Мен білетін Мархабат аға...

Мархабат ағаның әңгімелерін бала кезден оқып өстік қой. Әлі есімде, шаш қойып, жігіт боп қалған кезде «Машаттағы махаббатты» оқып қатты әсерленіп, түрлі қиялдарға берілгенмін.
Содан кейін «Бір дорба диплом» деген әңгімесі керемет ұнаған. Кейін институтта Мархабат аға бізге дәріс оқыды. Әрине, амандасқаным болмаса, жақындап барып әңгімелесуге батылым бармады.
Арада жылдар өтіп, журналистік жолға түсіп, редакцияға жұмысқа тұрғаннан кейін Мархабат ағамен жиналыстарда жиі жолығып қалып жүрдік. Сол кезде «баяғыда студент кезде-ақ жолығып, еш жүрексінбестен әңгімелесе берсем болады екен-ау» деп ойлағаным есімде... Өйткені Мархабат аға алғашқыда сәл кісікиіктеу көрінгенімен, таныс-біліс болғаннан кейін өзінің мейірімді жүзі, жылы әңгімесімен адамды баурап алады екен. Содан болар уақыт өте келе сырымды да, жырымды да Махаңа айтатын болдым. Біз шынында Мархабат ағамен ұзақ отырып әңгімелесіп, сырласатынбыз. Бала екен демей ықыласпен тыңдайтын, ақылын айтатын, өзінің басынан өткен қызықты жәйттерді де керемет әңгімелейтін. Сонда байқайтыным, Мархабат аға әрбір ортадан, әрбір әңгіме-дүкеннен өз кейіпкерін іздеп отыратын.
2011 жылдың жаймашуақ көктемі еді. Тараздың төрінде дүбірлі той өтіп, Шымкенттен Мархабат аға қонақ боп келді. Құрақ ұшып қарсы алып, қызмет көрсеттік. Түнделетіп қайтатын болған. Тура қоштасып, шығарып салып жатқан кезде көлігі өшіп қалды да, қайтып оталмады. Жүргізуші капотты ашып, ары-бері шұқылағанымен жөнделмеді.
Мархабат ағаны үйге алып келдім. Түннің бір уағына дейін әңгіме айттық. Таңертең тұрсам, Махаң зал тамның терезесінен сыртқа қарап, төбеге үңіліп тұр. Мен де барып қарадым.
Сөйтсем, балконда қарлығаштың ұясы бар еді. Құйтақандай айырқұйрықты құстардың шықылықтап кіріп-шыққанын қызықтап қарап отыр екен.
– Оралхан, айналайын, қарлығаш тегін жерге ұя салмайды ғой, шаңырағың берекелі екен. Өсіп-өне беріңдер, – деп еді сонда Мархабат аға киелі құстарға тамсана қарап тұрып.
Аллаға сансыз шүкіршілік, қарлығаш ұя салған сол құтты шаңырағымыздан төрт ұлымыз өсіп-өнді. Мархабат ағам айтқандай, берекелі үй болды.
Әрине, Мархабат аға туралы айтатын әңгіме көп. Бірақ «бірге жүрдім, әңгімесін тыңдадым, бірге сапарлас болдым, бір дастарқаннан ас іштік» деп күнделікті тіршіліктегі күйбең дүниелерді жаза берсең оқырманды жалықтырып аларымыз анық. Мархабат аға туралы естелік жазуға отырғанда неге екенін қайдам, Бақытжан досымның мына бір әңгімесі есіме түсті. Осы бір шағын оқиға Махаңның азаматтығын шын ашып, айқындап тұрғандай көріне берді.
1 сәуір – Күлкі күні. Күлкі күні дегенмен, бірнәрсе себеп болмаса дені дұрыс адам бұл күні бекерден-бекерге күле бермейді ғой. Содан болар 1 сәуірде адамдар көбінесе бірін-бірі алдайды. Сол арқылы қызыққа батады.
Дәл осылайша қызыққа батып, ойыннан от шығарып алған белгілі ақын Бақытжан Алдияр досымның мына бір оқиғасы бір жағы күлкіңді келтірсе, бір жағы қатты қалжыңдау бар да, сол қалжыңды көтере білу де азаматтық екенін аңғарасың.
Бақытжан ол кезде облыстық тіл басқармасында жұмыс істейтін. Қатардағы маман. Бастығы – жазушы Мархабат Байғұт. Тумысынан ақкөңіл, әзілқой Бәкең күлкі мейрамын құр жіберсін бе, бір жылғы 1-сәуір күні таңертеңнен біраз жолдас-жораларына телефон шалып, әбден қызыққа батады. Сөйтіп отырып бастығының хатшы қызына да өтірікті соғып жіберген ғой. Бақытжанның «Әлгінде мен қабылдау бөлмесіне барып ем, сен жоқ екенсің, телефон шырылдап жатыр екен... Тұтқаны көтеріп сөйлестім, саған телефонограмма түсті, түс қайта сағат үшке бастықты облыс әкімі шақырып жатыр» деген өтірігіне хатшы қыз шынымен сенеді.
«Басқа-басқа бастықты ешкім алдамайды» деп ойласа керек, хатшы қыз Мархабат аға келген соң «Сізді сағат үшке облыс әкімі қабылдауына шақырып жатыр» деп телефонограмманы тура өзі қабылдағандай етіп мән-жайды баяндайды.
Ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Қалық Абдуллаев.
Қашанда жиналыс, кездесулерге асқан жауапкершілікпен қарап, бір минөт те кешікпейтін Бақытжанның бастығы сағат үшке бес минөт қалғанда облыс әкімінің қабылдауына барады ғой. Бір басқарманың бастығы, облыста өте беделді, абыройлы, ел сыйлайтын жазушыны әкімнің хатшы қызы танымасын ба? Оның үстіне Бақытжанның айтуына қарағанда хатшы қыз Махаңа балдыз боп келеді екен.
Жезде мен балдыз бірден шүйіркелесіп, әзілдесе кеткен. Аз-маз күліп алғаннан кейін Мархабат аға «мені сағат үшке әкім шақырыпты» деген ғой. Хатшы қыз журналды ары ақтарады, бері ақтарады, ондай ақпарат, тапсырма жоқ. Сөйтеді де «бәлкім, әкім сізді жеке сөйлесуге шақырған шығар, қазір бір өзі отыр, кіре берсеңізші» деп ішке өткізіп жібереді.
Шынында облыс әкімі бір-ақ өзі, үстелге төніп, бір қағаздарды қарап отыр. Екеуі амандасады, хал-жағдай сұрасады... Сосын үнсіз отыра беру ыңғайсыз болған соң Махаң ептеп жұмысы туралы баяндайды. Бірақ бәрібір әңгіме тарқатыла қоймайды. Белгілі ғой, басқарма бастығы «мені неғып шақырды екен, әңгімені әкімнің өзі бастайтын шығар?» деп отыр, облыс әкімі «бұл неғып келді, әңгіменің тоқетерінен бастамай ма?» деп ол отыр.
Ақыры екеудің аңдысуы ұзаққа бармайды. Әкім «жайша келдіңіз бе, Маха, шаруаңызды айта отырсаңызшы...» деген соң басқарма бастығы «өзіңіз сағат үшке шақырған екенсіз, сосын келдім ғой...» дейді.
Әкім қабағын түйіп, бір сәт ойланады.
– Оны кім айтты сізге?
– Хатшы қызыма телефон шалып айтыпты.
– Жоқ, мен сізді шақырған жоқпын, шамасы біздің қызметкерлер қателескен болар...
«Шақырған жоқпын» деген соң жалпиып отыра берген ұят, басқарма бастығы кешірім өтініп, есікке беттейді.
Бірақ есіктен шыға бергенде әкімнің есіне бірнәрсе түсіп кетеді де «айтпақшы, өткендегі жұмысты не істедіңіздер?» деп басқарма бастығын қайта тоқтатыпты. Махаң ол жұмыстың барысы туралы айтады.
Алайда жұмыстың атқарылуы әкімнің көңілінен шықпаған болуы керек, «неғып созып жібердіңіздер» деп Махаңа ептеп ренжісе керек.
Қараптан қарап жүріп әкімнен сөз естіген басқарма басшысы қабылдаудан ашуланып шықса керек. Апыл-ғұпыл жұмысына келеді де «телефонограмманы кімнен қабылдап алдың?» деп хатшы қызды бірден тергеуге алады.
Бірнәрсені бүлдіргенін сезген хатшы қыз «бұл хабарды Бақытжан айтты» деп ақталған ғой.
Тез арада Бақытжанды шақырады, сөйтсе ол сабазың «иә, айтқаным рас, бірақ бүгін 1-сәуір емес пе, мен жай қалжыңдаған едім?!» деп күлі-еп тұр дейді...
– Қалжыңдайтын адамды тапқан екенсің, арызыңды жаз, жұмыстан шығасың, – деп, Мархабат аға бұлқан-талқан болады. Бұрын-соңды Махаңның бұлай ашуланғанын кім көрген...
– Ой, аға, күлкі күні қалжыңдауға болатын шығар, бір еркелігімді кешіріңіз, – деп Бақытжан қанша басу айтса да, бастығының жүзі жылымайды.
Кабинетіне келген соң Бақытжан мән-жайды қасындағы әріптестеріне айтыпты. Енді олар бастыққа кіріп, Бақытжанға ара түседі. Бірақ бастық көнбейді. Көнбегенің не, ара түскендердің өздеріне ашуланып, тығырыққа тіреп тастапты. Басқа амалы қалмаған Бақытжан сол жерде жұмыстан босату туралы өтінішін жазып, оған бастығы табанда қол қойып берген.
– Болды, боссың...
«Біраз жылдан бері жұмыс істеген ұжымым, қимайды екенсің... Амал жоқ, ең болмаса әріптестеріммен арқа-жарқа отырып бір шай ішейін, бұларға «қоштасу шайын» берейін» деп шәугімді суға толтырып, токқа қостым» дейді Бақытжан сол күндерді еске алып.
Әрине, ойыннан от шығады деп ойламаған Бақытжанға табан астында жұмыстан босап кету оңайға тимейді. Сырты күліп жүргенімен, іші әлем-жәлем...
Жұмыс аяғына таман бәрі шай ішеді. Әріптестері Бақытжанға басу айтады, жұбатады, «жүнжіме, ер жігіттің басынан не өтпейді...» деген сияқты демеу сөздер айтады.
Сонымен бұл заттарын жинастырып, бәрімен қоштасып, кабинеттен шыға бергенде хатшы қыз келіп: «Сізді бастық шақырып жатыр» дейді ғой.
Бұл жұмыстан босап кетті, бармай-ақ қойса да болар еді, бірақ талай жылдан бері бір шаңырақтың астында еңбек еткен бастығымен бір жағы қоштасып шығайын деп Бақытжан батыр ол кісінің кабинетіне бас сұғады.
Емен есікті қорқақтай ашып ішке ақырын енсе, Мархабат аға креслосында шалқасынан отыр екен. Өзі мәз. Мұны көре салып:
– Қалай қорықтың ба? Бүгін 1-сәуір ғой... – деп ішін басып күле жөнеліпті.
Бақытжан аң-таң, сасқанынан бұл да күле берген.
Сөйтсе Махаң да образға кіріп, Бәкеңнің өзі бастаған ойынды ары қарай жалғастырып кеткен екен ғой.
– Бар, жұмысыңды істей бер, бала... – деп бастығы күле-күле арқасынан қағып, кабинетінен шығарып салыпты.
Міне, мен білетін Мархабат аға осындай азамат еді.
Оралхан ДӘУІТ