Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:07, 09 Ақпан 2024

Мұқағали Мақатевпен ретроспективалық сұхбат - ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын

Мұқағали
Фото: из открытых источников

Алатау алыстаған сайын биіктей түседі. Бүгін қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толды.

Тірлігінде шын ұлылар көп ішінде бір төбе болып самарқау ғана күн кешеді де, пәниден өткесін томағасын алған қырандай қалықтай жөнеледі. Бүгінде Мұқаң да қазақ руханиятының тым тым ұшқары биігінде қонақтаған тұлға. Шоқан туралы айтқанда Мүсіреповтің “Оның ұлылығы сол- біз оны енді ғана түсіне бастадық”-дегені бар. Дәл сол сияқты Мұқағали да өзінің қысқа ғана ғұмырында жасындай жарқылымен өшпес нұр парлатып, кейінгі ұрпақтың бойтұмарына айналған ақын. Бәлкім осы үшін де ол өз жанына жаңа заман ұрпағын сырлас тұтқан болар. Өз сөзінде ол “Егер бір кездері менің өмірім, менің шығармашылығым әлдекімнің көңілін аудара қалса, оларға былай дер едім: Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар”-дейді.

Ендеше біз де ақынның артта қалдырған өлеңдері мен жазбаларын бір ақтарып, оның өлмес рухымен сыр шертіспекпіз.

—“Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тура, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес.” Демек поэзия таланттыға емес, талаптыға жақтас дегіңіз келеді ғой?

…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін кұдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!

Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз рөл атқарады. Өйтпегенде ше, талант буырқанса, ол өз жолымен қозғалғысы келеді және жолдан шығып кетіп, бірдемені бүлдіріп те алады, сондайда құлдар аяқ асты табыла кетеді. Ұятсыздар, олар таланттың орнын баса қоюға дап-дайын және ойлап қараңызшы, "орнын басады да". Орынға отырады да, таланттардың үстінен бұйыра бастайды. О, қандай күйінішті! Одан өткен күйініш болмайды...

—Ақын болу үшін ақында не болуы керек?

Бірінші: талант. Білімді, сұңғыла талант (диплом міндетті емес).

Екінші: ұят, өзінің нашар өлеңдерін оқығанда өзінен өзі ұялу үшін.

Үшінші: қарапайымдылық Пушкин мен Абайдікіндей болмаса да, басқалар түсінетіндей адамдық қарапайымдылық Ақылдымсымау, түсіндірмеу, тек жырлау

Төртінші: түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану.

Бесінші: еңбек, үнемі шындалып отыру үшін.

Алтыншы: жан. Жан байлығын әмәнда сақтау қажет.

"Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті"...

Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, Халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

—Ал азамат болу үшін не қажет?

Шынайы шын ақын – өз халқының, шаттанса шаттығы мен қуанышы, жыласа көкірек шері мен көзінің жасы. Осыдан барып оның азаматтығы да, ақындығы да сарапқа түспек. Адамның, тек қана адамның адал сезімін мына алапат ғасырдың шаң-тозаңдарынан, сәуле-шашырандыларынан
калай да корғап калу жалпы дүниежүзі ақындарының қазіргі
замандағы миссиясы осы. Демек, осындай миссияны орындай алу үшін ақын болу, тіпті лирик болу аз, әрине. Күрескер болу керек. Ал күрескер болу – азамат болу деген сөз. Өз дәурінің, өзі өмір сүріп отырған коғамының азаматы болу дегеніміз асқан жауапкершілікті керек етеді. Ал ақын дегеніміз – өз дәуірінің бірінші нөмірлі азаматы. Халық өзінің азаматымен, даңқын жырға бөлер ақынымен халық.

—Поэзия табиғатты суреттеу керек пе, адамды жырлау керек пе?

Табиғатты адамсыз, оның әр сәттегі көзқарасынсыз, көңіл-күйінсіз қалай түсінуге болады? Адам табиғатты түйсінген, түсінген. Сондықтан табиғат онымен бірге жырлануға тиіс. Табиғат сол өз қалпында әдемі, оны әдемілеудің қажеті жоқ, Қалай көрінсе, суреткер оны сол қалпында беруі керек. Мысалы, жер – жер, ай – ай, күн – күн, тағы-тағылар. Оларды немен салыстыруға болады? Оларға қай адамның қалай қарайтыны, қалай қабылдайтыны, ол басқаша жағдай. Ал оларға теңеу табам деп іздеу кәдірсіздік емес пе?

Қай ақын табиғатты жырламайды? Бірақ қайсысы қай жағынан келеді? Бұл – сұрақ. Мысалы, Пушкинді алайық. Онда табиғат пен адам және оның көңіл күйі біртұтас. Пушкин поэзиясында адам мен табиғат бірге жырланады, бір-бірінен қалыспайды. Менің ойымша... Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен рөл атқаруға тиіс. Қалғаны ақынның өзіне байланысты. Кімде рух болмаса, ол поэзиядан аулақ, жүруі керек, оған ол салада істейтін ештеңе жоқ. Өкінішке орай, егер олар өз ұяттары оянып, өздері солай шешпесе, біздің мына ғасырда оларды қуып тастау қиын.

—Аға, ақын болу қиын ба?

Қазір ақын болу қиын...

Өлең шығару – ең әуелі қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды және тыныштықты сүйеді. Егер мен ондай толғақ үстінде жарым жолда тоқтай қалсам, кейін онда ой соңынан қуалау маған қиын. Алғашқы құмарлықтан ажырап қалам. Ақын адамның бүкіл өмірі- оның бүкіл творчествосының лейтмотиві. Себебі, өз жүрегінің құпиясы, өз өмірінің күйініш, сүйінішін, лирикалық кейіпкері арқылы ма, басқа арқылы ма, әйтеуір, ағынан жарылып, нанымды түрде айта алмаған ақынның басқа жүрекке жол тауып, басқа ғұмырды зерттеуіне оның жан дүниесінің бұлтарыс-қалтарысын ашуға шамасы келмек емес. Ақынның өмірді зерттегені – алдымен өзін зерттегені. Ақын құдіреті – өмірден өзін, өзінен өмір жасай білуінде.

—Поэзия деген қиын соқпаққа қалай түстіңіз?

Университетті институтты бітіргенде жазушы ақын деген диплом бермейді ғой. Агроном, Зоотехник, т.б деген диплом береді. Көрдің бе, ақын мен жазушыны даярлап шығаратын оқу орны әлі жоқ. Демек оларды өмірдің өзі әзірлеп, өзі үйретеді. Олардың жолдары бұраң, соқпағы, көлденеңі көп.

Мен бір нәрсеге – поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен, табиғатпен бірге өлетініне – кәміл сенемін. Адамзат жаны қатыгез тартса тарта берсін, қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын. Ақырғы сөз сонікі.

—Қазақ әдебиетінің көші ілгері басты деп ойлайсыз ба, әлде кейін кетіп бара ма?

Қалай дегенмен де, бұл ғасырда біз алдыңғыларды ақылды санаймыз. Және оларға қызығамыз, ал соңғыларды не ақымақ санаймыз, не жолы болмағандар дейміз де, байғұсты кекесінмен менсінбей шығарып саламыз, ондайға жоғарыдан, жақтырмай қараймыз. Мыңдаған мысал келтіре алам, ол өздеріңнің де қолдарыңнан келеді... Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де қақысы жоқ. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс.

—Уақыт сынап сырғып барады. Бір кезде дауыл боп көтеріліп, асылдарды түбірімен жұлып әкеткен уақыт дауылы бүгін ысқыра желдетіп, олардан қалған мұраларды да шаң бастырып жатыр ма деймін. Жалпы адам барған сайын әдебиеттен қашықтай түскендей ме?

Қазіргі жастардың қайсысы Пушкиннің “Евгений Онегинін” немесе Байронның “Чайльд Гарольдін” оқып басын қатырады. Ондайлар зорға табылар. Лермонтовтың "Шайтанын" аяғына дейін оқып шығуға олардың, шыдамы жетер-жетпесіне кумәнданам. Қазіргі ұрпақ, бүгінгі күнімен өмір сүреді. Олар үшін өмір театр емес, өте шығатын эстрада. Олар кереметке де нанбайды: оларға ештеңе керемет емес; олардын талғамы тез өзгереді. Маған терең, ойлау, өзін және өзгені тану оларға жат сиякты боп көрінеді.

—Аға, енді сол жаңа заман ұрпағы сізді кім деп танығанын қалайтын едіңіз?

«Мен ⅩⅪ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Одан кейінгі ұрпақтың тусымын»

Поэзияда ақынмен ылғи бірге жүретін “Мен” дейтін біреу барын бәріңіз де білесіз. “Менсіз” ақын болмайды. “Мен” ақындардың космодромы сияқты, онсыз старт алуы қиын, “Менді” пайдалана білу ақыннын нағыз шеберлігі. Сондықтан мен өзімнің “Менім” аркылы жасырып жаппай өмірімнін шежіресін жасап шықтым. Жанымның басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс мұңы мен куанышы - бәрі сонда.

—Сіз өлімнен қорқасыз ба?

Қорқам. Қорқатын себебім: өмірдің қуанышын татып көргем жоқ, шығармашылықтың қуанышын жолыққам жоқ, бар өмірімді жоқшылықта, жоқшылықтан үнемі үрейленуде өткіздім. Қысқасы, туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу – қашанда қорлық қой...).

****

Күні ертең өліп кетердей,

Жастыққа қорқа бас қойдым.

Өмірім босқа кетер ме, ей!

Өруін таппай таспа ойдың?!

—Қазіргі әлемде болып жатқан толқыныстар жөнінде не айтқан болар едіңіз?

Мені дұрыс түсін, қымбаттым, поэзия журналистика емес, ал ақын дабыра туғызатын жағдайларға жүгіре беретін журналист емес. Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз – өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін "адам жанының инженері" болып қалу керек...

—Біз бүкіл әлем әдебиеті тарихынан бұрын да, бүгін де, поэзияның өзін классификациялап, ақындарды да сан түрлі сарапқа сап, эпик деп, лирик деп бөлетіндігін білеміз. Сіз өзіңізді қай санатқа жатқызасыз? Сұрғыш бояуы қалыңдау кей өлеңдеріңізге қарап пессимистік сарын деп бағалай аламыз ба?

Ол дұрыс та шығар, бірақ та бәленді "махабат жыршысы", түгенді "табиғат жыршысы", тағы біреуді "адамгершілік жыршысы" тіпті ақырында "оптимист", "пессимист" деп атаудын өзі қалай болар екен? Айтайын дегеніміз біз бас қатырып жүрген оптимизм де, кездесе қалсақ, айнальш, орағытып өтумізге тура келетін әлгі пессимизмі кұрғырдың сезім түрткілерлік сиқыры да екеуіне бірдей қызмет етпеді ме? Адам сезімінің зерттеушісі бола тұра жалпы жұмыр басты пенделерге ортақ, күйініш-сүйінішті айтпай ақын кайтіп тұра алмақ?! Өмір бар жерде күрес бар; күрес бар жерде адам бар; ал адам бар жерде қуаныш та қайғы да бар.

Ақын жүрегі сыр жасыра алмайтындығы рас болса, онда ол екеуіне де соқпай кете алмайды. Дүниенің батысы мен шығысы әлпеттес, шаттық пен мұң деп аталатын осынау екі көкжиекте оның ақындығы да, азаматтығы да тоғыспақ.

Сіздің бүкіл ғұмырыңыз бойында соңыңыздан қалмаған сынағыштар бүгінгі күні де құр жатқан жоқ. Қазірдің өзінде сізді біреулер “Теңдессіз ақын” деп мақтаса, біреулер “Тәртіпсіз ақын” деп даттаумен келеді. Бұған не дейсіз?

Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен ХХІ-ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да...

Егер бір кездері менің өмірім, менің шығармашылығым әлдекімнің көңілін аудара қалса, оларға былай дер едім: Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлеңімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Біріктіріп қарағанда, ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар. Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным ــ бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қам жеулері мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын, яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қойыңдар. Ал, композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мен онда болмасам, онда ақынның да болмағаны.

Қосқанат Бауыржан