Мен жастарға сенемін

Кеше ғана Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойладық. Жеткен жетістік те бар, кемшілік те жоқ емес.
Соның бірі осы отыз жыл ішінде тіліміздің, дініміздің мәртебесін көтере алмадық. Халықтың әл-ауқатын көтеріп, елдің экономикасын да дамыта алмадық. Қазақ елінің өзіне жетер жер асты байлығы мол, кең байтақ ел едік. Үкімет басындағылар да шет елге барып, біз елді, экономиканы дамытамыз деп жар салды. Алайда бүгінгі күні дамып кеткен ештеңе байқай алмай отырмыз. Осы жылдар ішінде биліктегілерге өз аузы жақын болғанын байқадық.
Дегенмен мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында «Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді» деуі көп нәрсені аңғартты. Қаңтар оқиғасы халықтың шыдамының сарқылғанын байқатты. Алайда бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақтылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Бірақ ендігі жерде халықтың қамын ойламасақ болмайды. Нағыз қазақ аңсаған мемлекет, мықты қоғам құратын кез жетті.
Осы орайда атап өтер жайт қоғамымыз қаңтар оқиғасынан кейін көп нәрсенің ашып айтылуына орай жаңа қоғам құрылуынан үміттеніп қалды. Еліміздегі теңсіздік мәселесі, мүлікті өздеріне жазып алу, халықтың әлеуметтік проблемалары әлі күнге дейін толық шешілмей жатқаны жасырмай айтылуда. Жемқорлық секілді мемлекеттің дамуын тежейтін мәселелерді шешу үшін жаңадан жасақталған Үкіметке тапсырмалар берілуі де көп нәрседен үміттендірді. Ең бастысы, бүкіл халықтың наразылығын туғызып жүрген олигархиялық топтардың заңсыз әрекеттері шектеліп, шағын және орта бизнестің еркін дамуына жол ашатын жаңа экономикалық даму кезеңі басталатыны, олардың қатаң бақылауға алынатыны белгілі болды. Осы уақытқа дейін мемлекеттен бөлінген қаржыларды халық мүддесіне емес, билік басындағылар өз мүдделеріне жаратып отырғаны қатаң сынға алынды. Көтерілген мәселелер көп, барлық бизнес, білім, денсаулық, заң, ауыл шаруашылығы т.б. салаларда жемқорлықтың үдеуінен халық пен үкімет басындағылардың үндесіп, бірге жұмыс жүргізуі мүмкін болмаған соң әлеуметтік, экономикалық даму көлеңкеде қалып қойғаны анық көрінді. Қоғам алдында мұның барлығы ашық айтылған соң көкейде сенім ұялады. Ендегі жерде сыннан қорытынды шығарып, дамудың даңғыл жолына түсу парыз!
Осы орайда атап өтер жайт, «болашағымыз – жастар» - деп құр сөзді отыз жыл ұрандатып келдік. Елімізде ашкөздік, жемқорлық, білімсіздік, тәрбиесіздік, даңғойлық т.б, жағымсыз қылықтар орын алды. Алайда жастардың жалынды күшін мемлекетті дамыту жолында пайдалана алмадық. Нәтижесінде халықтың билікке сенімі кеміп кетті. Енді халықтың үмтін ояту үшін «Жаңа Қазақстан құрамыз» дестік. Алайда ескі жолдың қағидаларын сақтап отыра берсек ешқандай жаңару болмайды. Өйткені биліктегі жастары алпыстан асқандардың өзгерістер жасай алатынына сену қиын. Адам жас ұлғайған сайын шаршайды. Жұмыс істегісі келмейді. Ал, үкіметті басқару оңай шаруа емес. Сондықтан қазіргі кезде жаңаша даму керек болса, нағыз білімді, намысшыл, патриот жастарымызды үкімет басына әкелуіміз керек. Халық өздері сайлап, еркін сөйлеу арқылы жастарды таңдауы орынды болар еді. Жастар бар жерде орасан күш бар. Соны пайдалануымыз керек.
Құрметті үкімет басындағы зейнеткерлер! Халқым, жерім, елім десеңдер орындарыңды босатып, жастар қауымына орын берейік. Халықты мына отыз жыл болған адасудан құтқарайық. Еш адам мәңгілік емес, жаңаша даму жастардан басталсын. Ұрпақтарымыз бақытты, бейбіт өмір сүрсін!