Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:00, 17 Қараша 2021

Мен таныған Отарбаев

None
None

«Ақиқаттың алдаспаны» республикалық эссе байқауына

                 ІІІ номинация 

«Әдебиетте біз уызына жарыған тұлғалардың сарқытын іштік. Ендігілер нені жалап-жұқтар екен?!» – деп пікір білдірген қазақ әдебиетінің белді өкілдері Ғабит Мүсірепов пен Мұхтар Мағауин туралы ойын өткір айта білген, өзін Бейімбет Майлиннің шәкіртімін деп санайтын, шығармаларын атақты жазушы Шыңғыс Айтматов ерекше бағалаған, Оралхан Бөкейханның шапағатына бөленген заманымыздың көрнекті қаламгері Рахымжан Отарбаев туралы қазіргі жастар біле бермейді.

«Рахымжан – қазақтың ғажайып жазушысы. Оның әңгіме, повестерінің, пьессаларының қай-қайсысы да оқырманын бейжай қалдырмайды, ойландырады, толғандырады. Өйткені ол өмірдің құбылыстарын қарапайым жанның көргенінен өзгеше, басқаша көзбен көре алады. Сөйтіп сол өмірден түйгенін оқырманына өзінше ой түю арқылы қайтадан жеткізеді. Сөзбен сурет салу арқылы! Рахымжанның суреткерлік қуатының өзі де осында жатыр. Ол – өзін мойындатқан жазушы. Қаламгер үшін одан артық бақыттың керегі жоқ…», – деп белгілі жазушы Мереке Құлкенов айтқандай, қазақтың маңдайына біткен ғажайып жазушы Рахымжан Отарбаев расында қазақ әдебиетінің алтын қорына мол мұра қалдырды.

Өзінің естелігінде қазақтың сөзін қойдай өргізетінін, ана тіліміздің шұрайлы тіркестерін топтастырып, бір қораға қамай алатынын айтқан Рахымжан прозаны жанына серік етті. Тіптен халықаралық Айтматов театры жазушының «Абай рухы» атты пьессасымен ашылғаны тарихтан белгілі. Ол А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын туған жерінде тілшіліктен бастап, кейін арман қуып Алматы қаласына келген қаламгер Жұмекен Нәжімеденовтің демеуімен көптеген тұлғалармен араласты. Жазғаны өзгелерден ерек, мінезі – тік, тілі – шұрайлы, әдебиет пен мәдениетке теңдей үлес қосқан ерекше тұлғаны Шыңғыс Айтматов «Интелектуалды қазақ прозасының 21-ғасырдағы озық өкілі» деп аса бағалаған. Себебі басында айтып өткенімдей, проза қарымды қаламгердің егізіне айналған.

Даңқты драматург негізінен екі салада білек сыбана қызмет етті. Бірінші – шы­ғармашылық салада драматург, проза жа­затын қаламгер ретінде ең өзекті та­қы­рыптарды көтерді. Екінші – мәдениет са­ласында Астанадағы Ұлттық акаде­мия­лық кітапхананың директоры болды. Сөй­тіп жүріп, қай салада да, өзінің абы­ройлы қызметімен көзге көрінді. Халқымызға белгілі таудай тұлғалар Рахымжанның шығармашылық жұмыстарын үнемі жоғары бағалады. Соның бірі Ғафу Қайырбеков: «Жұрттың тілі жер бауырлап кеудесін көтере алмай жатса, сенің сөйлемдерің сұңқардай самғап тұрады, сені оқысам арқаланып кетемін», – деп тамаша лебізін білдірсе, Асанәлі Әшімов «Прозадағы Мақатаев» деп жазушының мінезінің ұстамдылыққа жақын екенін айтқан.

Мұстафа Шоқайдан бастап Темірбек Жүргеновке дейінгі біздің ұлы адамдарымыз туралы батыл жазып, зерттеп жүрді. Құйқалы сөздің қыдыры дарыған жазушының пьессалары Қазақстанның елу сегіз және Ресей, Қырғызстан елдерінің театрларында сахналанған. Шығармаларының шетел асуына көмек беріп, мұрындық болған Әбдіжәміл Нұрпейісов екенін жазушы өзінің естелігінде ерекше әңгімелейді.

Рахымжан Отарбаевтың бас­ты тақырыбы – Бейбарыс, Махамбет сынды қазақтың ұлы тұлғаларының тағ­дыры. Айталық, «Бейбарыс Сұлтан» пьессасы – қазақ театр өнерінде ағылшын тілінде қойған тұңғыш спектакль. Мысыр елінде құлдықтан бастап хандыққа дейін көтерілген бабамыздың ерлігін суреттейтін пьесса бірнеше дүркін халықаралық фестивальдерге қатысқан.

Бейбарыс – Мысырды азат еткен сұлтан. Бұл – біздің мақтанышымыз. Бұл – біздің ұлттық портретіміз. Дүниені дүрілдеткен қазақ қанды сондай қаһарманның шығуы халқымыздың тектілігінен хабар береді. Біз кімдермен мақтанамыз дегенде, осындай тұлғаларымызбен мақтанамыз.

Р.Отарбаевтың осындай тарихи тұлғаға қалам тартуы, әрине, тегіннен-тегін емес. Осы тұрғыдан алғанда бұл спектакльді кез келген шетелдің көрермені жаңа, жасампаз дүние ретінде қабылдайтыны анық. Өйткені ол біздің театрдың паспортына айналды десек те болады. «Бейбарыс сұлтанға» дейін «Нашақор жайлы новелла», «Шыңғысханның көз жасы», «Абай – сот», «Мұстафа Шоқай», «Айна – ғұмыр», «Әбутәліп әпенді», ««Актриса» сынды пьессалар жазды. Аталмыш шығармалардың барлығы көрерменнің көңілінен шығып қана қоймай, шетелдерде қойылып жүр.

«Шыңғысханның көз жасы» – ауқымды, жаңашыл формада жазылған шығарма. Шыңғысхан бейнесі бұған дейінгі жазылған дүниелерде қалыптасқан тарихи сипатта болса, Отарбаевтың Шыңғысханы бұл догмалы форматтың күл-талқанын шығарады. Отарбаев Шыңғысханның таза әдеби образын жасап шығарады: романдағы көптеген әдеби тәсілдердің сәтті қолданыстары арқылы әдемі ашып берді десек те артық айтқандығым емес.

         Ешкімге ұқсамайтын Отарбаев стилінен теңіздің тұзды, ылғалды ауасы, құмның сусылы, жел табиғаты, тарих қойнауынан сыр тартқан балбал тастардың алақанға білінетін бедері, сол жақтан талықсып жететін жаңғырық дауыстар, пойыз доңғалағының біркелкі соғысы, т.б алуан дүние сырлары білінеді. Осындай таудай тұлғаның қай шығармасын оқысаңыз да, оның негізгі кейіпкері қазақы рухты, таза қазақы болмысты ұстанатынын көреміз.

Иә, прозасы терең, өзіндік қолтаңбасы бар Рахымжан Отарбаевты көпшіліктің танымайтыны қынжылтады. Болашақ ұрпаққа жазушының еңбектерін кең насихаттай отырып, осы жолда еңбек етуге барлығын да шақырамын.

Тегтер: