Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде болған адам өлтіруге оқталу ісі бойынша үкім шықты

Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде болған адам өлтіруге оқталу ісі бойынша үкім шықты. Шабуыл жасаған адам 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, оқиға 13 сәуір күні тас жол бойында орналасқан жанармай құю бекеттерінің бірінде болған.
Ресей азаматы Александр Ярцев пен Алматы тұрғыны Мәжит Әлиев арасында жанжал туып, Әлиев Ярцевті пышақтаған.
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, Ресей азаматы арқасынан және кеудесінен жарақат алған. Куәгерлердің кедергісі мен жәбірленуші қашып кетуінің арқасында аман қалған.
Сотта Әлиевке суық қаруды заңсыз алып жүру және бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу баптары бойынша айып тағылды.
Айыптаушы тараптан прокурор Дидар Қыраубеков оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салуды сұрады.
Жәбірленуші де барынша қатаң жаза қолдануды, сондай-ақ 10 миллион теңге көлемінде моральдық, 1,3 миллион теңге көлемінде материалдық шығынды өндіріп беруді сұрады.
Әлиев кінәсін мойындамады, бірақ жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сот оның кәмелетке толмаған балалары барын жеңілдететін жайт ретінде қарастырды.
Қылмыс бойынша, Әлиев 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол 500 мың теңге көлемінде моральдық және 1,3 миллион теңге көлемінде материалдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.