«Мен рөлде болмадым»: Рахмонова өз кінәсін жоққа шығара ма?
UFC ұйымының танымал спортшысы Шавкат Рахмоновтың жұбайы – Гүлайым Рахмонова жол апаты ісі бойынша қорғану құқығы бар куәгер мәртебесінде тергеліп жатыр.
Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаменті хабарлады.
Еске салайық, қайғылы жол апаты Мойынқұм ауданындағы тас жолда болған. Сол сәтте Рахмонова Қарағандыдан Алматыға жолға шығып, көлікте ұлы және екі әйелмен бірге отырған. Өкінішке қарай, сол екі әйел апат салдарынан қаза тапқан еді.
«Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша жүргізіліп жатқан тергеу аясында болған оқиғаның нақты бейнесін анықтауға бағытталған барлық қажетті процессуалдық әрекеттер атқарылып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Аталған азаматша қорғану құқығы бар куәгер ретінде жауап алынды. Қазіргі таңда ол Алматы қаласындағы ауруханада. Тергеу шараларының нәтижесіне қарай оған қатысты процессуалдық шешім қолданыстағы заң аясында қабылданады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайды», – делінген хабарламада.
Бұл уақытта әлеуметтік желілерде Рахмоновтар отбасын қолдау науқаны жүріп жатыр. Желідегі кейбір адамдар әйелді жауапқа тарту Шавкат Рахмоновтың мансабына кері әсерін тигізеді деп жазуда. Олардың ойынша, бұл – жай ғана жол апаты, ал Рахмонов – нағыз батыр.
Алайда бұл жай ғана «жазым оқиға» емес – екі адамның өмірін жалмаған қайғылы жағдай. Егер мұндай логиканы ұстансақ, Жамбыл облысында ДКНБ қызметкерлері көз жұмған басқа апаттан тірі қалған адамды да жауапкершіліктен босату керек болар ма еді?
Гүлайым Рахмонова түсініктемесінде көлік рөлі өзінде болмағанын, көлік өз атына тіркелгенімен, апат кезінде рөлде болған адам – қаза тапқан әйелдердің бірі екенін жазған. Айтуынша, жолда қатты шаршағандықтан, олар орын ауыстырған.