Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

«Меммен күрес». Сатира ма, саясат па?

мем
Фото: Жас Алаш / ЖИ

Өткен аптада жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы «мемдердің» қауіпті екенін айтып, әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасады. Орталық өкілі Марина Сахарованың сөзінше, мемдер билікті, саясаткер мен шенеуніктерді мазақ етіп, беделіне нұқсан келтіреді-мыс.

 Ол әзілдің астарында қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталған «манипуляция жасырылған» дейді. Айтуынша, күлкі адамның сыни ойлау қабілетін төмендетеді, еріксіз түрде оймен келісуге итермелейді екен. 2000-жылдардың ортасында әлеуметтік желілерде пайда боп, бүгінде кең тараған «мемді» білмейтін адам кемде-кем. Әуел басында Рунет, кейінгі жылдары басқа да желілер арқылы таралған күлкілі суреттер қазір барлық әлеуметтік желіні, қала берді басқа ақпарат көздерін басып қалды. Өмірімізде кездесетін алуан түрлі оқиға, жағдайды шымшып жеткізетін дәл осы мемдерсіз бүгіннің лентасы мен мессенджерін елестету қиын.

WhatsApp пен Telegram-ға келіп түсіп жатқан алуан түрлі сурет, видео, скрин мен тағы басқа медианы сұрыптайтын болсаңыз, ең көп орынды интернет-мем алып тұрғанын түсінер едіңіз. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы «күресіп» жүрген мемдердің шығу тарихы да қызық. Түптеп келгенде, грек тіліндегі mimetes, яғни, «секілді, сияқты, имитатор» сөзіне тірелетін мемнің тарихы кеше-бүгін басталған жоқ. 1904 жылы ғалым Рихард Земон зоология саласындағы еңбегінде репликацияны, яғни, әлдебір ағзаның өз-өзін қайталап, көшіре беру қабілетін түсіндіру үшін мем деген терминді қолданды. Ұзақ уақыт бойы мем ғылыми ортада дәл осы мағынада пайдаланылып келді. Докинздің түсінігінде, мем – әуен, сөз, әдет, сурет немесе кез келген мәдени элемент, ол бір адамның санасынан басқасына «жұғып», «еліктеу» арқылы көбейіп отырады. Ген де, мем де – репликаторлар, яғни, өзін-өзі қайталай алатын, соның арқасында көбейетін дүние. Мұндай мемдер тарихын зерттеушілер біздің жыл санауымыздың І-ІІ ғасырларына апарып тірейді. Бұл кезеңдерде христиан діні өркендеп, Інжіл кітабы көп сұранысқа ие болды. Баспаханалар жоқ. Сондықтан әр кітапты арнайы адамдар көшіріп, көбейтіп отырды. Сондай ескі көшірме кітаптардың беттерінен Інжіл мазмұнына сай келмейтін суреттер байқауға болады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл суреттер көшіріп отырған адамның жазудан бір мезгіл демалуы үшін салынған. Бірақ ол суреттерді, яки мемдерді бүгін түсінетін адам аз. Өйткені мәдениет пен таным ауысқан.

Әлеуметтік желі мен цифрлық технологиялардың дамуы мем мәдениетінің таралуына тіпті ықпал етті. Ендігіде, мемдер адамдардың ойлауын, қабылдауын және пікірін қалыптастыратын мәдени-әлеуметтік код ретінде өмір сүріп жатыр. Түбі Докинз қолданған терминге тірелгенімен, интернет-мем қазір «ақпарат бірлігі» деген түсініктің шеңберінен асып кетті. Қазір контенттің бұл түрін қарапайым қолданушы ғана емес, маркетологтар да, саясаткерлер де, кәсіпкерлер де мақсатына қарай кеңінен пайдаланады. Интернет-мемдердің қалыптасып, әлемге жайылуын іздесек, 2000-жылдардың басына кеп табан тірейміз. Алғашқы интернет-мемдер қарапайым суреттер мен қысқа жазулардан тұрса, байқағаныңыздай, қазір биліктің өзі қорқып, күресуді қажет ететін «қауіпке» айналды. Оған Instagram-дағы сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебек ісі жақсы мысал бола алар еді. Бастапқыда LOLcats, Rickroll, Trollface сияқты классикалық үлгілер күлкі үшін жасалса да, біртіндеп саяси, әлеуметтік, философиялық астарға ие бола бастады. Мем енді тек әзіл емес, қоғамдық дискурсқа қатысушы бір құралға айналғанын көпшілік байқамай да қалған сияқты. Мысалы, АҚШ-тағы сайлау науқандарында, Гонконгтағы наразылықтарда немесе Ресей мен Таяу Шығыстағы саяси оқиғаларда мемдер қарсылық пен билікке қарсы айтылған сынның бір формасына ұласып, цензурадан айналып өтудің жолы болды. Олар ақпараттық соғыстың қаруына, қоғамдық пікірді бағыттайтын айлаға айнала бастады. Қазақ интернетінде де мем мәдениеті дамып жатыр. Әсіресе интернет желісінің қолжетімді болған сайын, сәйкесінше, мемге айналған әзіл суреттер мен бейнероликтердің де қатары көбейіп келе жатыр. Қазақы мемдердің басты бағыттары ретінде – саяси, тұрмыстық, әлеуметтік, әзіл мемдерді атауға болады. Интеллектуалды мемдер қатары әлі де сирек. Жалпы мем шынымен «қауіпті манипуляция құралы ма», бұл құбылыспен күресу қаншалықты ақылға қонымды әрекет. Осы тақырып аясында «Жас Алашқа» медиа-менеджер Даяна Дүйсеғалиева мен саясаттанушы Дильназ Русланқызы жауап берді.

Даяна ДҮЙСЕҒАЛИЕВА
Фото: Даяна ДҮЙСЕҒАЛИЕВА

Даяна ДҮЙСЕҒАЛИЕВА, медиа-менеджер: Тиіспеңіздерші, «бұл қазақтың мемі ғой...»

Билікке бағытталған сатира мен юмордың болуы – демократиялық қоғамның қалыпты көрінісі. Күлкі билікті әлсіретпейді, қайта оны халық алдындағы жауапкершілікке шақырады. Мемдер арқылы қоғам өз наразылығын ирониямен, әзілмен білдіреді, ал бұл әлеуметтік шиеленісті әдетте бәсеңдетеді. Яғни, мем – қысым клапанының қызметін атқарады. Егер қоғамның күлкісін шектеуге тырыссақ, ол күлкі астарындағы ашуды, күйінішті, үмітсіздікті де тұншықтырамыз. Бұл цензураның ең қауіпті түрі, яғни, адамның эмоциясына, тіпті ойлау тәсіліне ықпал етуге әкеп соғады. Мем деген кино, музыка әлде әдебиет сынды адам ойының сыртқа шыққан бір формасы деп қабылдаған жөн. Ол да шығармашылықтың бір түрі.

Осы интернет-мемдердің арқасында 80-жылдардың ортасында пайда болған меметика ілімі жаңа белеске көтеріліп, басқаша зерттеле бастады. Әрине, әзірше бұл бағытты іргелі ғылым саласы деп атауға болмайды, әйтсе де мемнің адам өміріне ықпалын әлеуметтанушылар, философтар, лингвистер, маркетологтар, саясаттанушылар, тағы басқа мамандар жан-жақты қарастырып жатыр, тіпті Кембридж бен Гарвардта мем зерттеймін деп ниет білдірушілерге арналған оқу бағдарламалары да ашылыпты. Олар мемдердің қалай пайда болатынын, не себепті кейбірі «вирус» сияқты тез тарайтынын, ал басқалары елеусіз қалатынын талдайды. Мысалы, АҚШ пен Еуропадағы университеттерде арнайы «интернет мәдениеті», «цифрлық коммуникация» сияқты пәндер бар, онда студенттер мемдердің қоғамға әсерін, саяси және мәдени рөлін үйренеді. Көптеген зерттеушілер мемді жаңа заманның «халық ауыз әдебиеті» деп атайды. Өйткені ол да халық ішінде туады, түрлі нұсқада қайталана береді және уақыт өте келе өзгереді. Жуырда қызығып, меметика туралы оқып шығып едім. Соңғы жылдары мемдерді зерттеу көбіне үш бағытта дамып келеді. Біріншісі – мәдени бағыт. Бұл салада ғалымдар мемдерді қазіргі қоғамның бейсаналық реакциясы ретінде қарастырады. Яғни, адам белгілі бір оқиғаға ашық айта алмайтын ойын немесе эмоциясын әзіл түрінде білдіреді. Бұл күлкілі форма қоғамдағы шынайы көңіл күйді аңғаруға мүмкіндік береді. Екіншісі – саяси бағыт. Мұнда зерттеушілер мемдердің саясаттағы рөліне назар аударады. Көп елде мемдер сайлау науқандары кезінде, билік пен оппозиция арасындағы ақпараттық күресте маңызды құралға айналып отыр. Мем кейде халықтың наразылығын, кейде биліктің имиджін көрсету үшін қолданылады. Үшіншісі – психологиялық және әлеуметтік бағыт. Бұл зерттеулер мемнің адамға әсерін, оның ойлау мен қабылдау процесін қалай өзгертетінін қарастырады. Мысалы, АҚШ-тағы Гарвард университеті мен Оксфорд университетінің ғалымдары мемдердің эмоциялық әсерін зерттеген екен. Олар адамдардың көбісі мемді оқығанда немесе көргенде оның мазмұнын талдаудан гөрі, күлкі мен эмоцияға көбірек мән беретінін анықтаған. Осы себепті мемдер кейде ақпаратты бұрмалап, шындықты жеңіл түрде ұсынуы мүмкін. Бірақ зерттеушілер мұны қауіпті емес, керісінше, қоғамның өз ойын ашық білдіру тәсілі деп түсіндіреді. Көптеген елдерде мемдерді реттеу немесе шектеу сияқты шаралар бары рас. Мысалы, Қытай мен Ресейде саяси мазмұндағы мемдер жиі бұғатталып жатады, себебі де түсінікті, олар билікті сынға алады. Ал Еуропа елдерінде және АҚШ-та, керісінше, мем еркін ойдың, азаматтық пікірдің белгісі ретінде қабылданады. Яғни, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемге деген көзқарас әр елдің ақпараттық мәдениеті мен демократиялық деңгейіне байланысты әрқилы.

Соңғы онжылдықта мемдер арнайы ғылыми зерттеу нысанына айналды. Оларды контент-анализ, дискурстық талдау, психологиялық эксперимент сияқты әдістермен зерттейді. Ғалымдар мемнің таралу жылдамдығын, оны бөлісетін аудиторияның ерекшелігін, сондай-ақ оның қоғамдағы сенім мен пікір қалыптастырудағы орнын анықтауға тырысады. Көптеген халықаралық зерттеулер мемнің қоғамдық эмоцияны, атмосфераны түсінудің тиімді құралы екенін дәлелдеді. Мемнің басты күші – оның қолжетімділігі мен әмбебап болуында. Ол мәдениет, тіл немесе жас айырмашылығынан тіпті де тәуелсіз. Бір сурет, бір символ миллиондаған адамның ортақ сезімін оята алады. Сондықтан мем қазіргі заманның әлеуметтік айнасы. Ол қоғамдағы қорқыныш, үміт, реніш, кекесін мен үмітсіздікті бейнелейді. Бір мем арқылы қоғам неге күледі, неден қорқады, нені қабылдай алмай жүргенін байқауға болады. Қазақ қоғамындағы ең басты бағыт – саяси мемдер. Бұл мемдер тізбегі «төрт аяғымды көтеріп қолдаймын» деген сөзден басталды. Оның артын ала әкімнің «Дым жоқ. Ештеңе жоқ» деген сөзі мемге айналды. «Бір бала жақсы, екінші бала, өкінішке орай» деген сөзді де халық ұмыта қойған жоқ. Жақында депутаттың бұрын берген сұхбаттарындағы үзінділер кең тарап кетті. «Осы сәтті пайдалана отырып, анашымды туған күнімен құттықтағым келеді!» Мем шынымен қауіпті болса, бүкіл әлем халқына, адамзатқа қауіп төніп тұр деген сөз ғой. Осыған дейін меммен, күлкімен күресіп жүрген ешқандай мемлекетті естімедім. Сонда күрескенде не істемек? Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қудалаған сияқты соттайтын шығар, парақшасын жауып тастар. Бірақ біздің халық одан сөйлемей, күлкі етпей тыныш отырады деп ойламаймын. Алғашында жай әзіл, интернет мәдениетінің бір элементі болып көрінген мемдер бүгінде қоғамдық пікірді қалыптастыратын, кейде тіпті саяси көзқарас қалыптастыратын қуатты құралға айналды. Сондықтан мемдердің ықпалына алаңдаушылық таныту, иә, белгілі бір деңгейде заңды құбылыс. Бірақ мемдермен тікелей күрес жүргізу, оларды «манипуляция құралы», «қауіпті» деп табу мәселені шешудің ең тиімсіз, әрі әлеуметтік тұрғыдан қауіпті жолы деп ойлаймын. Басқа не дей аламыз? Тиіспеңіздерші, «бұл қазақтың мемі ғой...»

Дильназ РУСЛАНҚЫЗЫ
Фото: Дильназ РУСЛАНҚЫЗЫ

Дильназ РУСЛАНҚЫЗЫ, саясаттанушы: Ақпараттың ашықтығы жалған мемдердің ықпалын әлсіретеді

Әлемнің барлық елінде «мем» деген құбылыс қалыптасқан. Әсіресе саяси пікір білдірудің бір түрі ретінде осы мемді атасақ болады. АҚШ-та, Еуропада немесе Оңтүстік Кореяда да саясаткерлер, тіпті президенттің өзі де мемдердің негізгі нысанына айналып жатады, бірақ мұны билік те демократиялық мәдениеттің бір бөлігі деп қабылдайды. Себебі мемдер – қоғамдағы сынның, әзілдің және еркін пікір білдірудің көрінісі. Меммен күресу идеясы осындай тұрғыдан қарағанда ақылға қонымсыз дүние екені рас. Өйткені мемдермен күресу күлкімен, ирониямен күресу сияқты құбылыс қой. Адам күлмей, әзілдемей өмір сүре алмайды. Ал осындай қисынсыз, мемге не сатираға қарсы түсініксіз күрестердің соңы шын мәнінде шектеуге, яғни, цензураға алып келетіні де жасырын емес. Ал цензура пайда болған жерде қоғамның өз ойын ашық айту қабілеті төмендейді. Керісінше, билік қоғаммен диалог орнатып, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету арқылы жалған мемдердің ықпалын әлсірете алады. Мем неден пайда болады? Бұл халықтың билікке деген сенімі азаюының бір белгісі, дағдарыс көрсеткіші. Егер халық билікке сенсе, ешқандай мем оны беделінен айырмайды. Ал мемдер осындай қоғамдағы азайған сенімнің сыртқа шыққан бір формасы. Сондықтан меммен күрескеннен гөрі, оның неге пайда болғанын түсіну маңыздырақ. Оның үстіне адамдардың көпшілігі мемнің әзіл екенін, онда шындықтың қаншалық бар-жоғын ажырата алады. Оның үстіне әзіл мен манипуляцияны шатастыратын деңгейге дейін қоғамды «ақылсыз» деп қабылдау – халықтың зияткерлік әлеуетін төмен деп түсіну.

Бүгінде әлемнің дамыған елдері «ақпараттық қару» мен «дезинформация» ұғымдарын мойындағанымен, онымен күресті шектеу емес, білім беру арқылы шешуге тырысады. Мысалы, Финляндия мен Эстония мектеп бағдарламасына медиасауат курстарын енгізіп, азаматтарға фейк пен манипуляцияны ажыратуды үйретеді. Яғни, қоғам мемді жау деп емес, мәдени феномен ретінде қабылдайды. Әдетте мем белгілі бір тұлғаны мазақ еткенде, ол жеке адамның беделіне емес, тұтас билікке бағытталады. Күлкі мен сатира – кез келген қоғамда қысымды төмендететін, жүйенің өзіне сын айта алатын қауіпсіз арна. Егер бұл арна жабылса, сын ашық наразылыққа ұласуы мүмкін. Бұрын саясаткерлер имиджін PR қызметі немесе БАҚ арқылы қалыптастырса, қазір мемдер сол бейнені бұзып немесе қайта жасап жібере алады. Егер саясаткер немесе мемлекеттік орган өзіне қатысты мемге дұрыс реакция таныта алса, мысалы, ирониямен қабылдап, қоғамдағы мәселелерді түсіндіріп, жауап берсе, қайта билік пен халық арасындағы психологиялық байланыс нығаяды. Ал егер агрессиямен немесе тыйыммен жауап берсе, бұл қоғамда «билік күлкіден қорқады» деген түсінікті күшейтеді.

Қазақстанның ақпарат кеңістігіне тікелей ықпал ететін және дүниежүзінде болып жатқан түрлі процесті өз призмасы арқылы жеткізетін Рунет біз үшін ұзақ уақыт бойы интернет-мем экспорттайтын басты дереккөз болып келді. Осы себепті біздегі қолданушылардың басым көпшілігі Reddit.com, Rocketboom, Encyclopædia Dramatica сияқты шетел ресурстарын, 2000 жылдарға тән басқа да форум, имиджборд, платформаларды интернет-мем жасап, тарату үшін жарытып пайдалана қойған жоқ. Дегенмен әлеуметтік желі, видеохостинг және мессенджерлердің қарқынды дамуы (Қазақстан YouTube пен Instagram, Threads контентін тұтынуда дүниежүзі бойынша алдыңғы орындарда жүреді) қазақ және орыс тілдеріндегі жергілікті интернет-мемдердің пайда болуына, жайылып, кең таралуына мүмкіндік берді. Қазақстандағы түрлі паблик, топ, қауымдастық Қазақстан жайында жаңалықтан, деректен, видеодан басқа интернет-мемдер де жариялап отырады. Қолданушылар да өзекті мәселе бойынша тапқыр сурет не видео салып, таратуды жақсы көреді.

Бір қарағанда, бұл тек интернеттегі күлкілі сурет, жеңіл әзіл, я болмаса, қоғамдағы қандай да бір оқиғаға қалжыңмен берілген реакция секілді көрінетіні рас. Бірақ шын мәнінде мем – заманауи саяси коммуникацияның қуаты күшті құралы. Ол қоғамның ішкі көңіл күйін, наразылық потенциалын, әлеуметтік көңіл толмаушылықты көрсететін айна іспетті. Сондықтан «мем қауіпті» деген тұжырымды біржақты қабылдау дұрыс емес, ол қоғамдағы шынайы сезім мен ойды білдірудің бейресми формасы ғана. Қазіргі ақпараттық қоғамда саяси коммуникацияның өзі түбегейлі өзгерді. Бұрын қоғамдық пікірді қалыптастыру газет, телеарна секілді дәстүрлі БАҚ арқылы жүзеге асса, бүгінде бұл процестің көп бөлігі әлеуметтік желі кеңістігіне көшті. Мемдер – интернет дәуірінің «саяси сатирасы». Олар бұрынғы анекдоттар мен сықақ мақалалардың орнын басып отыр. Тек бір айырмашылығы – мем қазір миллиондаған адамға аз ғана секунд ішінде жетіп барады және эмоциялық әсері әлдеқайда күшті. Егер мемлекет мемді жау ретінде көрсе, онда ол қоғамдағы сын мен пікір алуандығын қабылдауға дайын емес деген сөз. Өйткені меммен күресіп, «манипуляцияны азайтамыз» не басқа деу – қоғамның ішкі сыни әлеуетін басып тастау әрекеті ғана. Бұл, өз кезегінде, цензураның жасырын формасын туғызады. Мұндай жағдайда азаматтар саяси пікірін ашық айтудан қорқып, оны астарлап, ирония арқылы жеткізуге көшеді. Нәтижесінде мем мәдениеті одан сайын етек алып, қоғам мен биліктің арасындағы психологиялық алшақтық артады. Қорыта айтсақ, мемдермен күресу мемлекетке тиімді емес, керісінше, қоғамның сеніміне селкеу түсіреді. Осындайда есіме «ел іші – мем кеніші» деген заманауи мақал түсіп тұр. Тиімді жол – медиасауаттылықты арттыру, азаматтарды сыни ойлауға үйрету және билікке ашықтық пен сенімді күшейту деп ойлаймын.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: