«Мен де блогермін». Депутаттар блогерлерге қалай қарайды?
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жалған ақпарат таратып, ақпараттың рас-өтірігін тексеріп алмайтын блогерлерді жазалауды ұсынды.
Ол блогерлер оңай жолмен баю үшін кез келген адамға жала жабудан тайынбайтынын айтады. Әйтсе де жұрт арасында депутаттың ұсынысы сөз бостандығын шектейтінін, сондықтан да блогерлердің мәртебесін анықтаудың қажет емес екенін айтып жатқандар да бар.
Соңғы жылдары блогерлердің дәуірі жүріп тұр. Тіпті олар кәсіби журналистерден көп табыс тауып, өзін мойындатты. Блогерлердің арасында билікті аяусыз сынап, халыққа адал қызмет етіп жүрген немесе керісінше, өз пайдасын көздейтін азаматтар да кездеседі. Анас Баққожаев ұсынған блогерлерді жазалау науқаны кімдерге қолданылады? Оның үстіне жұрт арасында «Кейбір блогерлер биліктен ақша алып, ақылы пост жазады» деген әңгіме шықты. Мәселен, Жаңаөзеннің жүздеген азаматы Астанаға келгенде «Жаңаөзендіктер 700 мың теңге жалақыны қомсынып, ашкөздік танытып отыр» деп айыптаған азаматтар болды. Бірақ олар жұмыстың тым ауырлығы мен экологиялық жағдайға байланысты денсаулығына орасан зор зардап келетінін қаперге алмады.
Сондай-ақ блогерлер «Еркіндік қанаты» қорының атқарушы директоры Елена Швецованы «Бақылаушылардың құпия деректерін рұқсатсыз жариялап жіберді» деп, негізсіз айыптаған болатын. Аталған ұйым сайлауды әділ өткізуге күш салып жүрген ұйым болған соң билікке ұнамауы мүмкін. Ал блогерлерге Елена Швецова несімен жақпай қалды? Жалпы билікшіл блогерлерді жазалау керек пе? Осы және өзге де сұрақты депутаттық сауал жолдаған Анас Баққожаевтың өзіне қойдық.
«Өз басым биліктен ақша алып, пост жазды дегенді кездестірген жоқпын. Мүмкін әлеуметтік желіде ондай материалдарға кезікпеген шығармын. Бірақ менің ойымша, билік блогерлерге ақылы пост жаздырмайтын сияқты. Себебі бізде Ақпарат министрлігінен қаржыландырылатын «Хабар» мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы бар. Егер үкімет өзінің ақпаратын жеткізетін болса, аталған танымал арналар арқылы жеткізер еді. Ал енді біреуді жалдап, арнайы материал беру деген менің миыма қонбайтын нәрсе.
Ақылы пост жазатын азаматтарды «Билікшіл блогер» дегеніміз қалай болар екен? Бірақ тексерілмеген ақпаратты пайдаланып, бір жақты айыптау болатын болса, әрине, жауапкершілікке тарту керек. Заң алдында бәрі бірдей болу керек. Егер халықты ашықтан-ашық айыптайтын болса, онда ол жауапкершілікті мойнына алу керек», – дейді ол.
Ал Бақытжан Базарбек «Ауыл» партиясының атынан мәжіліс депутаты болған Анас Баққожаевтың пікірімен келіспейді. Керісінше, ол «БАҚ пен блогерлерге бостандық беруіміз керек» деген ұстанымда.
«Себебі азаматтар тарапынан қоғамдық қадағалау болу керек. Әр салада бақылауды күшейтуіміз қажет. Бірақ қандай да бір бопсалау секілді арам пиғылдағы азаматтарға тосқауыл жасау керек. Яғни таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпауымыз қажет. Өйткені таяқтың бір ұшы адал жұмыс істейтін БАҚ пен блогерге тиіп кетпес үшін бұл мәселені мұқият қарау керек.
Жаңаөзендіктерді айыптаған блогерлерге келетін болсақ, негізі ақылы пост жазу дұрыс емес тірлік. Себебі ақша төлеген адам өзі туралы жаман нәрсені жаздыра ма? Жаздырмайды. Орысша айтқанда «Кім ақша төлесе, музыкаға сол тапсырыс береді». Яғни ақша төлеген адам не жазу, қандай ақпаратты ұсыну керек екенін өзі нақты белгілейді. Ақиқат төлеген адамның тарапында болады. Сондықтан бұл ақиқатты шынайы ақиқат деп есептемеймін. Шынайы ақиқат – тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарында болады», – дейді ол.
Депутаттан «Ақылы пост үкіметті күрделі жағдайдан шығара ма, жоқ әлде жағдайды одан сайын ушықтыра түсе ме?» деп сұрадық.
«Әр нәрсенің өз себептері бар. Егерде белгілі бір органның жұмысын насихаттау керек болып, оны блогер жазса, оны түсінуге болады. Мемлекеттік мекеменің жазылушысы аз болғаннан кейін танымал блогердің көмегіне жүгінгенде тұрған ештеңе жоқ. Мысалы, «Мына бағдарламаны халыққа ұсынайын деп отырмыз. Осы туралы жаз» дейтін болса, мен оны түсінемін. Бұл заңды. Бірақ та ақылы түрде жалған ақпаратты шын деп көрсететін блогерге сенуге болмайды», – деді депутат.
Блогерлік арқылы депутат болған Дәулет Мұқаев кез келген адамның азаматтық ұстанымы болу керек деген пікірде. Алайда депутаттың ақылы пост жазуды қатты айыптамайтынын байқадық.
«Менде блогер болдым, әлі де блогермін. Депутаттық қызметпен қоса өзімнің блогымды да жүргізіп отырамын. Осы уақытқа дейін «Дәулеттен» деген парақшам болды және оны қазір командам жүргізеді. Екі миллион жазылушы болғаннан кейін «Мынаны салып берші, ақшасын төлейміз» деген ұсыныстар келіп түсетін. Мысалы, бірде маған бір облыс әкімін мақтап жазу туралы ұсыныс түсті. Олар «Мәтінін өзіміз жазып береміз. Сіз тек парақшаңызға салсаңыз болды. 500 мың теңге береміз» деп шықты. Мен оны жариялағанмен, құдайдың алдында ұялатын адаммын. Оның үстіне, ол адамды өмірімде көрген емеспін және ол облысқа әрі кетсе 2-3 рет барған шығармын. Өзім тұратын Астана, Алматы немесе туған жерім Абай мен Шығыс Қазақстан облысы болса, онда мүмкін басқаша болар ма еді. Бәрін қадағалап, көріп жүргеннен кейін барды бар, жоқты жоқ деп айтамын.
Ал енді ақша беру тұрғысынан әр адамның өзінің позициясы болу керек. Көп жағдайда блогерлер «Бұл ақылы пост емес, оны мен өзім жаздым» дей салуы мүмкін. Билікшіл блогерлерге келетін болсақ, егер ол дәлелденетін болса, заң аясында жауапкершілікке тартылуы керек. Блогерлік туралы заңды депутат болмай тұрып көтерген болатынмын. Егер заң қабылданатын болса мен оны толығымен қолдаймын», – дейді ол.
P.S. Байқап қарасақ, билік өзін аяусыз сынайтын блогерлердің аяғына тұсау салғысы келетін тәрізді. Ал үкімет ыңғайсыз жағдайға қалғанда адвокат болып шыға келетін ақылы пост иелеріне бұл заң қауіпті бола қоймайды.