Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 17 Маусым 2025

Мемлекеттік тендердің майталманы Мәжілісте отыр

Әділ Жұбанов
Фото: Parlam.kz

Соңғы күндері еліміздің ақпарат алаңында мәжіліс депутаты Әділ Жұбановқа қатысты қызықты дерек жарияланып жатыр.

 Атырау облысынан шыққан іскер, кәсіпкерлік ортада ысылып шыққан деп сипаттайтын депутатымыз мемлекеттік тендердің нағыз майталманы болып шықты. Парламентте отырып, депутаттық сауалдың сан түрін жолдағанда мірдің оғындай айтқан сөздері талай ақпарат құралына азық болып, жарыса жазатын. Әсіресе «Самұрық-Қазынаға» қаратып қатты сөйлеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Осыдан соң ба екен, ендігі кезек депутаттың өзіне келген сияқты.

Жұбановқа қатысты қызықты деректер әлеуметтік желілерде жариялана бастады. Ондағы айтылған мәліметтерге үңіліп, біраз жайға қанық болдық. Ашығын айтқанда, оның бәрін депутаттың Мәжіліс сайтында жарияланған өмірбаяны да баяндап тұр.

Депутат болсаң компанияң да өрлейді

Жалпы, Әділ Орынбасарұлының төменгі палатаға келуі де тегін емес. Оған дейін де өңірлік мәслихатта халықтың «мұң-мұқтажын» даулап жүрген мол тәжірибесі бар. Ал іскерлік тәжірибесіне келгенде, оның бәрі осы депутаттық мансабымен біте қайнасып жатқандай әсер қалдырады.

Айталық, бұл кісінің «БатысАльянсСтрой» ЖШС деп аталатын компаниясы Атырау облысында депутат болмай тұрып, сонау 2002 жылы ашылған. Тауарлық бетон мен темірбетон өнімдерін өндіруші ұйымның белсенді қызметі ақпарат көздеріне қарағанда депутат болғаннан кейін өрлей бастаған сияқты. Мәселен, 2012–2021 жылдар аралығында Атырау облысы мәслихатында депутат болып жүрген кезінде компания жұмысы қыза түскен. Әлгі ЖШС 2016 жылы мемлекеттік сатып алу порталына тіркеліп, қомақты деген тендерлерін облыс әкімдігінен сол уақыттары алған болып шықты. Әуелгі басы жарты миллион теңгенің айналасындағы ұсақ-түйек жұмыстардан басталып, соңы 17 млрд теңгенің тендерлеріне дейін ұласқан. 2016 жылдан бергі жасалған барлық келісімшарт құны миллиардтап саналады. Біздің есеп бойынша осы күнге дейін жасалған барлық 140 келісімшарты 135 млрд 250 млн теңгеден асып тұр. Арасында түзетулер енгізіліп, қайта жасалғандары да бар. Сондықтан нақты құны басқаша болуы да мүмкін. Қарапайым сөзбен айтқанда, компания нарықтан пайда тапқаннан гөрі мемлекет қазынасынан жем жегенді әлдеқайда қолайлы көрген сияқты.

Жалпы, «Парламентінің депутаттарының мәртебесі туралы» заңға сәйкес, мәжіліс депутаты кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, бірақ компанияның құрылтайшысы болуына қарсылық жоқ. Осы себеппен Әділ Жұбанов 2023 жылы халықтың қалаулысы болып сайлануына байланысты өз компаниясының бас директоры қызметінен бас тартып, тек құрылтайшы күйінде қалған. Ал құрылтайшы болуына заң тікелей тыйым салмайды, тек ұйымның басқару органдарында қызмет атқармаса болғаны.

Сөйткен компанияның жұмысымен танысайын деп қараған жанға толық мәлімет табу қиын. Әйтеуір әлеуметтік желідегі парақшасы ғана не тірлікпен айналысатынын жұртқа жариялап тұр. Оның өзі соңғы рет 2023 жылдың соңында пост салып, одан кейін тіршілік нышанын байқатпаған. Ал ондағы көрсетілген компанияның сайты қазір букмекерлік кеңсені жарнамалайтын интернет-алаңына айналып кеткен.

Әкімнің орынбасары депутаттың компаниясында қайдан жүр?

Осының бәрін ақтарып отырып депутат негізін салған компанияның қазіргі Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевпен байланысты екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл кісінің де еңбек жолы ойқыш-ұйқыш. 2005–2019 жылдар аралығында облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасында қатардағы қарапайым қызметкерден бастап басқарма басшысы қызметіне дейін өсіп, біраз жыл еңбек еткен. Одан соң аудан әкімі, облыс әкімінің кеңесшісі болып барып, осы «БатысАльянсСтройға» бас директор болып келеді. Мұнда да жарытып тұрақтамаған. Небәрі жарты жыл істеп, сосын қайтадан облыс әкімдігіне әкім орынбасары болып оралады. Әкімдікте ол өңірдегі құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты. Облыстағы осы саланың басына тап осы кісінің келуіне таңданатын түк жоқ. Бұған дейінгі атқарған жұмысын былай қойғанда, аймақтағы жол құрылысымен айналысатын ірі компаниямен тығыз байланысының өзі неге тұрады?!

Бір қызығы, 2019 жылдан 2021 жылға дейін Құрманғазы ауданының әкімі қызметін атқарған. Ал әкімдік орнынан екі жылдан соң кетуіне өзінің орынбасары Үркен Тәжібаев себеп болған. Ол жемқорлыққа қатысты қылмысқа шатылып, амалсыз әкім де орнын босатады. Айта кетейік, Үркен Тәжібаев қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды, кәсіпкерлікпен заңсыз айналысты және алаяқтық жасады деген айыппен кінәлі деп танылған. Сөйтіп сот оған 2,7 млн теңгеден астам айыппұл салып, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырған.

Осындай жағдайға ұшырағанына қарамастан облыс басшысы Серік Шәпкенов оны өзіне орынбасар етіп тағайындап алады. Өңірдегі ең маңызды қызметіне жайғасуы өзі қызмет еткен компанияға да әбден жаққаны көрініп тұр. Соңғы бірер жылдықтағы әкімдіктен алған тендерлерінің әрқайсы 10–17 млрд теңгенің шамасында бағаланады.

Қызық жайттар мұнымен бітпейді. Тілшілер анықтаған тағы бір дерек, депутаттың әйеліне қатысты. 2015 жылы депутаттың компаниясы Құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша Атырау қаласында «Салтанат сарайын» салып береді. Жоба құны шамамен 2 млрд теңге. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін, ол күтпеген жерден депутаттың әйелі иелік ететін Hotel Service home компаниясына жалға беріле қалады. Өйткені әкімдіктің әлгі ғимаратты ұстап отыруға қауқары жетпей қалыпты-мыс. Алайда бұл деректер жалпыға жария бола бастаған соң әйелі келісімшарттан бас тартқан.

«Самұрыққа» шабам деп...

Мәжіліс депутатының қызмет жолындағы осынша деректің жария болуына не түрткі болғаны беймәлім. Бірақ еліміздегі ең алпауыт компанияны таратуды талап етіп мәлімдеуімен тұспа-тұс келгені бір ойға жетелейді. Мамырдың ортасындағы Мәжіліс отырысында осындай мәндегі мәлімдемесімен депутаттық сауал жолдап, акционерлік қоғамның жұмысын «елдің ұлттық қазынасын нағыз ұрлау» деп салған. Әсіресе ондағы бір көзден сатып алу әдетіне қатты шүйліккен. Оның айтуынша, бұл әдетте елде соғыс немесе басқа төтенше жағдай болып жатқанда қолданылатын әдіс. Ал «Самұрық-Қазынаның» қазіргі әрекеті бүкіл елдің ұлттық қазынасын, байлығын ұрлауға жеңіл болсын деп бір қолға алып беру деген сөз. Сондықтан ұйымды таратып, қызметін бәсекелес ортаға беру керек.

«Бір көзден сатып алу» демекші, депутатқа тиесілі компания да мемлекеттік тендердегі кейбір келісімшартын осындай әдіспен ұтып алған. Бірақ құжаттардағы мұндай ұсақ-түйекке қазір бас ауыртпайтын болу керек. Өйткені заң бойынша құрылтайшылық үлесін сенімгерлік басқаруға беріп қойғаннан кейін мұндай жайттардан хабарсыз болуы түсінікті жағдай. Қазір компанияның шаруасымен айналысатын бас директоры – өзінің туған бауыры Жаңабай Жұбанов.

Бірақ ол мұнымен тоқтаған жоқ. Өткен аптадағы отырыста осы айтқанын тағы қайталап, акционерлік қоғамға қайта дүрсе қоя берді. Кезінде сингапурлық қор үлгісімен құрылғанын, ал бүгінде сол мақсат-жоспардың бәрі далада қалып, елді құр шығынға батырып отырған институтқа айналғанын айтып салды.

Осы қарқынмен келе жатқанда енді, міне, өз басына қатысты қызықты дерекке тап болып отырмыз. Мұның бәрі құр сәйкестік деп айтып көріңіз. Арыны қатты депутаттың ендігі даусы қалай шығар екен?

Ербол Тұрымбет

Астана

Тегтер: