Мерц: Солтүстік теңіздегі қауіпсіздік мәселесі ерекше өзекті болып отыр
Германия канцлері Фридрих Мерц кейінгі уақытта Солтүстік теңіздегі қауіпсіздік мәселесінің айрықша маңызға ие болғанын мәлімдеді. Ол бұл туралы 26 қаңтар, дүйсенбі күні Гамбург қаласында өткен Солтүстік теңіз мәселелеріне арналған саммитте айтты.
Айта кетейік, Германия бұл форумды алғаш рет қабылдап отыр.
Саммитке тоғыз еуропалық ел – Белгия, Дания, Франция, Ирландия, Исландия, Люксембург, Нидерланд, Норвегия және Ұлыбритания өкілдері қатысты. Сонымен қатар Еурокомиссия, НАТО, түрлі компаниялар, салалық қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдардан 140-тан астам өкіл шақырылған.
Форум барысында қатысушылар қауіпсіздікпен қатар энергиямен қамту және теңіздегі жел энергетикасын дамыту мәселелерін талқылады. Канцлердің айтуынша, қазірдің өзінде «өте көп көлемде» жел генераторлары салынған және бұл бағытта елдер жедел қарқынмен ілгерілеуі тиіс. Мерц саммит қатысушыларын біріктіретін ортақ мақсат – Солтүстік теңізді әлемдегі ең ірі таза энергия резервуарына айналдыру екенін атап өтті.
Германия Федералдық үкіметінің хабарлауынша, кездесуге қатысқан елдердің энергетика министрлері қуаты 100 ГВт-қа дейін жететін трансшекаралық энергетикалық желі құру жөнінде уағдаласты. Бұған қоса, Солтүстік теңіз елдері, жел энергетикасы саласы және электр энергиясын жеткізу желілерінің операторлары арасында бірлескен инвестициялық пакет әзірлеу көзделген.
Солтүстік теңіз мәселелеріне арналған саммит алғаш рет 2022 жылы Данияның Эсбьерг қаласында, ал 2023 жылы Бельгияның Остенде қаласында өткен. Бұл формат Ресейдің Украинаға қарсы соғысына жауап ретінде құрылған. Негізгі мақсат – қазбалы отын импортына, әсіресе Ресейден жеткізілімге тәуелділікті азайту. Сондай-ақ қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастыру, трансшекаралық жоспарлау және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау мәселелеріне басымдық берілген.
Бұған дейін, 2025 жылдың қазан айының басында, Дания әскери барлауының басшысы Томас Аренкил Ресей Әскери-теңіз флоты кемелерінің Данияның әскери кемелері мен тікұшақтарына қаруын бағыттағанын, сондай-ақ Балтық пен Солтүстік теңізді байланыстыратын Дания бұғаздарында навигациялық жүйелердің жұмысына кедергі келтіргенін мәлімдеген. Арнайы қызмет өз есебінде Ресейдің Батысқа қарсы гибридті соғыс жүргізіп жатқанын, оның мақсаты – НАТО-ның саяси бірлігін әлсірету екенін атап көрсеткен.