Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:58, 19 Шілде 2022

Мен де кеше дəл сендей мөлдірегем…

None
None

Кеудең от боп жанатынын біле ме?

Жан отының тоңатынын біле ме?

Жанның жалғыз қалатынын біле ме?

Жанның көзден таматынын біле ме?

Ойдың ойсыз жонатынын біле ме?

Жүрек қысып соғатынын біле ме?

Құштарлықтың болатынын біле ме?

Орманыңды өрт алатынын біле ме?

Жасын тиген шарпылысын біле ме?

Ауасы жоқ алқынысын біле ме?

Күн көзіне кім тұнғанын біле ме?

Күнде өзіне ұмтылғанын біле ме?

Жәудіреген жан дірілін біле ме?

Жанды іреген таң күбірін біле ме?

Мүмкін емес, мүмкін емес білмеуі...

Мүмкін қажет емес шығар үндеуі.

***

Ажырамас сенген дос та кетеді,

Ажалыңа ерген дос та кетеді.

Әжуаңа көнген дос та кетеді,

Әжуаға берген дос та кетеді.

Өміріңнен артық сүйген кетеді,

Өліп-өшіп қарпып сүйген кетеді.

Жан отымен шарпып сүйген кетеді,

Жоғалтам деп қорқып сүйген кетеді.

Арасында қалмас үшін қос оттың,

Арасында кетпес үшін қосақтың,

Өліп-өшіп сүйген жанды босаттым,

Өліп-өшіп сенген досты босаттым.

Босатқам жоқ болғаннан соң ақауы,

Босатқам жоқ болғаннан соң ап-ауыр!

Мен босатсам, ол – Тәңірдің қалауы!

Мен босатсам, өмір – оның атауы.

***

Көздерің-ай, көздерің мөлдіреген –

Ешкім жаза алмаған ол бір өлең.

О, кездейсоқ мен оны көрмегенде,

Соғып тұрған жүректі өлді дер ем.

О, мен бірақ ол көздей мөлдір емен.

Мен жоғалтқан сонда жүр сол бір əлем.

Сені қайта көрмеуге көндірер ем,

Сезім қайдан лап етті өлді деген?

Көздерің-ай, көздерің – мөлдір əлем.

Мен де кеше дəл сендей мөлдірегем.

Кеудем жанып барады сөнді деген

Тосыламын, тосырқап енді неден?

… Көздерің-ай, көздерің мөлдіреген.

***

Жүрегімді ұрлап алған

Қылмыскерсің! Ұрысың!

Ой түрмесін шырмап алған,

Тастап шықшы! Құрысын!

Түсініктер зынданынан,

Атылып шық оқ болып!

Құтқар мені жынданудан,

Не жанып кет жоқ болып!

Қолыңды бер! Жаныңды бер!

Бер өзіңді бөлместен!

Жоғыңды бер! Барыңды бер!

Сезімді бер мен кешкен!

Тентірейік, қашып, жүдеп,

Кезейікші әлемді.

Осы емес пе ғашық жүрек?

Неге тұрсың ал енді?

***

Жап-жарығым, күндей бегім!

Жап-жарығым, күн бейнелім!

Шешіндірген түн көйлегін,

Бола алсамшы күндей керім!

Жап-жарығым, күн дидарлым!

Күн жүзіңе мұң құйған кім?

Мен емеспін! Мен тек сүйдім!

Жүрегімді шын қиғанмын.

Жап-жарығым, күн тектесім!

Аласұрдық бір көкте шын.

Көңілімнен сіз кетпеңіз!

Және одан күн кетпесін!

Құтқар мені өліарадан!

Жүрек салған бүліктен!

Сағыныштан өледі адам,

Өледі адам күдіктен!

Күйін кештім заһар оттың!

Кімсің өзі? Өзім кім?

Босқынымын махаббаттың!

Көшкінісің сезімнің!

Сөздерің сондай улы.

Сөздерің сондай мерген.

Бұл ғасыр сондай шулы,

Бұл ғасыр бәрін көрген.

Болады терең ой тым,

Тым биік және аспан.

Көрмедім күшті жойқын,

Сөзіңнен сенің асқан.

Есетін желдей сөздер,

Өшетін елдей сөздер.

Сөйленбей кеткір сөздер,

Сөйлемеймін деп сөз бер.

Дірілі қайда жанның?

Күбірі қайда ойдың?

Бекзада болмыс ардың,

Түбірін қайда жойдың?

Дерт тұнған шулы сөздер,

Өрт қылған шулы сөздер.

Тірілтіп алып кеше,

Мерт қылған улы сөздер.

***

Жүрегімнің терезесі,

Сені ғана көреді.

Кепкен әбден кенезесі,

Сағынышы қорегі.

Үндемес ем ақтық емім,

Елден неге артықсыз?

Өлеңдерім сатты мені,

Басбұзар һәм тәртіпсіз!

Үлгермеген үміттерім

Ағытылып түймесі.

Сен кіргенде күліп керім,

Түстім қанша күйге осы.

Ғасырларда жүрер жүдеп

Сүйген күндер жүйесіз.

Және өлеңім жібек жүрек,

Басбұзар һәм иесіз...

* * *

Маған сенің мөлдір көзің ұнайды,

Маған сенің өндір кезің ұнайды.

Емдегені үшін емес дертімнен,

Өлмегені үшін емес өртіңнен.

Оятқаны үшін сансыз жұлдызды,

Оятқаны үшін ақын бір қызды.

Көздеріңнен түн тамады шолп етіп,

Жүрек сонда ауырады солқ етіп.

Маған сенің жалғыздығың ұнайды.

Маған сенің жалбыз мұңың ұнайды.

Ұлылығы үшін емес дертіңнің,

Ірілігі үшін емес сертіңнің.

Үйреткенің үшін жоққа көнуді,

Үйреткенің үшін отқа сенуді.

Адамда жоқ қалыбыңмен ұнайсың,

Ғаламда жоқ жарығыңмен ұнайсың.

Ол сенікі болғаны үшін сүймедім.

Сүйгенімді түсінген сәт күйредім.

Сен жоқ кезде басқа болған сөз кеше,

Өлшем келді кеңістікке өзгеше.

Жер өсінен, сағат тілден жаңылды,

Көзесінен Түн адасты сабырлы.

Бұндай халге түсіретін сен ғана,

Бұндай халді түсінетін мен ғана.

***

Тағдырды тапсырып біреуге

Қарғысты жақсылық тілеуге,

Ғайбатты үнсіздікке,

Жаным жылап жатпасын есігіңде

Ауыр естеліктерді – сұрапыл кешірімге

айырбастадым.

Сен оны жылатпа!

Өкпені жібердім келмейтін жыраққа.

Лайлы күдікті құлыншақ бұлаққа

Өзімді махаббатқа

Жанайқайын сабыр атты кереңге,

Көңіл қалауын тереңге

Қасіретімді өлеңге

айырбастадым.

***

Сен мені жан дертіңнен құрастырдың,

Мен сені жанды өртімнен құрастырдым.

Жүректің әр соғысы атыңды айтты,

Тән емес, ар соғысы атымды айтты.

Жасадың мені жалбыз иісінен,

Мен сені шын ғашықтың сүйісінен.

Құрадым сені ынтық сағыныштан,

Жұлдызға дем салдың сен жанып ұшқан.

Өшпейтін өз отыңды маған бердің,

Өшпейтін әз атымды саған бердім.

Жаңбырдан жасалған соң жауа берем.

Мен сені егіз еттім ауаменен.

О, мені күзден енді құрастырма!

Желден де, құстардан да сұрастырма!

Тәңір ол тумаған да, туылмаған!

Қайтейін, бірақ сенсіз қиын маған...

Тағы да бір күн...

Тағы да бүгін таң атты...

Тағы да бір күн сүюге сені берілген.

Ғажап қой, айтшы, өлмеуін оның қалапты,

Шығарып қойды күн қылып сені көгімнен.

Тағы да бір күн суғарам гүлді сені ойлап,

Сені ойлап және әйнегін үйдің сүртемін.

Жан бітіп сонда тірілген кезде өлі аймақ,

Ішінде күліп тұрсың нәзік күлтенің.

Тағы да бір күн өлмесін депті бұлқыныс,

Тағы да бір күн өлмесін депті жарылыс.

Оянып кетті ұйқыда жатқан мұң тыныш

Көздерін ашты көз ілмей қойған сағыныш.

Мен емес енді мың жылдан кейін сен өртен,

Тағдырын өзі көтереді екен әр самай.

Білмеймін бірақ оянамын ба мен ертең?

Білмеймін және сүйер ме екем дәл солай?

***

Осындай ма едің, дерт-індет?

О, сені бұрын кім білген?

Бал ішіп тұрып мөлтілдеп,

У ішіп тұрып күлдірген.

Кеудеміз – ғасыр тоғысы,

Сағыныштардың ойраны.

Үнсіздіктердің соғысы,

Қан жылаулардың мейрамы.

Сүюдің дертін сездік тең,

Қосылмай аққан қос бұлақ.

Ойнаймыз кейде кездікпен,

Аяусыз жанды осқылап.

Әлдекім сені ұнатса,

Әлдекім оны білдірсе.

Бақытты сәттер жылатса,

Шерлі бір шақтар күлдірсе.

Өмір мен өлім алмасқан,

Мұзтауды жарған жанартау.

Сүю де – сол бір алдаспан,

Суырған жанды самарқау.

Сүюден келер келсе өлім,

Іздеген жеті құрлықтан.

Еркіндік дейді ел сені,

Айырмаң қайсы құлдықтан?..

***

Ойладым жазым жайлы,

Көзім ілінбейді.

Өлең жазылмайды,

Өмір сүрілмейді.

Жүрек соқпақ болған,

Ішім шоқ секілді.

Тыныс тоқтап қалған,

Ауа жоқ секілді.

***

Тыныстаймын әрең неге?

18 мың ғаламнан

Жеткен бұл бір сәлемдеме.

Ешкімге сен ешқашанда

Ештеңені дәлелдеме.

Бұл әлемде таулар ойлы, ой таусыз.

Жанымыздан өтіп кетер шайпау сыз.

Сен кете біл уақытында,

Елеусіз һәм байқаусыз.

Қарымасын енді сені от күдік,

Жібер мүлде лақтырып

Күндеріңді өз-өзіңді алдайтын.

Ондай адам болған емес,

Онсыз мүлде өмір сүре алмайтын.

Әлдекімнің ғұмырында,

Әлдекімнің тағдырында.

Әлдекімнің махаббаты,

Әлдекімнің жаңбырында.

Өмір сүру шегін мүлде тауысып,

Жоқтығыңды сыйға тарт.

Мүлде басқа өлшемге,

Мүлде басқа ендікке,

Мүлде басқа кеңістікке ауысып,

Гүл секілді тамыры жоқ,

Жер секілді адыры жоқ.

Қолда бардың қадірі жоқ,

Қала алмадың жүрегімнің,

Өзгермейтін әмірі боп.

Бір кінәміз, бір күнәңіз,

Болар, бәлкім, мың күн аңыз.

Қолда тұр деп ойлап қалып,

Қол жетпеске ұмтыламыз.

Ауа сынды сезілмедім.

Су секілді аңғармадың.

Мен өзіңді өзім дедім,

Жарықсың! – деп таңғалмадың.

Енді өмір сүр ауа жоқта,

Жан дертіңе дауа жоқта.

Енді өмір сүр күн көзінсіз

Енді өмір сүр күнде өзіңсіз.

Уын жұтып, отын кешкен

Сен кете біл өкінбестен

Кеуделерден шектеулі

Жейделерден шектеулі

Шексіз сезім шексіздікке лайық

Біз Тәңірден шексіздікті сұрайық.

***

Кінәрат болар ақта да,

Ешкімді ақ деп ақтама.

Өмір деп сүріп жүргенім –

Өзіңді сүйген шақ қана.

Жұлдызы жан боп таматын,

Қаламым болды қара түн.

Жалт етіп шықсаң алдымнан,

Жүрегім соқпай қалатын.

Бір дүмпу, зор бір жарылыс.

Жасасаң етті, жаны – құс!

Өлең деп жазып жүргенім –

Өзіңе деген сағыныш!

Көзімді мөлдіреткенің –

Өзімді мөлдір еткенің.

Өлеңде – әрбір өбкенің,

Өмір боп келген көктемім.

Қарайсың кімге паңдана?

Қарайтын көзбен хан ғана.

Бақыт деп іздеп жүргенім –

Сен түсіме енген таң ғана...

***

Мен о бастан сүйген жүрек дірілі ем,

Ұйқысыздың бірі – сағыныш, бірі – мен.

Мен есіңе түскен сәтте сен әнтек,

Жымиятын ғазиз шақта тірілем.

Өз-өзіңнен өртенгенде балаша,

Хәл кешкенде түсініксіз… жаңаша...

Ойламауға мені күшің жетпеген,

Ойларыңда өмір сүрем оңаша.

Не күтесің үркек нәзік еліктен?

Албырт шақ бұл жан дүниеңді еріткен.

Сен булығып, аласұрған сәттерде,

Мен кеңінен тыныстаймын неліктен?

Бір кеудеде жүрек болып соқтым мен,

Бірақ ол да сүйгенімді жоқ білген.

Сен сағынған кезде ғана тірімін,

Басқа кезде өмір сүрген жоқпын мен.

***

Ең соңғы демім сияқты,

Ең соңғы сенім сияқты.

Ең соңғы басқан қадамдай,

Ең соңғы өлген адамдай.

Ең соңғы жолдай қысылған,

Ең соңғы қолдай ұсынған.

Ең соңғы ғаріп секілді,

Ең соңғы жарық секілді.

Ең соңғы іңір сияқты,

Ең соңғы күбір сияқты.

Ең соңғы шыққан дыбыстай,

Суырылған соңғы қылыштай.

Ең соңғы даттай сұраған,

Ең соңғы хаттай жылаған.

Өртеуге тиіс сияқты,

Ең соңғы сүйіс сияқты.

Беймаза шақты кештім мен,

Беудауа шақтан өстім мен.

Хал кештім сондай, білдің бе?

Хал кештім сондай сүргінде.

Сандырақ

Қарапайым сөздерді айтқым келеді

Мысалы, «саған қайырлы күн!» дер едім,

«Мерекеңмен!» дегім келді жай ғана.

Мағынасыз әңгіме тыңдағым келеді,

Бұлттар сонда мамық па?

Сөздер сондай тәтті ме?

Болмашыға келеді екен қуанғың,

Болмашыға келеді екен жылағың.

Не қуана алмаймын!

Не қуана алмаймын,

қаңтардан кейін.

Өзімді кінәлі сезінемін,

Қалай айтшы көз ілемін.

Тегтер: