Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 21 Мамыр 2024

Мерзімі өткен президенттің сылтауы – соғыс

зеленский

20 мамыр – Владимир Зеленскийдің Украина президенті лауазымындағы соңғы күні болуға тиіс еді.

 Ел конституциясында солай жазылған – президент 5 жылға ғана сайланады. 2019 жылы президент сайлауында қарсыласы әрі сол кездегі президент Петр Порошенконы екінші турда тас-талқан етіп жеңіп, билікке келген Зеленскийдің өзі де бұл қызметте екі мерзім отырмайтынын мәлімдеген. Уәде қайда қалды?

Жоғары билікке қолы жеткен адамның одан оңайлықпен айырылғысы келмейтіні тарихтан белгілі. Билік біреулер айтатындай шын мәнінде жаман болса, оған ешкім таласпас еді. Сайлау өткізіп, саяси қитұрқы әрекеттерге барып, бақталасын, оның артындағы бұқара қолдаушысымен тәжікелесіп, өзіне дұшпан тілеп не қылсын? «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» деп Абай айтқандай жеңер-жеңбесі белгісіз жолға, сәті түсер-түспесі дүдәмал іске мал-мүлкін, миллиондаған қаражатын сарп етуге адамдар неге құмар? Әлімсақтан бері осы: хандар мен патшалар, императорлар мен сенаторлар, президенттер мен депутаттардың бәрі билікке «қара қазан, сары баланың қамы үшін» дейтін көпке ұнамды ұранмен келеді. Көпті осы бір ауыз сөзімен елітеді, артынан ертеді. Бірақ ерткеннің бәрі үнемі ергеннің ықыласында бола бермейді. Кеше ғана тіліңнен тамған әрбір сөзді жерге жеткізбей іліп әкетіп тұрған көп көңілі қалса ертең-ақ шабынған бурадай тісін қайрап, көбік шашып шыға келеді. Бұны кез келген саясаткер билікке келер алдында да, келіп алған соң да ұмытпайды.

Бұны Зеленский де 5 жыл бұрын жақсы білетінін байқатқан. Наурыз бен сәуір айларында өткен сайлаудың екі кезеңінде Порошенко бастаған Украинаның әккі саясаткерлерінен оқ бойы (73,2%) озып шығып, халықтың ықыласына бөленіп, шаттықтан басы айналып тұрған сәтінде жан-жағын қаумалаған БАҚ өкілдеріне «президенттікте бір мерзім ғана отырамын» деп салған. Бірақ арада бір жыл өткенде «ойдағы жоспарды бір мерзімде орындау мүмкін емес екен, халық қаласа екінші мерзімге де барармын» деп, журналистердің алдында тағы жымиған. Дегенмен одан кейінгі сұхбаттарының көбінде Зеленский алғашқы уәдесінде тұратынын қайталап жүрді. Одан кейін 2022 жылдың 24 ақпаны келді де «байтал түгіл бас қайғы» болып, халықтың президент сайлауын ойлауға мұршасы келмеді. Көрші, аталас, ежелден туыс орыс елі қару кезеніп, шекарадан аттағанда украин жұртының төрттен бірі жан-жаққа тым-тырақай қашты. Жаудың жүз мыңдаған сарбазы анталап, Киевке кіріп келгенде кімнің қайда қалғаны белгісіз еді. Әлем Украинаның күні батты, халқы құлдықта қалды, билігінің тоз-тозы шықты деп кесіп-пішіп қойған. Арада бір жарым күн өткенде Зеленскийдің «Біз осындамыз!» деген атақты видеосы жарияланғанда ғана барып Украина халқы өздерінің тағы бір мәрте ел екеніне сенген. Кеше ғана досы да, қасы да «клоун» деп күлген адам әлдеқайда батыл әрекетке барды. АҚШ-тың дайындап қойған ұшағына мінбей, «өлсем орным – Украина» деп, Киевте қалған Зеленскийге содан бері елдің құрметі айрықша. Иә, соғыстың алғашқы айларындай емес, эйфория басылып, эмоция бәсеңдеген соң оны да сынап, әрбір ісінен мін табатындар қайта көбейген. Оның бір ғана мысалы: соғыстың бірінші жылында Зеленскийге бас ұрған Украинаның атақты журналисі Дмитрий Гордон қазір оның қатал сыншысына айналған. Бірақ бұған қарамастан, соңғы рет биыл ақпан айында жасалған сауалнама нәтижесі халықтың төрттен үші қазіргі президенттің саясатын қолдайтынын көрсеткен.

Санаулы адамнан алынатын сауалнама бір бөлек. Жалпы халық қатысатын сайлаудың жөні тіпті басқа. Екеуін салыстырып, қатар қоюға келмейді. Бұны Украина халқы да жақсы түсінеді. Бірақ бәріне ортақ конституцияның бір бабында «соғыс жағдайында Жоғарғы Рада (парламент) сайлауын өткізуге болмайды» деп, жазылып тұр. Президент сайлауы туралы сөз жоқ. Десе де Батыс журналистері мен саясаткерлерінің сұрақтарына Зеленский әкімшілігі үнемі осы сөйлемді алға тартады. Рада болсын, президент болсын, сайлаудың бәрі ұқсас дейді олар. Конституцияның және бір жерінде «президенттің 5 жылдық мерзімі жаңа сайланған президентті ұлықтау рәсімінен соң ғана аяқталады» деген де сөйлем бар. Бұл да Зеленский билігін ұзартуға көп септігін тигізетін баптың бірі. Яғни жаңа сайланған әлі ешкім жоқ. Оған дейін қазіргі президенттің билігі аяқталмайды.

Зеленскийді іштегі қарсыластары мен сырттағы жауы осы тұстан «ұстайды». Қазірдің өзінде оны «мерзімі өткен президент» («просроченный президент») ретінде қаралауға көшкен. Мәселен, Ресей пропагандасы Зеленскийдің былтыр қарашада айтқан «қазір сайлауды ойлайтын уақыт емес» деген мәлімдемесінен бері оған небір күйе жағып әлек. «Қиядан шауып, қисынын табатын» пропаганда Украина президентінің әр қимылын аңдып, әр сөзін бағып отыр. Былтыр жаздағы қарымта шабуылдан соң одақтастарының сынына қалған Зеленский қыста әскердің жоғары бас қолбасшылығы маңында үлкен өзгеріс жасаған. Еуропалық басылымдарға жиі сұхбат беріп, саяси амбициясы барын байқатқан бас қолбасшы Валерий Залужныйды орнынан алып, Ұлыбританияға елші етіп жіберген. Президенттің осы әрекетін Украина сарапшыларының кейбірі «саяси қарсыластан құтылу» деп атап, оны орыс баспасөзі іліп әкеткен. Әлі пайдаланады. Мәселен, Ресейдің «Известия» басылымы 15 мамыр күні жариялаған «Просрок годности: как Зеленский готовится к истечению президентских полномочий» атты мақаласында «Украина президенті биліктегі салмақты саясаткерлерді бірінен соң бірін қызметтен қуып жатыр» деген қорытынды жасайды.

Зеленскийдің 5 жылдық мерзімінің аяқталуы жөніндегі сын тезистерін Ресей билігі биыл наурыздан бері күшейтті. Заң бойынша сайлау 31 наурызда өтуге тиіс еді. Жоғарғы Рада соғыс жағдайына байланысты сайлау жарияламады. Қалауы осы екенін ашық айтқан Зеленскийді Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Василий Небензя 22 наурызда «диктатор» деп айыптаған. Оның сөзінше, сайлау өткізбеу туралы шешім Зеленскийді автоматты түрде 21 мамырдан кейін заңсыз президент қылады. «Известия» газетіне сұхбат берген оның бастығы, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «21 мамырды күтейік. Ештеңені мойындаудың қажеті де болмауы мүмкін» деп, екіұшты сөйлеген. Ақыры бұл мәселе жөнінде Кремль қожасы да пікір білдірді. 17 мамыр күні Қытайда жүріп баспасөз конференциясын өткізген президент Владимир Путин «Оның заңды не заңсыз екеніне ең алдымен Украинаның құқықтық жүйесі жауап берсін. Олардың конституциясында әртүрлі нұсқа бар» деді.

АҚШ жақтан да Украинада президент сайлауын өткізу керек дейтін мәлімдемелер ауық-ауық естіліп тұрады. Былтыр қарашада Киевке келіп, соғысып жатқан жұрттың хал-ахуалын көзімен көрген республикашыл сенатор Линдси Грэм «Украинада келесі жылы президент сайлауы өтуге тиіс» деп ашық мәлімдеген. «Бұл ел бұрын жемқорлық жайлаған мемлекет болатын. Украинаның қазір өзгергеніне Америка халқының көзін жеткізу керек. Сондықтан бұл елде сырттан жау шауып жатқан сәтте де еркін, әділ сайлау өткенін көргім келеді» деген Грэм Киев төрінде тұрып. Алайда Грэм бес айдан соң екінші мәрте Киевке келген сапарында алдыңғы пікірінен айнып қалғанын байқатты. Ол көзқарасын өзгерткенін, сайлау өткізу үшін алдымен соғысты біржақты ету қажет екенін айтқан. 14 мамыр күні Киевке сапарлап келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен сайлау мәселесі Украинаның ішкі шаруасы екенін нақтылап өтті. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда сайлаудың керігі бар ма, жоқ па, оны халықтың өзі шешеді.

Украина ішінде сайлаудан соғыс маңызды деген үн өктем. Күн сайын зымырандар мен дрондардың шабуылына ұшырап, майдан даласында сарбаздар дамыл таппай жатқан сәтте ел ішін бірнеше жікке бөліп, ала тайдай бүлінуге жол бермеуді құптайтындардың саны басым. Зеленскийдің өзі де, айналасы да осы қолдауға сүйенеді. Президенттің айтуынша, соғыс біткен соң сайлау өтсе оған қатыспайды. Ал соғыс жағдайында өтетін болса міндетті түрде өзін ұсынады. Наурыз айында Украина орталық сайлау комиссиясы қазіргі соғыс жағдайында сайлауды әділ өткізудің өте қиын, тіпті мүмкін емесін мәлімдеген. Соғыс жағдайына арналған заң бойынша елде сөз еркіндігі, азаматтардың бейбіт митингіге шығу хақы, ел аумағында ары-бері емін-еркін көшу құқығы шектелген. Осы құқықтарды қалпына келтіріп алмай тұрып сайлау өткізуге болмайды деген комиссия. Бірақ бұған қарсы тараптың уәжі де салмақты. Рада депутаты Михаил Косиев конституция бойынша президенттің мерзімі бітетінін, тұтас ел боп отырып басты заңды аттап өтуге жол бермеудің маңызды екенін айтады. Тоқсаныншы жылдары конституцияны жазуға атсалысқан заңгер Григорий Омельченко да соғысқа қарамай президент сайлап алайық дейтіндердің жағында. Оның сөзінше, жаңа конституция жазылып жатқан сәтте Жоғарғы Рада мен екінші президент Леонид Кучма билік тармақтары мәселесі төңірегінде өзара қатты тартысып, келісе алмай тұрған. Өйткені Кучма «елде соғыс немесе төтенше жағдай кезінде президенттің мерзімі аяқталса, автоматты түрде құзыреті ұзартылсын» дейтін сөйлем қосқысы келіпті. Ақыры Рада оған көнбей, екі тарап конституцияда парламент сайлауы туралы сөйлемнің жазылуына ғана келіскен. Омельченко наурыз айында президент Зеленскийге жазған хатында оны «билікті меншіктеп алмауға, өз еркімен қызметтен кетуге» шақырған.

Украина заң бойынша конституцияда жазылған баптар өзара біріне-бірі қайшы келіп, даулы сұрақтар тудырған жағдайда президент конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Бірақ Зеленский олай етпеді. Президент командасы «түсініксіз ештеңе жоқ, бәрі айқын, соғыс жағдайында сайлау болмайды» деген ұстанымда. Зеленскийдің конституциялық сотқа жүгінбеуінің тағы бір себебін BBC агенттігі президент пен судьялардың арасында 2020 жылы болған даумен байланыстырады. Сол кезде Зеленский конституциялық соттың құрамындағы судьялардың көбін бұрынғы президент Порошенконың адамдары деп атап, бәрін бір жарлықпен қызметтен алуға әрекеттенген. Дауға Жоғарғы Рада араласып, соңында соттың төрағасы ғана лауазымынан босаған.

Тағы бір назар аударатын жайт – президент мерзімі аяқталғандағы Жоғарғы Раданың рөлі. Конституцияға сәйкес, президент уақыты бітіп, қызметінен кеткенде оның міндеті уақытша Жоғарғы Рада төрағасына жүктеледі. Қазіргі төраға Руслан Стефанчук Зеленский негізін қалаған «Слуга народа» партиясының мүшесі. Алайда Стефанчук бұл орынға көз алартпайтынын сонау ақпанда айтып қойған. «Жаңа президент сайланғанша оның міндетін Зеленский ғана атқара алады» деп, президент алдында өзінің адалдығын танытқан.

Айгүл Баба

Тегтер: