқараға арналған.

Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру

мынадай өзгерістер әкеледі:

  1. Ауыл тұрғындарын мал азығы тапшылығынан қауіпсіздендіреді. Мемлекеттік қор пайда болады. Ауылдар қазіргідей алма-кезек жұтамайды.
  2. Жастарды жұмыспен қамтиды. Жастар ауылға оралады. Еңбек өтілінің түзіліп, қартайған шағында зейнетке шығу мүмкіндігінің нақтылануы олардың болашаққа деген сенімін арттырады.
  3. Ауылдың мал өсіру мүмкіндігі кеңейіп, тұрмысы түзеледі.
  4. Шаруа қожалықтары ұқсата алмаған, ел көшкен соң иесіз қалған егістік жерлер, көпжылдық шөп танаптары қайта айналымға кіреді.
  5. Жем-шөп, үй-жай мәселелері шешіліп тұрса, шетелдерден оралатын қандастар солтүстік облыстарға ынтамен қоныстанып, сіңісіп кетеді.
  6. Оңтүстіктен солтүстік облыстарға қоныс аударғандар сеніммен шаруасын бекемдеп, қайыра көшпейтін болады.

Тақырып ауыл тіршілігі, мал азығы туралы болғандықтан мына жағдайларды да айтуға тура келеді.

Ұлттық экономика министрлігі үй саны 50-ге жетпейтін ауылдарды біріне-бірін қосып, шоғырландыру керек деген пікірінен әлі қайтқан жоқ. Ол шағын ауылдардың өзіндік артықшылықтары бар. Базарға шұрайлы, семіз ет көбінесе солардан келеді. Бойдақ мал қыста жайылыммен шығады. Азық, күтім қажет етпейді. Ол ауылдар ауқатты тұрады. Ал халық шоғырланған жерде малға ашық су, жайылым жетіспейді. Бойдақ мал да алты ай қыста қолға қарайды. Өз құнын өзі «жеп» қояды. Шөп таба алмаған тұрғындар мал басын еріксіз азайтып, кедейге айналады. Құрметті депутаттар! Әсіре нарықшыл экономистерге осыны да түсіндіріңіздерші!

Қазақстанда су тапшы. Ғалымдар жағдайдың бұдан әрі қиындайтынын айтып отыр. Сондықтан халықты шоғырландырып емес, керісінше, совхоздардың бүгінде жұрты ғана қалған бөлімшелеріне біртіндеп, қайыра қоныстандыру керек. Олар табиғи су көздерінде орналасқан ғой. Олардың әрқайсысының өзіне жетерлік шабындық, жайылымдық жерлері бар.

Үкімет шаруа қожалықтарының басын қосып, өзін-өзі ақтайтын кооператив құрамыз дегеніне 20 жылдан асты. Құрылған біреуі де жоқ. Және бұл «ұлы» жоспарын министрлер ауысқан сайын 5-10 жылға «алға» жылжытып қояды. Президентті, қоғамды алдау үшін. Сонда ол кооперативтерді немен құрмақ? Шаруалардың қолындағы 35-40 жылдан бері әбден тозған тракторларымен бе? Олар дайын тұрған «металлолом» ғой. Пайдасынан, от шашып, өрт шығарған зияны басым және қоспайды да. Қисынсыз әрекеттен нәтиже щықпайтынын біліп отыр. Қожалықтардың көпшілігінің малы азайып, жай шаруаның қатарына түсті. Алдындағы қалған малын балаларына ауызша еншіге бөліп берген. Сондықтан кооперативке қоса алмайды. Үкіметте «Шаруа қожалығы» деп тіркеулі тұрғандықтан амалсыз біріктіріп бағып отыр. Сонда нарықшыл экономистер қиялдағы ол кооперативтерді неден құрмақ? Олардың өндіріс шығынын кім көтереді? Техникамен кім жабдықтайды? Бәрібір айналып мемлекетке келіп тірелмек. Сонда мұның қай жері кооператив? Мемлекеттік құрылым болып шықпай ма? Мемлекеттік мал азығы шаруашылығы дегеніміз осы емес пе? Экономистер осы «жаңылтпашты» әлі ұға алмай жүр.

Қазақстанда жер көлемі үлкен болғанмен, құнарлы жері аз. Барын шаруалар бөліп алған. Соның өзінде у-да шу. Жайылым да, шабындық та жетіспейді. Бес жарым миллион ауыл бұқарасы жерсіз қалды. Сонда үкімет халықтың бұдан былайғы өсіміне жерді қайдан тауып береді? Таба алмайды. Демографиялық тұрғыдан алғанда, үй басы жер иемденіп, трактор ұстау мүмкін емес! Бұл мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру идеясының дұрыстығын дәлелдеп тұр.

Билікке, үкімет пен парламентке ұсыныстар:

  1. Парламентте бағыт беретін, бақылайтын, ауыл шаруашылығы министрлігіне көмек беретін тұрақты комиссия құрылу керек. Билік, үкімет, парламент болып, ауыл тіршілігін ашық талқылап, шынайы даму стратегиясын белгілеу қажет. Жердің потенциалын дұрыс пайдаланып, мал азығы проблемасын шешу керек.
  2. Абай облысынан, қайта ашылған аудандарда – 2, Шығыс Қазақстан облысынан сондай аудандарда – 3, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, бұрынғы Қазыбек би ауданында (Қарағанды облысы) – 2 (автор кеңес беріп, құрылымды одан әрі зерттегісі келеді), жиыны 10 тәжірибелік Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру керек. Құсқа жем шашқандай субсидия таратқаннан нәтиже шықпайтынын өмір көрсетті. Шаруашылық жүргізу тәсілі, құрылым өзгермейінше оң нәтиже болмайды. Қаржыны осы шаруашылықтарға құю керек. Бақылау болады, ұрланбайды. Нәтижеге көз жеткен соң реформаны әрі қарай дамыту керек.
  3. Солтүстік облыстарда латифундистер үкіметке бағынбай кеткен. Жерді ауылдың іргесіне дейін жыртып, тұрғындарды күнкөріс көзінен айырған. Мал өсіруге шабындық та, жайылым да қалдырмаған. Халық ауыр күйзелісте. Сондықтан парламентте заң қабылдап, бұрынғы совхоз кезіндегі жайылымдық, шабындық жерлерді сол көлемде ауыл әкімдіктеріне қайтарту керек. Латифундистер бұл теріс әрекеттерімен мемлекеттің тұтастығына қатер төндіріп отыр. Сондықтан бұл мәселемен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тікелей айналысуы тиіс!
  4. Біз «тың игеру» деп науқаншылдықпен селеу мен бетеге ғана өскен боз даланы да 50 жыл бойы аударып-төңкердік те, үгілген топырақты жел ұшырып әкетті. Бәлкім, ол сонау Адам атадан бері жинаған нәрі болар. Енді оны қалпына келтірумен ғылым айналысуы тиіс. Ол үшін жартылай ұмыт болған Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жұмысын қалпына келтіріп, қаржыландыру керек. Бұл институт жайылымдарды түбегейлі жақсарту ғылыми-тәжірибелік жұмысымен де айналысуы тиіс. Осы институттың құзырында жұмыс істейтін, жем-шөптің тұқымын өндіріп сататын шаруашылықтар құрылуы керек. Сонда ғылым мен тәжірибе бір жерге шоғырланады.

P.S. Ауылдарда қалыптасқан ауыр тіршілікті зерттеп білгісі келген оқырмандарға ауыл шаруашылығына реформа жасау туралы ұсыныстардан тұратын 13 мақаланың электронды нұсқасын жібере аламын.

Қайыр Рахметуллин