“Мен де, отбасым да “құрал” болдық”: Көккөзова Қожағапановтың кебін кие ме?

Мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапановқа қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот процесінде SUCCESS K ивент-агенттігінің жетекшісі Ляззат Көккөзова жарыссөз кезінде соңғы сөзін айтты.
Ол, сондай-ақ, егер айыптаушы тараптың уәждері сотта қолдау тапса, бұл оқиға мемлекетпен келісімшарт аясында жұмыс істейтін барлық кәсіпкерлер үшін ескерту болатынын мәлімдеді. Айыпталушылар мен олардың адвокаттары да бұл пікірмен келісе отырып, мұндай жағдайда бизнес пен мемлекеттің әріптестігі үлкен қауіпке ұшырайтынын жеткізді.
Қазақстанда жемқорлық істері бойынша қоғам көп жағдайда құқық қорғау органдарының ұстанымын қолдайды. Миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаржы жымқырды деген шенеуніктерге жұрт күмәнсіз сенеді. Алайда бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің басшысы Ляззат Көккөзоваға қатысты іс әу бастан-ақ бұл қалыпты үлгіден өзгеше өрбіді.
Айыптау тарапы істің дәлелін нақтылау үшін бірнеше рет сараптама тағайындауға мәжбүр болды. Алайда әр сараптаманың қорытындысы қорғаушылар тарапынан толық жоққа шығарылып отыр. Куәлардың басым бөлігі 2018 жылы Петропавлда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын алға тартты. Бұл бағаны кезінде елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де айтқан еді.
Іс барысында Көккөзоваға тағылған айып бастапқыда Қылмыстық кодекстің 189-бабы (аса ірі көлемде ұрлық) бойынша қаралса, кейін 190-бапқа (алаяқтық) қайта сараланды.
Сондай-ақ тергеу Қожағапановтың бұл әрекетке ведомстволық көрсеткіштерді жақсартып, мансаптық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында барғанын мәлімдеді. Ал Көккөзова өз компаниясына пайда түсіруді көздегенімен, тергеушілер бұл қызметті әлдеқайда арзан бағада атқара алатын басқа ұйымдар да бар еді деп отыр.
Дегенмен, тараптардың уәжі мен процестің барысы бұл істің біржақты шешіле қоюы қиын екенін аңғартып тұр.
Соттағы жарыссөз барысында адвокат Макиш Ескараев Ляззат Көккөзованы қылмыс болмағандықтан толық ақтауды сұрады.
– Бұл істе тек қылмыстың құрамы жоқ деп айту аздық етеді. Мұнда мүлде қылмыс жасалмаған, - деді ол өз сөзінде.
Адвокаттың айтуынша, Көккөзованың «кінәсі» — 2018 жылы өткен форумды ұйымдастыру қызметіне нақты баға ұсынуы. Бұл ұсынысты сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігі қабылдаған, нәтижесінде форум жоспарға сай өткізілген.
Ең маңыздысы — 2018 жылы да, 2019 жылы да бұл шараға байланысты ешқандай ресми шағым түспеген. Бірақ бірнеше жылдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан мен Ресейдің шекара маңындағы ынтымақтастық форумына қатысты құжаттарды қайта қарап, мемлекет дәл осындай іс-шара үшін азырақ төлеуі мүмкін еді деген қорытындыға келген.
– Мұндағы түйткіл — Антикор біз атқарған қызметтің нақты сипаттамасына сай келмейтін техникалық параметрлер бойынша балама бағалар сұратқан. Ең сорақы мысал: біз қойған 30 мың люмендік 16 проектордың орнына, олар екі есе әлсіз бір ғана проекторға алынған ұсынысты негізге алған. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл BMW мен "Жигули-6"-ны бірдей көлік болғаны үшін бір бағада сату керек дегенмен тең, – деп түсіндірді айыптың қисынсыз екенін Ляззат Көккөзова.
Оның айтуынша, егер сот бұл айыптауды заңды деп таныса, онда мемлекетпен жұмыс істеген жүздеген мың кәсіпкер үшін бас бостандығынан айырылу қаупі туындауы мүмкін.
– Мен де, отбасым да бұл істе тек “құрал” болдық. Тергеу үшін Қожағапановты сотқа тарту жолындағы мүмкіндік болдық. Бұл арқылы олар президентке, кейін қоғамға "жемқорлықпен ымырасыз күресіп жатқанын" көрсеткісі келген сияқты. Қазір мұндай “жеңістерді” жария етуге себеп те азайып кетті. Басқа себеп көріп тұрған жоқпын, – дейді Ляззат Көккөзова.