Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 21 Желтоқсан 2021

Менің де ісім дәлелденбеді

None
None

Шаңырақ оқиғасы десе, бірден Арон Атабек қана есімізге түседі. Бірақ «баспанамызды қорғаймыз» деп, сол кезде қазақтың тағы үш жігіті тұтқындалған болатын.

Марқұм Ароннан басқа, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Қазір тас түрмеде Құрманғазы ғана қалды. Оған темір тордағы «тәртіпсіздігі» үшін бұрынғы жазасына тағы 2,5 жыл қосып берді. Бірнеше рет бір түрмеден екіншісіне, одан үшіншісіне ауыстырылып келеді. Кесілген жазасы мен қосылған жазасы бар – ол 2024 жылдың соңында бір-ақ шығады. Жазасын өтеп жатқан азаматпен телефон арқылы тілдескенімізде, бостандыққа шығуға соншалық асықпайтындай көрінді. Оның себебін күтіп алатын жақындарының жоқтығымен түсіндірді.                          

– Құрманғазы, өзіңізбен бірге ұзақ жыл түрмеде отырған ақын ағаң Арон Атабек қайтыс болды, естіген шығарсыз? Қазаның арты қайырлы болсын… Арон ағаның өлімін қалай қабылдадыңыз? Сізге де батыр өлімінің оңай соқпағаны анық…

– Ағаның өлімін сырттағы жігіттерден естідім. Мұндағылар Аронды қайдан танысын, ал түрме қызметкерлері білсе де айтпайды. Бұрын сол Шаңырақ оқиғасында бірге істі болып, қамалып, босап шыққан жігіттер әлі де хабарласып тұрады. Марғұлан деген жігіт бар, сол айтты. Арон соңына дейін беті қайтпай, «Ерте шықпаймын, соңына дейін отырамын. Отырамын да, бостандыққа шыққан соң, өзімді заңсыз қамағаны үшін соттасамын» деуші еді. Әдейі өлтіріп барып, өлуге шақ қалғанда шығарып жіберген ғой. Әрине, ауыр тиді...

       Арон – ардың адамы. Бәріміз Аронға қарап ес жиып, бой түзеуші едік. Бізге «Арон отыр», «Арон аман-есен екен...» дегеннің өзі рух беретін, күш беріп, жұбаныш болатын. Рухымды, ар-ожданымды сындырып алғандай, алданышымды жоғалтып алғандай күйдемін. Әлі де сенер-сенбесімді білмеймін, ауыр жағдайда жүрмін.

– Өзіңізді таныстырыңызшы. Қай жақтың тумасысыз, әке-шешеңіз, бауыр-туыстарыңыз бар ма, түрмеге келіп, кездесіп тұра ма?

– Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Байқадам ауылының тумасымын. Жаңатас қаласында өстім. Әкем дүниеден қайтып кеткен, кәрі анам бар. Бір бауырым қайтыс болды. Ағам бар. Туысқандарымнан ешкім түрмеге келмейді, өздері де хабарласпайды. Мен өзім анда-санда хабарларын білуге қоңырау шалып тұрамын. Бірақ өте аз, сирек хабарласамын.

– Өткен шаққа оралайық. Халықтың көбі Шаңырақ ісі бойынша Арон ағаны таниды. Батырлығын да ұмытпайды. Ал сізге қандай айып тағылды?

– Аронға «бүлікші», «Шаңырақтағы бұзақылықты ұйымдастырушы» деген айып тақты. «Бұзақылық» деп өздеріне ыңғайлап алған, шаңырақтарынан айырылып, боздаған халықтың мұң-зары қайдағы бұзақылыққа жатады? Ал маған «өртке оранып, өлген полицей жігітті өлтірді» деген жалған айып тағып, 16 жылға кесті. Анығында, полицей жігітке біздің жігіттердің ешқайсысы да өрт қойған жоқ. Оның қалай өртке оранғанын аласапыранның арасында өзіміз де көріп үлгермей қалдық. Менің де ісім дәлелденбеген күйі қалды.

– Мысалы, Арон аға «қазақ баспанасынан айырылмасын» деп шықты. Сіз ше, сіз де қазақ үшін шықтыңыз ба, әлде өз баспанаңызды қорғап шықтыңыз ба?

–  Мен Шаңырақтың тұрғынымын. Онда заңды жолмен алынған жер телімім болды, оған өзім тірнектеп жүріп, жинап салып алған заңды үйім бар еді. Құс екеш құс та өз ұясын қорғайды ғой. Ал мен адаммын. Алдымен сол өз балапандарымның баспанасы – өз ұямды қорғадым. Кейіннен оқиға барысында «полиция менің үйімді құлатып жатқан жоқ, шаруам не» деп қарап тұрмайсың ғой. Сондағы тұрғындармен қосылып, бірімізге-біріміз сеп болып, көмек, қорған болдық. Өзімізді-өзіміз қорғап қалмасақ, бізді бақайлықтар секілді аямасын көрген соң, кірістім. Әйелімнің аяғы ауыр еді. Екі қыздан кейін ұл күтіп жүргенбіз. Алты айлық шарана деген кәдімгі адам боп қалған ғой. Бір қарасам, екі-үш полиция қызметкері аяғы ауыр әйелімді сүйреп бара жатыр екен. Мен жетем дегенше, бір полицей әйелімнің ішінен бар күшімен теуіп-теуіп кеп қалды. Анадан тумаған дерсің, көзіме қан құйылып кетті… Жауыздар-ай!

– 16 жылға сотталдыңыз. Кейін неге тағы 2,5 жыл қосылды? Сізді не үшін бір түрмеден екіншісіне, одан үшіншісіне ауыстыра береді? «Түрмеде тыныш отырмайды екен, түрме қызметкерлеріне бағынбайды екен» деген әңгіме естіп едік, рас па?

– Сот үкімі бойынша мені 16 жылға бас бостандығымнан айыру жазасына кескен. 2013 жылы ол жазаға түрме әкімшілігінің «заңды талабына бағынбағаным» үшін тағы екі жарым жыл қосып берді. Бір түрмеден екіншісіне ауыстыра беретіні де рас. Тыныш адам емеспін. Ондай жағдай кейде боп қалады, «тәртіптеріне» бағына қоймаймын.

– Бостандыққа шығуға деген ықыласыңыз жоқ сияқты, неге? Әйел, бала-шағаңыз бар шығар, олар қайда тұрады, хабарласып тұрасыз ба?

–  Бостандыққа шығу дегенде, бізді, бәрімізді бостандығымыздан заңсыз айырды ғой. Заңсыз отырмыз. Соған күйінесің де! Әйелім өзге еркекке тұрмысқа шығып кетіпті. Күйеуі бар, не деп хабарласамын? Хабарласпаймын. Екі қыз, бір ұлым бар.

– Әңгімеңізге рақмет! Аман-есен бостандыққа шығыңыз!

Тегтер: