Мен таныған Отарбаев

17 ақпан күні ҚазҰУ қалашығында өз факультетіме қарай ентелеп жүгіріп келе жатқан бойым.
Қакен Қамзин ағайдың сабағы 13:00-де басталуы керек. «Менен кейін ешкім кірмесін» дейтін ағайымыз 1 минут кешіккен студентті «есікті сыртынан жабыңыз» деп шығарып салатын. Асыға-үсіге аудиторияға кіргенім сол-ақ, Қакен ағай үстеліне жайғасып жатыр екен. Кешіккенімді түсіндім.
— Уақытты қараңыз, – деді.
Ұялы телефонымды алып, ұялғаннан не істерімді білмей біраз тұрдым. Ағай үндемейді. Тым болмаса жаңалық қарап тұрайын деп, Facebook-қа кірдім. Сол кезде ақын Бауыржан Қарағызұлының парақшасынан Рахымжан Отарбаевтың дүниеден озғаны туралы жазбаны оқыдым. Оқтай қатып қалдым. Терең ойға шомып кеткен болуым керек, ағайдың «жайғасыңыз» деген сөзін естімеппін де. Топтастарым «Айжан, «отыр» деп жатыр саған» деп шулағаннан кейін барып дел-сал адам құсап орныма жайғастым. Сондағы ойлағаным – «сұхбаттаса алмадым» деген өкініш болды. Мен алғаш рет «Журналистика» мамандығына оқуға түскенде өзім сұхбаттасқым келетін адамдардың тізімін жасап қойғанмын. Онда тізбекті алғаш болып Рахымжан аға бастап тұр.
Оған қоятын сұрақтарым көп еді ғой… Мен оқуымды бітіріп, журналист болғанша неге күтпедіңіз… 3-курс студентін осы сұрақтар мазалады. Ең қызығы, үш жыл бойы бізге дәріс оқып келе жатқан Қакен ағай осы уақытқа дейін кешіккен студентін аудиторияға адымдатпайтын. Сол күні маған «сүйікті жазушысы жазым болды» деп аяды ма екен, алғаш рет әдетінен аттады.
Бұл қайғы барша қазақ руханиятына соққы болды. Қарымды қаламгер нағыз шоқтығы биік шығармалар туғызар сәтінде дүниеден озды. Көрнекті жазушы өзінің қойынжазбасында: «Біреу қазалы болса, «сұм ажал» деп сөйлейтіндер көбейіп кетті. Әрине, жас па, жасамыс па, өлімнің жолы ауыр. Алланың әміріне адам болып қарсы тұра алмаймыз. Лаж жоқ. Десе де, өлім – Жаратқанның бұйрығы. Демек, Алланың ақ жолы. «Сұм ажал» деп, біз сол бұйрыққа қарсы келіп, кермал сөз айтып жүрген жоқпыз ба? Ойланайық...» – деп жазған. Осы жазбаларды оқып алып, ағамды Алланың ақ жолына кетті деп, бала арманымды ақпанмен бірге алысқа аттандырдым. Адал оқырманы, сұхбаттасуға зәру болған жас журналист ретінде қолымнан бар келгені – екі алақанымды жайып, ағамның ақыреттік өмірде нұрлы болуын тіледім.
Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығымен алғаш рет танысуым «Арал тағдыры – адам тағдыры» ұранынан бастау алды. Ол күнделігінде: («Жас Алаш», «Көрген-баққан» айдары) «Бір күні Фариза апам Оңғарсынова көшеде көріп қалып, «Шаханов екеулерің Аралды сиіп толтырайын деп жүрсіңдер ме?» деп ұрысты», – деп жазғаны бар. Расында да, Фариза Оңғарсынова айтқандай-ақ, Арал теңізі қолдан жасалған қиянаттан құрдымға кеткен еді. Рахымжан Отарбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетінде мақалалар шоғырын қозғатқан ұраны су мен шуды қатар ағызып, қаламгердің тауып айтқан осы қос сөзі нақыл сөздей нақышталып, ауыздан-ауызға, қаламнан-қаламға көшкен болатын.
Арал – күндіз-түні жел үрлеп, құм мен тұзы араласа ұшса да, мен үшін ыстық, туғам жерім. Мектепке сор кешіп, аяқкиіміміз ақтаңдақ боп әрең жететін едік. Атам марқұм тартылып кеткен теңізін іздеп, құмды айнала құлазыған аққулар құсап сорға айналған Аралдың іздерін іздейтін. Таң атса болды, құмға аялдаған кемелердің жанынан шықпайтын еді. Мен ештеңе түсінбесем де, атама еріп, қазір музейге айналған сордың үстіндегі кемелерге келетінмін. Сондағы атамның көз жанары бауырын жоқтап боздаған баладай көрінетін еді… «Ай, әттеген-ай» дейтін ауыр күрсініп. Сонда мен атам үшін «Аралды қайтарып алып келемін» деп өзіме серт бергенмін. Атам мәңгілікке жол тартқаннан кейін, Рахымжан Отарбаевтың «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүрген кездегі Арал туралы жазбасын оқып, атам аңсаған арманның иісін сеземін деген серпіліс болды. Мені өзінің туындыларына құштар еткен жазушының оқырманына деген алғашқы қадамы осылай басталды. Балалық шақтағы басты арманымды Рахымжаннан бастап, бойжеткендегі алғашқы сұхбатымды Рахымжанмен бастасам деген бейкүнәлік қой менде… Бір кем дүние дейміз...
Рахымжан Отарбаев қаламынан туған шығармалар ең әуелі халқының, өз ұлтының мұң-мұқтажын, қайғысы мен қуанышын, жетістігі мен кемшілігін кернейтін. Ол қазақтың ұлттық рухы мен әдебиетінің алдыңғы қатарында тұрған жазушы. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Мен өз басым Рахымжанды бүгінгі, яки XXI ғасырдағы қазақтың Чеховы дер едім. Рахымжан өте шебер, өте ойлы және жаны сұлу жазушы», – деген сөзі бар еді ғой. Ал мен үшін Рахымжан – атаммен арманы ұқсас ардың адамы. Мен танитын Отарбаев жүректің түкпірінде, орындалмай кеткен бала тілектің тізбегіне жайғасқан...