Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:09, 16 Маусым 2021

«Мен аударған «Ескендір» поэмасы тартпамда 25 жыл жатты»

None
None

       Қазақ халқының сөз өнеріне үлкен үлес қосып, ұлы Абайдың өлеңдерін неміс тіліне аударған тіл білімінің маманы, аудармашы  Әлмаханбет Төреханов ағамызды сөзге тартып, сұхбаттасқан едік.

Назарларыңызға осы сұхбатты ұсынып отырмыз.

      − Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін неміс тіліне аударуға не себеп болды?

      − Мен неміс және қазақ тілдерінің маманымын. Бұрынғы шетел тілдері институтын бітіріп, сол жерде 30 жылға жуық жастарға неміс тілін  үйреттім. Студент кезде де, ұстаз болып жүргенде де, неміс ақындарының өлеңдерін жаттап жүрдік, кейде ана тіліне аударуға да тырыстық. Гете, Гейне, Шиллер секілді ақындарға арналған түрлі кештер ұйымдастырылды. Сол кештерде неміс ақындарының орыс тілінен қазақ тіліне аударылған өлеңдері оқылды, қалай аударылғанына талдау жасалды. Оның ішінде «Қараңғы түнде тау қалғып» та болды. Осының бәрі «Біз неге бас ақынымызды басқа жұртқа таныстырмаймыз?» деген ойға жетеледі. Бір жағынан, өзім 1965-66 жылдардан бастап баспасөз бетіне жарияламасам да, неміс тілінен қазақ тіліне түрлі өлеңдер, қысқа-қысқа әңгіме, повестер, мақал-мәтелдер аударып жүрдім. 1986 жылдан бастап алғашқы аудармаларым жариялана бастады.

        1987 жылы күзде Алматы қаласында аударма мәселесіне арналған халықаралық симпозиум өтті, оны ұйымдастырушылар қазақ әдебиетін шетелдіктерге таныстыру мақсатымен ақын-жазушылардың шығармаларынан қысқа-қысқа үзінді аудару керек деген соң, бұл жұмысқа мен де кірісіп кеттім. «Ақбілек» романынан, «Шайтанкөпірден» үзінді аударып бердім. Қысқасы, Абайдың өлеңдері мен «Ескендір» поэмасын аударғанға дейін мен өзімше шыңдалу мектебінен өттім десем де болады. 26 жасымда аударып қойған «Гувернантка», қазақшасы «Мұғалім қыз» деген шағын новелла (авторы Стефан Цвейг) архивімде 40 жылдан аса уақыт жатып, 2007 жылы жабық әдеби конкурста 2-орын алды. «Жұлдыз» журналының сол жылғы №11 санында жарияланды.

        Аудармаларым жарияланбаса да, неміс тілінен қазақ тіліне аударуға шамам келеді екен деген сенім пайда болды. Оның үстіне Абайдың өлеңдерін жасым ұлғайған сайын қайталап оқып отырғандықтан, ақын өлеңдерін жас кезімдегіден әлдеқайда жақсы түсінетін болдым, Абайдың кемелденген жасына жақындағанда Абай маған тіпті түсінікті бола бастады. Бұған қоса, өзім лингвист, яғни сөздің формаларын зерттеуші болған соң, Абайдың айтайын деген ойы айқындала түсті. Содан кейін «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, мен өз бетімше Абайдың өлеңдерін мән-мағынасын барынша сақтап, неміс тіліне жолма-жол аударуға  кірістім. Бұл 1992-94 жылдар еді.

        Аудармаға жазғы екі-үш айлық демалысымды пайдаландым. 1995 жылы да біраз еңбектеніп, ақынның мерейтойына дейін 110 өлеңі мен «Ескендір» поэмасын дайындап қойдым. Бірақ Қазақстан үкіметі 1995 жылы тамыз айында той кезінде араққа ақша тапса да, ақын өлеңдерін насихаттауға ақша таппай қалды. Амал қанша, орыстың шекпенінен шыққан ел билеушілерінің менталитеті, мәдениеті сол кезде сондай болды, шеттен келген қонақтарға күлкі болды, тойдан кейін бізді мазақтап, өз елдерінің баспасөзінде бізді қаралаған мақала жарияланды. Мысалы, Германиядан шақырған бір қонағымыз «Франкфуртер  Аллгемайне» газетіне «Ақын үшін тігілген 1000 киіз үй» деген мақала жариялаған. Бұл мақала менің аудармамда «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылдың тамыз айындағы нөмірінде жарияланды.

    − Абайдың өлеңдерін қазақшадан немісшеге аударудың қиындықтары жайында айта кетсеңіз.

    − Бұл туралы мен Герольд Бельгердің өтініші бойынша 10-12 беттік ғылыми мақала жаздым. Аударма жасайтын адамның негізгі қаруы – өзінің білімі, ана тілін қаншалықты терең меңгергені, аударма жасау тәжірибесі, екі тілдің ішкі құрылысын, сөйлемдердің жасалу жолдарын білетіні, шақтық формаларды жетік меңгергені. Бұдан кейін керек нәрселер – сөздіктер. Сөздігі жоқ аудармашы соғыс кезіндегі қарусыз сарбаз секілді. Абайдың өлеңдерін аударғанда ең алдымен сүйенетін сөздік – Абай тілі сөздігі.

       Аудармасы оп-оңай табыла кететін қарапайым сөздер аса көп болған жоқ. Абай көп қолданған «мінез, көз, аяқ, қол және т.б. сөздер оңай құсап көрінгенімен, тура Абай айтып отырған ойды білдіру үшін оның неміс тіліндегі бірінші тура мағынасын көрсетіп тұрған сөзді қолдана алмайсыз. Абайда ол сөздер басқа сөздермен тіркесіп келіп, мүлде басқа ойды білдіреді. Мысалы, «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» деген өлеңінде «Алмасы өкпе болар қол батпаған» деген жолдағы «қол» сөзінің неміс тіліндегі аудармасы ақынның ойын білдіруге келмейді. Ол басқа сөзбен тіркесіп келіп, мүлде басқа мағынада қолданылып тұр. Абай тілі сөздігі оның мағынасы «өте қатты, тастай» деп көрсетіп тұр. Ал «адам» деген сөздің қазақтың түсіндірме сөздігінде үш-ақ мағынасы бар, ал 95 мың сөзді қамтыған немісше-орысша сөздік бұл сөздің жеті мағынасын берген. Ал 1992 жылы шыққан Қазақша-немісше сөздік бірінші мағынасының аудармасын ғана берген.

        Көп жағдайда қазақтың бір сөзінің неміс тілінде 4-5 баламасы болады. Абайдың айтайын деген ойын білдіру үшін қазақша өлеңді тағы бірнеше рет ой елегінен өткізесің, содан кейін әлгі 4-5 сөздің ішінен біреуін таңдап алу керек, ол үшін әрбір сөзді түрлі сөздіктен қарап талдап шығасың, ең соңында немістің түсіндірме сөздігі – Дуденнен қарап, керегіңді табасың, оны тапқаннан кейін де неміс тіліндегі осы сөз тұрған тіркесті немістердің ойлау жүйесіне сәйкес, сәйкес еместігін тексересің. Осылай әрбір сөз бірнеше қабат сүзгіден өтеді. Кейде екі тілдегі көпмағыналы сөздердің мағыналары бір-біріне сәйкес келіп тұрса да, не қазақ тіліндегі, не неміс тіліндегі сөздің бір-екі қосымша мағынасы болады және олар мүлде басқаша аударылады.

          Мысалы, грек-латын тілдерінен енген «характер» сөзі. Бұл сөздің Дуденде бес мағынасы бар, осы бесеуінің қайсысын біз Абай қолданған «мінез» сөзінің баламасы ретінде қолдана аламыз? Қазақтың бірде-бір сөздігі оның (мінездің) мағыналарын таратып көрсетпеген, жиі қолданылатын сөз тіркестерін көрсетіп, орысша аудармасын берген. С.Ожегов ақсақал өзінің сөздігінде осы сөздің екі мағынасын көрсеткен. Бұл кісі «характер» сөзін «твердая воля» деп аударып, оны жеке мағына ретінде көрсеткен. Қазақша-немісше сөздік «характер» сөзінің төрт мағынасы бар деп көрсеткен. «Характер» сөзі сол төрт сөздің үшіншісінің мағынасын береді екен. «Ақыл керек, іс керек, мінез керек, Ер ұялмас іс қылмас қатын зерек» дегенде, біз еріксіз Ожеговтың  «твердая волясын» балама ретінде алдық. Басқасын былай қойғанда, осы кішкентай талдаудың өзі қазақ тілінен Батыс Еуропа тілдеріне және керісінше, Батыс Еуропа тілдерінен қазақ тіліне аударудың қаншалықты қиын екенін көрсетіп тұр. Сондықтан қазақ аудармашыларына кем дегенде 50 мың сөзден тұратын  немісше-қазақша және қазақша-немісше сөздік керек. Осындай сөздіктің басқа тілдерге  де қатысты нұсқалары болу керек. Бұл Қазақстан үкіметі қаржыландыратын өте керек жұмыс. «Өнер алды – қызыл тіл» деген ұлтпыз, бірақ бүгінгі тірлігіміз ұлттың тілін тұқыртуға алып келе жатыр. Немістер мен айтып кеткен Дуден сөздігін бес жыл сайын 5000 сөз қосып, қолданылуын көрсетіп, шығарып отырады. Тілді өнер деп бағалайтын халықтың үлгілі ісінен біз де үлгі алайық.

— Аударма мемлекет деңгейінде қандай дәрежеде?

— Аударма дегенде, мен шет тілінің маманы болғандықтан, неміс тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен неміс тіліне аударылып жатқан нәрсе бар ма, бар болса, оған мемлекет қалай қарайды деген мәселеге тоқталайын. Шет тілдерінен қазақ тіліне және кері аударма жасау мәселесі Жазушылар одағының жоспарында жоқ болғандықтан, аударманың бұл саласы жетім баланың күйін кешуде. Кітап басып шығаратын баспалар негізінен жекенің меншігіне айналып кеткендіктен, кітап шығару ісі бизнеске бет алды. Олардың да аударманың бұл саласына бүйрегі бүлк етпейді. Ал қазақ деген ұлттың мемлекеті аударма тұрмақ, өзінің ана тілін еріккеннің ермегі деп санайтындықтан, аударманың бұл саласына мойнын да бұрған жоқ. Мемлекет, баспалар, Жазушылар одағы осы мәселені қолға алып, бір жүйелі жұмыс істемегеннен кейін, осындай жағдай орын алады. Кішкентай Грузия мемлекеті бұл жөнінде өте жүйелі жұмыс істейді екен деп естігенмін.

       Екі-үш жылдан бері аударма бюросы құрылды, бұрқыратып жұмыс істеп жатыр, 100 кітап аударып тастапты дегенді естіп жатырмын. Сол аударма бюросының арқасында Абайдың өлеңдері мен қара сөзі, поэмалары неміс тілінде жарық көрді. Өлеңдері мен поэмалары алғаш рет аударылып отыр. Қ.Тоқаев президент болғанға дейін неміс тілі аударылатын тілдердің қатарында болған жоқ, бұрын алты тіл болған, президентіміз бұл тізімге тағы төрт тілді қосып, Абайдың шығармалары 10 тілге аударылатын болды. Солардың ішінде неміс тілі де болды. Бұған мен, әрине фашистердің танкісінің астында тамтығы қалмай мыжылып кеткен әкем тіріліп келгендей қуандым. Қалай қуанбайсың, төрт-бес жылғы тесіліп отырып аударған еңбегім еш бола ма деп, іштей мүжіліп жүрдім. Мен аударып қойған 85 өлең мен «Ескендір» поэмасы тартпамда 25 жыл жатты. Абайдың еңбегін толық аударсын деді ме қайдам, әйтеуір Алла Тағала мені осы күнге аман-есен жеткізді. Сонда да мені іздеген ешкім болған жоқ, неміс тілі тізімге кіргізілгеннен кейін, 79 жасымда сүйретіліп, Жазушылар одағына өзім бардым, ешкімді таппаған соң, екінші рет барып, осы шаруаға жауап беретін Ақберен Елгезекке жолықтым. Аман-есен осы күнге жеткенімді айтып, енді Абайдың мен аударған еңбегін шығаруға шамаларың келетін шығар дегенде, Ақберен жасымды сұрап алып, түріме қарап отырып: Аға, енді қалған өлеңдері мен поэмаларын аударып шығыңыз, міндетті түрде шығарамыз, — деді. Осы уәдеге арқаланып, Абайдың 16 өлеңінен басқасын түгел аударып шықтым. Аударма бюросындағы астанада отырған Анар ханымға: Мен шаршадым, қалған 16 өлеңді басқа кісіге аудартыңдар деген соң, Абайдың Қара сөздерін аударып отырған Рақымбаева Таңсұлуға тапсырды. Қара сөздері бұрын аударылған болатын, сол жолы ол орыс тілінен аударылған еді.

Енді бір айтатын нәрсе мынау: Абайды аударудың өзі қолға кеш алынды. Абайды аудару үшін 2-3  жыл бұрын дайындалу керек еді. Абайтанушылар мен аудармашыларды жинап алып, нақты жоспар құру керек еді, Абайдың әрбір өлеңі жол-жолымен талдану керек еді, Қара сөздің ішіндегі көп адам түсіне бермейтін ұғымдарды керек болса, діни қызмкеткерлерді шақырып алып түсініктеме беру керек еді, тағы-тағы атқарылар іс жиын барысында пайда болар еді. Бұның біреуі де болған жоқ, аудармашылар «дара-дара, құдай пана» деген әдіспен жұмыс істеді. Жолма-жол аударманың негізінде өлеңдер мен поэмаларды немістің бүгінгі тіліне түсіретін аудармашы Аня Тукерманға Қара сөзге келгенде уақыт жетіңкіремей  қалды.

Бір ай, 12 күннің ішінде 15 өлең, 1 жұмбақ, Әбдірахманға арналған 4 өлең, 2 поэма аударыппын. Сонда барлығы: 19 өлең, 1 жұмбақ, 2 поэма. Бұған дейін 110 өлең 1 поэма аудардым, өлеңдердің ішінде  Әбдірахманға арналған 1 өлең бар, сонда Әбдірахманға арналған 5 өлең аудардым.

− Ғылымның түрлі саласындағы еңбектеріңіз жайлы сөз тарқатсаңыз.

Алматының шетел тілдері институтын 1963 жылы бітіріп, бір жылдан кейін (ол кезде сондай еді) қолға диплом тигенде, ішін ашып қарасам, мамандығым туралы «неміс және қазақ тілдерінің мұғалімі» деп орысша жазылыпты. Екі жыл бойы туған жерім Жамбыл облысының Жуалы ауданында неміс тілінің мұғалімі болып жұмыс істедім. 1965 жылы білімімді жетілдіру үшін сол ЖОО-да жаңадан ашылған екі жылдық Жоғарғы педагогикалық курсты тамамдадым. бұл курсқа түскенде алдыма екі мақсат қойдым: 1. өте жақсы оқып, сол институтта маман болып қалу; 2. кез  келген жазбаша неміс мәтінін сөздіксіз түсініп оқу, кез келген немістің сөйлеген ауызша сөзін (ол кезде ГДР-ден бізге ғалымдар, студенттер келетін) қыйналмай түсіну және солармен қазақша сөйлесіп тұрғандай емін-еркін сөйлесе алу. Осы мақсаттарыма түгел жеттім де, орысшам шала болса да, немісше ағып тұрдым, бұған әсіресе 1976-жылы Лейпцигке Карл Марх университетіне германистика курсына бір айға барғанда көзім жетті, немістер Алматыда оқып үйрендім дегеніме аса сенбеді. Содан кейін 30 жылға жуық қазақ жастарына неміс тілін үйреттім, қазақ тілімен салыстыра отырып үйреттім. Кейбіреулер секілді қазақшамды ұмытқан жоқпын, қайта әдеби кітап оқып, мақала жазып, аударма жасап, жетілдіре түстім. Мамандығым тілге қатысты болғаннан кейін, мұғалім болдым, аудармашы болдым, сөздік жасадым, Ұлттық банкте іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұйымдастырып, неше түрлі бұйрықтардың шаблонын сөздігімен бірге жасап, жүзеге асырдым. 1993-2009 жылдары әр салада (құқық, қаржы, экономика, бухгалтерия, саясат, тіл, медицина, кеден, салық) аудармашы болып жүріп, қазақ тілін жетілдіре түстім, арасында 1985 жылдан бастап неміс тілінен қазақ тіліне тікелей аударма жасап, бірнеше кітап аудардым:

− Бүгінгі таңда немен айналысып жүрсіз?

2009 жылғы қыркүйектің 15-інен бастап бүгінге дейін орыс тілді азаматтарға қазақ тілін үйретушімін. Быйыл 12-жыл болды, тек қана осы жұмыспен жүрмін. Орыс тілді азаматтарға (жас та, жасамыс та бар, байлар да бар)қазақ тілін үйретудің ғылыми жолын тапқан адаммын десем, артық айтпаймын. Адамдар бірінен-бірі есітіп, өздері келіп жатады. Негізі 10-11 жастан бастап, 60-қа дейінгілер келеді. 60-тан асқандарға тіл үйрену өте қыйын. Пысық болса, 8 жастағылар да келеді. Америкадан да келіп, бір айлық курстан өткендер бар. Бәрі рыйза. Интернетте сайтым бар: aleke@almahan.kz Енді  бай тәжірибемді қорытып жазып, қазақ тілін орыс тілді үйренушілерге арнап, оқу құралын жазып жүрмін. 1-бөлімін аяқтап қалдым. Менің қазақ тілінен Абайдың өлеңдері мен поэмаларын немісшеге аударғанымды есітіп, қолқа салғаннан кейін, Патрик Зүйскинт деген жазушының «Бір жендеттің тарихы» (орысшасы: Парфюмер) деген романын неміс тілінен қазақшаға аударып жүрмін. Бұның да тілі өте қыйын екен, маған орысша нұсқасын да берді, бірақ мен интернеттен немісше түпнұсқасын тауып алып, орыс тіліндегі аудармасымен келіспейтін жерімді, орыс тіліндегі түсініксіз жерін немісшесіне қарап түзетіп отырмын. Құдай қуат берсе, бұл кітапты қысқа қарай бітіретін шығармын. Асығуға болмайды. Құдай өмір берсе, жоспар көп, тіл үйретудің төңірегіндегі жұмыс жеті ұрпаққа жетеді.

Аға, маңызды мәселелер қозғаған, дәйекті дәлелдер келтіре сөйлеген қызықты әңгімеңізге көп рақмет.

Тегтер: