Мерц Украинада бейбітшілік орнату бойынша өз жоспар-нұсқасын ұсынды
Германия канцлері Фридрих Мерц Дональд Трамп талап еткендей, АҚШ ұсынған Украинаға арналған бейбітшілік жоспары 27 қарашаға дейін қабылдануы екіталай екенін мәлімдеді. Осы себепті ол кем дегенде «алғашқы қадам жасау» үшін өз ұсынысын енгізді.
23 қараша күні Йоханнесбургтегі G20 саммитінде сөз сөйлеген Фридрих Мерц АҚШ әзірлеген 28 тармақтан тұратын «бейбітшілік жоспарының» ықшамдалған нұсқасын ұсынып отырғанын хабарлады.
Канцлердің айтуынша, Трамп белгілеген мерзім – 27 қарашаға дейін барлық 28 тармақ бойынша келісімге келу мүмкіндігіне ол күмәнмен қарайды.
«Егер 28 тармақты бес күнде талқылау тым ауыр болса, онда АҚШ пен Еуропа келісетін, Украина Ресеймен келісім жасай алатын кем дегенде бір тармақты анықтауға тырысып көремін», - деді Мерц.
Ол өз ұсынысының егжей-тегжейін ашпады, тек «бейсенбіге дейін ең болмағанда алғашқы қадам жасалуы тиіс» екенін айтты.
Женевадағы келіссөздер: уақыт аз, үміт бар
Мерцтің айтуынша, оның ұсынысы қазір Женевада ЕО, АҚШ және Украина өкілдері қатысып жатқан келіссөздерде талқыланып жатыр.
«Алға жылжу мүмкіндігі бар шығар, бірақ мұны өте қысқа мерзімде жүзеге асыруға әлі де күмәнмен қараймын», - деді канцлер.
Германия басшысы Украинаға қарсы соғыс аяқталғаннан кейін бұл ел үшін қауіпсіздік кепілдіктерінің айрықша маңызды болатынын атап өтті.
«2025 жылы Ресейге 1995 жылғыдай сенуге болмайды», - деді Мерц, Будапешт меморандумына сілтеме жасап.
Бұл құжатта Ресей Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуі тиіс еді. Бірақ онда әскери қорғауға қатысты нақты міндеттемелер қарастырылмаған болатын.
Женевадағы бейбітшілік жөніндегі халықаралық кеңес
23 қарашада Женевада Украинадағы соғысты тоқтату жоспарына арналған халықаралық кеңес өтті. Украина делегациясын басқаратын президент офисінің жетекшісі Андрей Ермактың айтуынша, келіссөздерге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф та келген.
Украина президенті Владимир Зеленский әлеуметтік желіде:
«Украина, АҚШ және еуропалық серіктестер тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Қан төгуді тоқтату және соғыстың қайта басталмауына кепілдік беру керек», - деп жазды.