Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:34

МЕРЕКЕҢ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АУДАРМАШЫ!

1

27-қыркүйек күні Steppe&world баспа үйі халықаралық аудармашылар күніне орай аудармашылар мен оқырмандардың кездесу отырысын өткізді. 

Аталмыш шараға сақа аудармашылар мен болашақ аудармашылар, редакторлар мен оқырмандар қатысты. 

«Аудармашылар – мәдениеттер арасындағы алтын көпір. Тіл – ақпарат құралы ғана емес, адамзат болмысының, тарихының және руханиятының айнасы. Ендеше, сіздердің арқаңызда ел азаматтары өзге халықтардың да мәдениетімен, әдебиетімен, салт-санасымен, ғылыми зерттеулерімен танысып, таным көкжиегін кеңейтіп жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Аударма ісі аталған салалардан бөлек, дипломатия, бизнес әлемінде де аса маңызды орынға ие. Осындай маңызды да машақатты жұмысты қолға алып, еңбек етіп жүрген өздеріңізге мың алғыс!» – деді Steppe&world баспа үйінің басшысы Раиса Сайран Қадыр.

Шара барысында аудармашылар мен редакторлар аударма саласының бүгіні жайлы ой өрбітіп, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Біз де осы орайды пайдаланып, сақа аудармашы Үрилә Кеңесбай мен талапкер-аудармашы, SDU университетінің «Аударма ісі» мамандығы бойынша 3-курс студенті Жалғасбай Қайратты әңгімеге тартқан едік.

ҮРИЛӘ КЕҢЕСБАЙ: АУДАРМАШЫ МАМАНДЫҒЫ ҚАЙ ҒАСЫРДА ДА МАҢЫЗДЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРМЕК

– Үрилә апай, аударма кәсібіңіз бе, әлде таңдап алған сүйікті ісіңіз бе?

– Жалпы, өмірімде мансаптың да, атақтың да соңынан жүрген емеспін. Мен тек сүйікті ісіммен ғана шұғылданатын адаммын. Сондықтан аударманы хоббиім деп білемін.

– Сіз өткен ғасырдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатсыз. Бүгінгі аудармаға қалай қарайсыз, көңіліңіз тола ма?

– Құдайға шүкір, қазір көп кітап аударылып жатыр. Бұл – жан сүйсінерлік жағдай. Бір кісідей ризамын. Әрине, былайғы жұрт «бүгінгі аударманың саны бар да, сапасы жоқ» деп ренжіп жатады. Ондай олқылықтарды өзім де байқап жүрмін. Байқап, әттеген-ай деп те қоямын, қапаланамын. Алайда саннан сапа шығады. Бара-бара сапа жағы да жақсарып қалар. Қайткен күнде де жақсы аудармалар уақыт өткен сайын екшеліп, жаңа заманмен бірге жасай бермек.

– Заманауи технологиялар аударма ісіне қаншалықты әсер етіп жатыр?

– Айрықша әсер етіп жатқаны анық қой. Тек мұны біржақты қабылдамаңыз. Жақсы жағынан да, жаман жағынан да әсері күшті. Мәселен, қазір қазір түрлі платформалар бар, соның арқасында біздің (аудармашылар – А.Қ) жұмысымыз анағұрлым жеңілдеді. Технология дамыған сайын олардың аудару сапасы да жақсарып келе жатыр. Бұл жақсы, әрине. Дегенмен көркем мәтін жасанды интелектінің аударғанына көнбейді. Оған адами қабілет, түйсік керек. Кей аудармашылар сол платформаға жүгінемін деп мәтіннің табиғатын бұзып алып жатады. Мұнысына қапа боласың.

– Көркем әдебиетті аудару дегеннен шығады, аудармашылар түпнұсқа мәтінге қаншалықты адал болуға міндетті? Мәдениеттер арасында ерекшеліктер бар, тіке аударуға келмейтін сөздер мен оралымдар бар дегендей...

– Түпнұсқа мәтінге жүз пайыз адал болуымыз керек. Аударма түпнұсқадан қиыс кетпеуге тиіс, әсіресе, тіке аударуға келмейтін сөздерді бұра тартуға болмайды. Проза аударып отырғанда ішінде өлең болса, ұйқас үшін орынсыз сөз тізбектей беруге де қарсымын.

Мәселен, Руал Даһлдың «Чарли және Шоколад фабрикасы» кітабында өлеңдер көп болды. Сол туындыны аудару үшін екі-үш жыл уақытымды жұмсадым. Араға уақыт салып, бірнеше қайтара қарадым. Еңбегім зая кетпеген секілді: түпнұсқамен салыстырып отырып қарасаңыз да болады, өлеңнің құрылымдық өлшемдерін ғана емес, жолма-жол мазмұнын да барынша сақтадым деп ойлаймын.

– Жасанды интелект, аударма платформалары қарыштап дамып жатқан заманда аудармашы мамандығының болашағын қалай болжайсыз?

– Публицистика мен іс-қағаздарды, ауызекі әңгімелерді аудару жасанды интелектке аса қиын болмауы мүмкін әрі олардың сапасы да күннен күнге жақсарып, аудармашыны қажет етпей қалуы да ғажап емес. Алайда замануи технологиялар ешқашан көркем әдебиетті жетер жеріне жеткізіп аудара алмайды деп есептеймін. Демек, аудармашы мамандығы қай ғасырда да маңызды болып қала бермек.

– Әңгімеңізге көп рахмет! Еңбегіңіз жана берсін!

ЖАЛҒАСБАЙ ҚАЙРАТ:  «БОЛМАСА, ӨЗІМ АУДАРАЙЫН!» ДЕДІМ

– Аудармашы мамандығын таңдауыңа не түрткі болды?

– Алтыншы сыныптан бастап тарих, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерін сүйіп оқитынмын. Кітапқа да қатты қызығатынмын. Алайда қазақша аударылған заманауи шетел авторларының шығармаларын іздеп таба алмадым. «Болмаса, өзім аударайын!» деп талпыныс жасап та көрдім. Ақыры аудармашы боламын деп ұйғардым.

– Өзің неше тіл білесің?

– Ағылшын, түрік, орыс тілдерін білемін. Кәріс тілін оқып жатырмын.

– Көп тіл білу аударма сапасына қалай әсер етеді деп ойлайсың?

– Жақсы әсер етеді деп есептеймін. Өйткені көп тіл білсең, аударып отырған шығармаңды басқалар қалай тәржімалағанын салыстырып байқай аласың. Бұл мәтінді жақсы аударуға, кейбір нәзік тұстарын тап басуға көп көмектеседі.

– Аударма жасау барысында не нәрсеге көбірек көңіл бөлу керек?

– Бәрінен маңыздысы – түпнұсқадағы сөз-сөйлемдерді сақтай отырып, мән-мазмұнды, автордың айтпақ ойын толықтай жеткізу және оқырман сен аударған мәтінді жеңіл оқитындай етіп жазып шығу. Бәрінен қиыны да осы іс. Әлбетте, бұған мол тәжірибе, үлкен еңбек керек.

– Ал өзіңнің аудармашылық дағдыңды қалай жетілдіріп жүрсің?

– Жақсы аударма жасау үшін тіл білу жеткіліксіз екен. Ол үшін біліміңді жан-жақты жетілдіріп отыруға тиіс екенсің. Ал кітап оқымай, күнделікті тілшілікке араласпай, тіл білімі бағытында ғана емес, мәдениеттану, философия, әдебиет салалары, жаратылыстану бағыты бойынша да ізденбесе болмайды. Мұның бәрін болып-толып, енді ақыл айтайын деп айтып отырғаным жоқ, кейін келе түсінгенім ғой. Бір жағы өзіме де сабақ болсын деп айтып отырмын (күлді).

– Бүгінгі таңда технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Келешекте аударма ісінде қандай трендтер болуы мүмкін?

– Жасанды интелектті қолдану – қазірдің өзінде тренд. Бұл ары қарай дамып, екінің бірі аудармашы болуы мүмкін деген сөз. Яғни, қолыңызда смартфон болса болғаны, сіз ЖИ арқылы ешқандай тілді арнайы оқып-үйренбей-ақ, кез келген тілден мәтін аудара бересіз. ЖИ қазірдің өзінде нашар аудармайды. Келешекте деңгейі біз ойламаған дәрежеге көтерілуі мүмкін. Сол кезде әр адам аудармашы болып табыс табатын, әлемнің қай қиырына да өзі бара алатын жағдайға жетеді. Бұл – аудармашы мамандығы өледі деген сөз емес. Керісінше, аудармашылар көбейіп, жұмысы жеңілдейді.

– Уақыт бөлгенің үшін мың алғыс! Талабың ұштала берсін!

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер: