Мен «Жас Алаштың» төл баласымын...

Халық арасында «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген қанатты сөз бар.
Халық сүйіспеншілікпен айтатын осы қанатты сөз 100 жылдық тарихы бар, бұрынғы «Лениншіл жас», бүгінгі «Жас Алаш» газетіне арналып айтылғандай. Ол жастар басылымы болса да, қазақ журналистикасының ауыр жүгін арқалаған қара нарына айналып, бір ғасыр бойы ұлт мүддесі мен ұлт болмысын, небір жақсылар мен жайсаңдарын, әдебиет пен өнердегі және мәдениеттегі, ғылымдағы жетістіктерін, ең бастысы, қоғам өміріндегі әділдік пен шындықты, ақиқатты талмай жазып, қалың оқырманның ыстық ілтипаты мен ықыласына бөленіп келеді.
Тәуелсіздігімізді алған 30 жылдың ішінде «Жас Алаш» газеті жастың да, кәрінің де іздеп жүріп оқитын ең беделді басылымына айналды. Өйткені айтулы басылым қара қылды қақ жарып, шынайы әділдікті жазады, ақиқаттың алмас қанжарына айналды. Ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздігімізді қалай сақтап қаламыз? Біз қайда бара жатырмыз? Болашағымыз бен келешегіміз не болмақ? Алға басуымызға президент, үкімет, өңір басшылары тарапынан қандай кемшіліктерге жол берілуде? Бүкіл қазақстандықтардың көкейіндегі осы күрделі сұрақтарға жауап іздеп, «Жас Алаштың» журналистері адал еңбек етіп, шынайы қалам тартып, нағыз журналиске тән ізденіс, табандылық пен ерлік көрсете білді. Биліктің көретін көзі, еститін құлағы болса, бір нәтиже шығар. Жақсылыққа, ертеңгі жақсы күнге сенетін қазақ деген халықпыз ғой.
Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған мақаламды «Мен «Жас Алаштың» төл баласымын» деп бастауымда үлкен мән бар. 1963 жылдары Жамбыл облысы Жуалы ауданы қазіргі Қарасаз ауылындағы орта мектепте 6-сыныпта жап-жақсы оқып жүргенмін. Әкем жалғызілікті, Ұлы Отан соғысына қатысқан мүгедек жан. Жасы да біразға келіп қалған, солай болса да, колхоздың ауыр жұмысынан бір қалмайды. Анамның да денсаулығы онша мәз емес. Алдымда екі жас үлкендігі бар ағам, менен кейін үйелмелі-сүйелмелі үш кішкентай қарындасым бар. Үйдегі бар ауыртпалықты әкем көтереді, үнемі шаршап жүреді. Бір күні мені оңаша алып қалып, өз ойын айтты.
– Балам, – деді ол күрсініп. – Анаң бір күн ауру, бір күн сау, мен де қалт-құлт етіп әрең жүрмін. Бектұрсын ағаң тұңғышымыз болған соң, еркелеу өсті, оның үстіне шаруаға онша қыры жоқ. Білемін, сен тәп-тәуір оқып жүрсің, бірақ саған мектепті тастауға тура келіп тұр. Үйдің кенжесі болған соң, мына шаңыраққа түбінде сен ие боласың. Сондықтан да сенің жұмыс істеуіңе тура келеді.
– Тәте, сонда мен қандай жұмыс істеуім керек? – дедім екі көзім жыпылықтап.
- Ауылдың жеке қойын бағасың, – деді әкем орнынан тұрып жатып. –тұрғындармен келісіп қойдым, жұмысыңа ертеңнен бастап кірісетін бол.
Кішкентайымнан әке сөзін сыйлап өскен ауылдың баласымын. Жас болсам да, ол кісіні іштей мүсіркеп аяймын. Бізді қалай асыраймын деп, басын тауға да, тасқа да соғып жүр. Қарсыласып қайда барамын, ертесіне ауылдың жеке қойын бағуға шықтым. Менің қатарластарым улап-шулап мектепке бара жатқанда, еңсем түсіп, жаным жабырқап, ауылдың орталық көшесінің қой мен ешкісін өріске қарай айдап бара жаттым. Күнде таңертең осылай, қой соңында салпақтап келе жатқан мені ауылдың балалары «Доқтырхан пастух, Доқтырхан қойшы» деп келемеждейді. «Үш күнде көрге де үйренесің» деген сөз шын болып шықты. Оған да үйрендім. Осылайша бір жыл қой бақтым. Еш алаңсыз мектепке бара жатқан құрдастарыма ұрлана, қызыға қараймын. Мен де олар сияқты инженер, дәрігер, журналист, тіпті ғарышкер болуды армандайтынмын. Күні бойы қой соңында жүріп, өмір бойы қой бағып, өз қатарымнан қалып жүрмеймін бе? Ертеңгі болашағым не болады деп іштей қынжылып уайымдаймын.
Алпысыншы жылдардың басында «Лениншіл жастың» атағы дүркіреп, тасы өрге қарай өрмелеп тұрды емес пе?! Газетке шығатын мақала шетінен мықты, алуан-алуан тақырыптарды көтеріп, шаңын қағып-қағып алады. Қойшы бала болсам да, газеттің бірде-бір санын босқа жібермей, жата-жастана оқимын.
Бір күні қой соңында жүріп, өзімнен-өзім қиялданып, бесіктен белім шықпай жатып, әкемнің мал соңына салпақтатып салып қойғанына өкпелеп, ойымның бәрін ақ қағазға түсірдім де, «Лениншіл жасқа» жолдап жібердім.
Бұлай болады деп кім ойлаған, арада бір ай өтпей жатып «Менің оқығым келеді» деген етектей мақалам жарқ ете қалды. Құдай салмасын, біздің ауыл ауыл болғалы бері дәл осындай дүрлікпеген болар. Менің адресіме Қазақстанның түкпір-түкпірінен хат атаулы қарша борады. Хат жазғыштардың бәрі: «Доқтырхан! Адам бол, қойды таста. Үйіңнен тентіреп қашып кетсең де – оқы!» деп, шеттерінен ақыл айтуға шебер. Ол аз болғандай, шағын ауылымызда комиссия біткен қара қытайша қаптап кетті. Бір күні совхоздың бір топ соғыс ардагерлері келіп, әкемді қыспаққа алып, өздерінше «бюроға» салды.
– Әй, Тұрлыбек, ай жарық, күн аманда саған не болды? Оқимын, адам боламын деп жұлынып тұрған балаңды неге оқытпайсың? Әлде сен феодализмнің қалдығы болайын дедің бе? Біз фашист суолыштарымен осылардың болашағы үшін соғыстық емес пе? Бір қолыңнан айырылсаң да, осыны түсінбейсің бе? Баланы қой бақтырып қоюға саған кім право берді?
Онсыз да қайда қашып тығыларын білмей отырған әкем қатты сасқалақтап, маңдайынан шыққан қара терді сүрткіштей берді. Кейін білдім, сол кездегі «Лениншіл жастың» мүйізі қарағайдай бас редакторы Шерхан Мұртаза ағамыз екен.
Мен көп ұзамай-ақ мектепке қайтадан бара бастадым. Кім біледі, егер сол мақалам газетке шықпаса, тағдырым мүлдем басқаша болар ма еді?! Жалпы, ол кезде басылым атаулы адам баласының тағдырына селқос қарамайтын, жанашыр, үлкен қамқоршы болатын. Орта мектепті бітірген соң, Қаратау қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, электрмен дәнекерлеуші мамандығын алдым. Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, Жамбыл қаласындағы үлкен құрылыстың бірінде жұмыс істеп жүргенмін. Қолым қалт етіп босай қалса, газет-журналдарға хабар-ошар жазып тұрамын. Сол жылдары «Лениншіл жасқа» бірнеше очеркім, мақалаларым жарияланды.
1972 жылы Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетіне қызметке шақырылғанымда төбем көкке жеткендей болды. Көп ұзамай-ақ көршілес жатқан Свердлов ауданындағы «Село жаңалығы» газетіне бөлім меңгерушісі болып жұмысқа ауыстым. Ал 1977 жылы қаламының икемі бар журналист ретінде Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне жұмысқа шақырылдым. Осы жылдары Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп, жоғары білім алдым. 1984 жылы Алматыға Қазақ телевизиясына қызметке ауысудың сәті түсті. Қазақ телевизиясында редактор, бас редактор, бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмінің» бас директоры сияқты лауазымды қызметтер атқарып, қазақ журналистикасының және қазақ деректі киносының өркендеп дамуына өзіндік үлес қостым. Көптеген жылдар Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясында бас директор болып қызмет атқарып, бүкіл түркітілдес түбі бір, тегі бір халықтардың салты, дәстүрі, тарихы, белгілі тұлғалары туралы 30-ға жуық деректі фильмнің авторы әрі режиссері атандым. Қол жеткен шығармашылық табыстарым да жоқ емес. Атап айтқанда, 2015 жылы Түркияның Сафранболу қаласында өткен түркітілдес кинодокументалистердің «Алтын сафран» атты Дүниежүзілік кинофестивалінде «Мәшһүр Жүсіп» атты деректі фильмім үшін жүлделі болдым.
Құдайға шүкір, қазақтың қалың оқырманы мені сатирик, прозашы ретінде де жақсы біледі. Осы күнге дейін 20-ға жуық кітабым жарық көріп, өзінің лайықты бағасын алды. 2017 жылы «О дүниеден келген өкіл» атты сатиралық кітабым үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атандым. Сондай-ақ Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреатымын.
Сонау алыстап кеткен 1965 жылдары менің тағдырымды шешіп, өмірімнің арнасын басқа жаққа бұрған бұрынғы «Лениншіл жас» – бүгінгі «Жас Алаштан» қол үзген емеспін, сол баяғы қойшы баладай әрбір санын үзбей оқимын. Сүйікті газетімнің тұрақты авторымын. Менің журналист, жазушы болып қалыптасуыма бұл басылымның қосқан үлесі шексіз, сондықтан да сүйікті газетіме менің алғысым ұшан-теңіз. Қаламгер ретінде қаламымның ұшталуына қазақтың мүйізі қарағайдай-қарағайдай жазушылары – Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Серік Әбдірайымов, Төлен Қаупынбаев, Ырым Кенебаев, Кәдірбек Сегізбаев үлкен қолдау көрсетті. Асыл жанды ағаларым «Доқтырхан анау-мынау емес, «Лениншіл жастың» төл баласы» деп үнемі арқамнан қағып, қанаттандырып отыратын.
1993 жылдары қазақтың нарқасқа талантты жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазамен бірге қызметтес болдым. Ол кісі сол жылдары Қазақ телевизиясы және радиосы корпорациясының президенті, ал мен Қазақ телевизиясы бас директорының бірінші орынбасары едім. Шерағаң: «Бұл Доқтырхан деген мырза «мені оқытпай, қой соңына салып қойды» деп, туған әкесінің үстінен арыз жазған бала. Былайша айтқанда, бұл бауырымыз Жуалының «Павлик Морозовы», – деп қалжыңдап әзілдейтін еді.
Талай-талай бұлақтың көзін ашқан, өше бастаған үмітті қайта жандырған, қай кезде болсын қазақ ұлтының жоғын жоқтаған, барын бүтіндеген, адасқан жандарға өмірдің түзу жолын көрсеткен, есімдері ұмытыла бастаған небір асылдарымызды қайтадан тірілтіп, есімдерін асқақтатқан, жақсылықтың жаршысы болып, шындық пен ақиқаттың алмас қылышы болып жарқыраған халықтың көзі, асыл сөзі – «Жас Алаш» газеті 100 жасқа толып отыр. Мың жаса, сүйікті газетім! Сен менің әрқашанда сырлас досымсың, арқа сүйер қамқоршымсың! Ғұмырың ұзақ болсын, шыққан асуың бүгінгіден де биік болсын!