«Мен ұйықтадым». Қадірсіз депутаттар, жауапсыз сұрақтар
«Жас Алаш» газетінің 11 сәуір 2023 жылғы №27 нөмірінде Жарас Кемелжанның «Әкелер мен балалар және иттер» атты мақаласына байланысты пікірімді білдіруді жөн көрдім.
Бүгінде жемқорлық жайлаған, адамдардың едәуір бөлігін сенімсіздік пен үрей билеген, әділетсіздік пен қиянаттың шегі көрінбей, жалғаншылық пен екіжүзділік белең алған, қымбатшылық қысқан кезеңде өмір сүріп отырмыз. Дәл осындай алмағайып заманда халықтың сенімін арқалаған депутат халықтың жанайқайын, мұң-мұқтажын, талап-тілегін билікке жеткізіп, халықтың құқын қорғауға міндетті. Алайда, «Жас Алаш» газеті жазғандай, «Жаңа Қазақстанның» жаңа депутаттары халыққа берген уәдесін ұмытып, мәжілістегі алғашқы сұрағын үйсіз-күйсіз қазақтың емес, үйшіксіз бұралқы иттен бастап кетіпті. Енді бірі – келесі сауалын шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздары «Қазақстанға салық төлесін» депті. Ел ішіндегі түйткіл аз ба еді?
Ешқашан орындалмайтын, айтыла-айтыла жауыр болған, ешкім селт етпейтін арзан әңгіме мәжілісмендерді қанағаттандырар. Бірақ одан да өткір мыңдаған проблемасы бар қазақты қанағаттандыра алмайды. Тіпті Астанада жаңаөзендіктермен кездесуге барған депутаттарға: «Ертерек келмедіңіздер ме? Күн суық, олар түнімен далада жатты» деген журналист сауалына біреуі: «Ерте келгенде бірдеме өзгеріп кетеді ме?» – десе, енді бір депутат: «Мен ұйықтадым», – деп жауап берді. Тіпті «Жаңа Қазақстан» мәжіліске барған су жаңа депутаттары орындарына жайғаспай жатып, артындағы былықтары ашылып жатқанын аталмыш мақалада жан-жақты жазылды. Содан кейін бұл депутаттардың халық алдында қадірі бола ма? Халықтың көзі, халықтың өкілі болғаннан кейін сол үшін де депутат дұрыс нәрсемен айналысатын болса, жеке бір ісімен, әрекетімен үлгі берсе жөн болар еді.
Елдің қал-ахуалын жіті қадағалап, билікке сүйенбей, адал қимылдап, әділ сөйлеп, таразы басын тең ұстаса дейсің. Алайда, бүгінгі күннің шынайы болмысына қарасаң, парламентке кімнің, ненің арқасында келгенін жақсы білетін, түсініп-түйсінетін депутаттардан асқан батылдық, принципшіл ұстаным, халыққа қарайлас пейіл-ниет күту бекершілік.
Бүгінде саяси ойында елге танымал адамдарды партия қатарына тартып, жұрттың көзіне түсу қалыпты жағдай. Бірақ биліктің партиясы барлық кезде танымал жандарды төбесіне көтере бермейді. Атағын пайдаланған соң таптап тастайтын әдеті бар. Әсіресе қазіргі саяси жүйеде танымал тұлғалар мандат алып, депутат атанған сәтінен-ақ көпшіліктің сүйіспеншілігінен, өзінің даралығынан оңай айырылып қалатынын көріп жүрміз. Қазіргі қалыптасқан саяси жүйеде жеке тұлға үшін депутат болу – өсу емес, өшудің бір жолы. Яғни парламенттегі көп шуылдақтың ішінде жүріп сіңіп кетеді, не тіл табыса алмай сынып кетеді. Әрине, биліктің ішіне кіріп, әділетсіздікпен бетпе-бет күресу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Әйтсе де, Рысбек Сәрсенбай, Мұхтар Тайжан, т.б. барғанынан мәжіліс ұтпаса, ұтылмас еді. Бүгінгі парламентте отырған депутаттарға қарағанда бұл азаматтар қай жағынан болса да, салмақтылау. Сондықтан халық осындай сөзі мен ісі қабысқан тұлғаларға сенеді. Ел ісіне араласқанын қалайды.
Біздің ғана емес, көпшіліктің, халықтың ой-таразысы осыған саяды. Алайда, Қазақстанда шынайы партия құратын немесе сайлауға түсетін тәуелсіз үміткерлерге еркіндік берілмеді. Бұрында да, қазір де солай. Сондықтан парламенттік сайлауға сенімсіз және бағынбай кетуі мүмкін кандидаттарды жібермеуге тырысады. Ендеше, бұл жолғы сайлауға тек ең сенімді, әбден тексерілген адамдар ғана қатыстырылады. Демек, бүгінгі парламенттегі депутаттар жұрт алдындағы беделімен емес, билік иелерінің күшімен сайланған депутаттар. Кім нендей пікір айтса да, тоқетері: бұл жолғы парламент сайлауы белгілі бір сценарий бойынша қойылып келе жатқан көп көріністі «Біздің парламенттік сайлау» атты тым сұрықсыз спектакльдің жалғасы деуге болады. Шын мәнінде демократияны жақтаушы, сол үшін күресуші топ ұсынған кандидаттардың ешқайсысы өтпей қалды. «Бұрынғы сайлаулар дауысты ұрлау болса, бұл жолғы сайлау дауысты тонау болды» дегеннің кері келді. Мұны арынан аттап кете алмаған сайлаушылар, жігері құм болған кандидаттар ашық айтты да, жазды да. Жыл өткен сайын сайлау жүйесін жетілдіру арқылы әділ, еркін сайлау жүйесіне қарай қадам басуға тиісті едік. Көп жылдардан бері алғаш рет әлеуметтің «Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан басқаша бола ма?» деген үміт болды. Сайлау өтсе, онда құқықтық мемлекет құрудың алғашқы қадамы жасалынар еді, саяси реформаларға жол ашатын парламент болар еді. Бірақ барлығы да теріс болып шықты. Биліктің сайлау алдында сан рет «кепілдік берген», «қамтамасыз еткен», оның бәрі немен тынғаны белгілі. Көпшіліктің дауыс беруге деген көңілін қалдырып тынды. Кімге ол кепілдік берді, сол парламентке топ ете түсті. Билік неліктен бұл жолы да тайғанақ соқпаққа түсті? Неліктен әділ сайлау өткізе алмады? Сұрақ көп, күдіктен арылтар жауап жоқ. Қазақстандағы адам құқының бұлайша тапталып жатқаны соңғы кездері биліктің әбден жарнамалаған «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «саяси реформа жасаймыз» деген уәделерінің жалған екенін ашып берді.
Бұл парламент іске қосылғаннан кейін, халық бұдан ешқандай әлеуметтік өзгеріс күтпейді. Билікке деген сенімсіздік осындайдан туады. Сайлауды әділ өткізбеген биліктен қоғам кез келген мәселеден күдіктенетін болады. Олар осынша бұрмалаумен өткен сайлауды адал, әділ саналмайтынын түсінбей ме? Сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарын қудалау, тамыры тереңге жайылған жемқорлық, кейінге ысырылып, жылы жауып тасталған мәселелер, бет бақтырмайтын арнайы қызмет түрлерінің көбеюі мен сайлау қорытындыларын бұрмалау, қиянаттар мен қасіреттер сол саяси реформаны кейінге қалдырудан туындап отыр.