Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:52, 02 Қыркүйек 2021

Мен өзімді сен барсың деп жұбатам...

None
None

Жапандағы жылатып аз ғаріпті,

Көзді ашып-жұмғанша жаз да бітті!

Кімге екенін білмеймін, неге екенін,

Өткен жаздан көңілде наз қалыпты.

Құлазыған ермендей жотадағы,

Жүрегіме бірдеңе батады әлі.

Жас шықпайтын көзінен қатыбездей

Бұл жаз да сүйкімсіз жаз атанады.

Мейірімге баладай өскен қанбай,

Жапыраққа қараймын өшкен жанбай.

Ала жаздай жаз емес, аласұрам

Аласапыран майданды кешкен жандай.

Жапандағы жылатып аз ғаріпті,

Көзді ашып-жұмғанша жаз да бітті...

Бұл қыркүйек қайтерін құдай білсін,

Тозған дала, жазған ұл, азған ұлтты.

*******

Сайтан сияқты кіріп алған менің ішіме,

Алмай-ақ сені кеттім ғой мүлде түсіне.

Құдайдың маған жазасы сынды кесілген,

Жиырма төрт сағат шықпайсың неге есімнен?

Басымды менің тастаған сынды дуалап,

Шыдамай кетіп ішемін неге қу арақ?

Қара таңбадай қара тізімде тұрған нөмірім

Үнсіздікке қойылған ескерткіш сынды ең ұлы.

Менен бір өткен бейшара жоқтай ғаламда,

Жоқтаймын келіп сықпыртып боқтап алам да.

Сұмырай болып бітсем де жұрттың бәріне,

Жетпейді саған, жетпейді маған тағы не..?

Құдайдың маған жазасы сынды кесілген,

Жанымды құрсап, шықпайсың бір сәт есімнен.

           *******

Жан-жүйкемді жүндей қылып түтті мұң,

Құйтақандай сені ойлаймын құтты күн:

Қатыңқылау — маған тартқан қабағы,

Ал көздері (ренжіп тұрған) — тұп-тұнық.

Бұйыртпаған көру бізге қызығын -

Бал қылығы ешкімде жоқ бұзығым!

Біз екеуміз бола салар бақытты

Басқалардай күшті емеспіз құзыры.

Шыр-шыр етіп мені іздейтін түйсігі,

Ес кіргізер еркем менің, иісі — күн!

Неге осы екеумізге келгенде

Ештеңенің келмей қойды қисыны?

Сөйлем сынды аяқталар «бірақ» деп,

Сен де, мен де түсінбейтін сұрақ көп.

Бұл өмірден тағдырлар-ай тұрлаусыз

Жылап кетіп бара жатқан, жылап кеп.

             

      *******

Сенің өкпең тарқамайды екен деп

Өмір күтіп тұра ма?

Өмір сүре береміз біз «бөтен» боп,

Жанымыз жоқ шығарға.

Бірін бірі түте береді екен деп

Өлім күтіп тұра ма?

Жанталасқан бір шындыққа жетем деп

Кешір бізді, бір Алла!

         ********

Шегірткенің шырылына тұнған кеш

Ойладым мен өтіп кеткен жылдарды еш.

Бітсе дағы бар өмірін талқандап,

Өлең жазып қоймай қойған бір жармес.

Сексеуілдей жалғыз қалған жаз құмда,

Мен өлеңді жазамын деп жаздым ба?

Отыз күнім опынумен өтті тек,

Отыз жылым қор болғандай азғынға.

Жанын жалдап жүргендей бір жат елде,

Таба алмай-ақ кетті көңіл шат емге.

Өмір қалды қоқсық болып қырықта,

Өлең қалды өксік болып пәтерде.

Жын көргендей тұра қашып дос-бауыр,

Көз алдымнан сағым болып көшті ауыл.

Кім-көрінген тілдеп қала беретін,

Айхай, менің тағдырым-ай тасбауыр!

   *******

Адамдай жүрген бекер де тегі бекерден,

Жанымды қояр жер таппай неге кетем мен?

Күн өткен сайын көтеріп жүру бір азап

Жүректі мынау бәріне, бәрі еті өлген.

Кірпікте дағы ерік жоқ тіпті қимылдар,

Қажыған көңіл ауырсынады пиғылды әр.

Түсініксіз барлық жүрісі менен тұрысы

Дауасыз күлген диуана сынды сиқым бар.

Себезгілеген сәулесін сезбес жарықтың,

Мен сірә осы жер бетінде жүрген тамұқпын.

Адам Атаның азып бір кеткен ұрпағы-ай,

Сендер ойнаған ойыннан әбден жалықтым.

Арақ ішеді менімен бірге қалып кім..??????

         *******

Ең әдемі таң болсыншы мына таң!

Мен өзімді сен барсың деп жұбатам...

Ең ақыры тамызды да жаны ізгі

Сені маған бергені үшін ұнатам.

Ең әдемі таң болсыншы таң мына!

Тек сен ғана мені аласың таң қыла.

Тұра сала суретіңді сүйемін

Шуақ болып түсе қалған алдыма.

Ең әдемі таң болсыншы таң бүгін!

Сенен басқа сенетұғын бар кімім?

Жалғыз өзі мың шақырым алыста

Тым алаңсыз ұйықтап жатқан жарқыным!!!

 

            ********

Онымды мен ұмытам ба өлгенде,

Есім кетіп қалып еді көргенде.

Содан бері сені ойлаймын еріксіз

Оқта-текте Алматыға келгенде.

Қанша жерден алдағанмен өзімді,

Өшіре алмай кеттім сол бір сезімді.

Ешкімде жоқ сенің қара көзіңдей,

Үр әлемге жалғыз ғана өзі үлгі.

Десем дағы ұят болды елден де,

Есім кетіп қалғаны рас көргенде...

Бақыт күтіп сен күлесің алаңсыз,

Шатып-бұтып ғұмыр кешті шерменде!

      *******

Бірін бірі шаршататын бос күндеп -

Телефонды қосқым жоқ.

Айта алмайтын жасқа келдік, о тоба,

Бір адаммен доспын деп.

Құса менен тола мұң -

Өзімді алдап өлең жазған боламын.

Ажал дейтін әумесерлеу о да бір -

Күтіп жүрген жалғыз менің қонағым.

Жүйке бырт-бырт үзілген,

Түн шошиды әлемтапырақ жүзімнен.

Бір албасты солқ-солқ етіп жылайды

Тамшыларға қосылып ап тізілген!

Тегтер: