08:52, 22 Ақпан 2022
Мен сені сүйемін, Отаным!
Сен мені сабама, қамама!
Басқа ұрма! Мүсіркей қарама:
Тоқпын ба, ашпын ба?! –
Жыртылған көк көйлек көкпеңбек,
Көз жасым мөлтеңдеп ағады көк тудың астында.
..
Сағындым көк тауды, көк белді, өзенді,
Ал бүгін мендегі ой өлді, сөз өлді!..
Кеудеңді сен көкке көтерме, бауырым,
Көк тудың астында көк мылтық кезеулі...
…Хан ием, хан ием көкпеңбек сақалы,
Мені өртеп барады нұрыңның шапағы...
Қатындар, жатыңдар, тумаңдар сәбиді,
Шеруге шықпаңдар, шекеңнен, шетіңнен атады!..
Бой созған халқым-ау биікке, асқарға,
Тарихын қашаған тауларға, тастарға!
Көк туды айналып ұшып жүр көп құзғын,
Көк туды айнала ұшып жүр көк қарға...
…Аузыма түскенше ақбұйра сақалым –
біткенше, өшкенше даңқым мен атағым,
Мен сені сүйемін бейшара қалпыммен,
бейшара Отаным!!!