Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Мешкейлер: Өзі де тоймайды, үкіметті де тойдырмайды

мешкей
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда тіркелген, бірақ жұмыс істемей тұрған 120 мың компания бар екен. Бұл жайында Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

 Елдегі бизнес субъектілері жөнінде деректер таратқан аталмыш бюроның есебінше, жеке кәсіпкерлер: 1 874 108 тіркелген, оның 1 782 349-ы белсенді; шағын және орта бизнес: 2 352 617 тіркелген, оның 2 149 601-і жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар: 547 760 тіркелген, 427 262-і белсенді. Қалған 120 мыңның жағдайы әлгі – тіркелсе де жұмыс істемейді.

Кейінгі 10 жылдағы динамикаға назар аударсақ, 2015–2024 жылдары заңды тұлғалардың саны 360 287-ден 536 241-ге дейін өскен. Бұл аралықтағы өсім 48,8 пайыз болып отыр. Негізгі өсім кіші бизнес есебінен, жыл сайын орта есеппен 4,6 пайызға ұлғаю байқалады. Орта және ірі заңды тұлғалар динамикасы тұрақсыз: 2016, 2017 және 2019 жылдары бұл көрсеткіш сәл төмендеген.

Ал дәл қазіргі кезең үшін отандық компаниялардың өндірістік қабілетінің артуы, олардың белсенді болуы маңызды. Бұған қатысты үкіметте күн сайын жоспарлар құрылып, жобалар жасалып-ақ жатыр. Ел бюджетінің дефицитін азайту үшін отандық кәсіпорындардың табысы артып, мемлекетке пайда тигізуі керектігін үкімет үнемі еске салады-ақ. Тіпті былтыр Бектенов үкіметі мемлекетке пайда тигізбейтін мешкей компанияларды құра беруге мораторий да жариялаған. Бұл мораторий 2027 жылға дейін созылады. Ендігіде тек екі жағдайда ғана мемлекеттік кәсіпорын немесе компания ашуға рұқсат беріледі: біріншісі – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның орындалуын қамтамасыз ету үшін; екіншісі – президенттің тікелей тапсырмасы бойынша айрықша жағдайларда.

Жасыратын несі бар, осы уақытқа дейін бізде ірілі-ұсақты компаниялар, кәсіпорындар көптеп ашылды. Бұл үрдіс әсіресе Назарбаевтың кезінде белең алды. Экс-президент өзі барып ашып, «қарқынды да, серпінді жоба» ретінде таныстырылған талай компаниялар мен кәсіпорындардың ашыла салып жабылғанын да білеміз. Үдемелі индустриялық жобалар ретінде ашылған ондаған зауыт пен кәсіпорындардың бір жыл өткен соң дағдарысқа ұшырап, өнім шығармаған күйінде жабылып жататын. Мәселен, 2003 жылы «жылына 100 мың тонна мырыш өндіреді» деген ұранмен Балқаш мырыш зауыты ашылды. Ол шараға Назарбаев қатысты, зауыт құрылысына 120 млн доллар қаражат жұмсалды. Алайда 2009 жылы бұл зауыттың жұмысы тоқтады. Бұдан соң оңтүстікте «Ютекс» мақта өңдеу кешені ашылды. Оның да ашылуына экс-президент арнайы барып қызыл лентасын қиды. Үкіметтегілер кешенді ашатын кезде «Қазақстанда бұрын-соңды мұндай компания болған жоқ» деп алаулатты. Аталмыш жобаға 19,3 миллион доллар жұмсалып, оның 13 миллионын «Қазақстан даму банкі» несие түрінде, ал 6,3 миллионын ұлыбританиялық компания инвестиция түрінде бөлген. Жоба бойынша Қазақстанда алғаш рет мақта өсіруден бастап, одан жіп иіруге дейінгі толық өндірістік цикл жүзеге асуға тиіс еді. Алайда 2011 жылдан бері компания жұмыс істемейді. Бұдан соң 2006 жылы Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысындағы «Биохим» зауытын салтанатты түрде ашты. Жобаның құны 88,6 миллион АҚШ долларын құраған. «ТМД көлемінде теңдесі жоқ» деп сипатталған бұл компанияның өнімінің 30 пайызы Қазақстанда, 70 пайызы экспортта сатылмақ болған. Компанияда 300-ден астам адам тұрақты жұмыс істеуі керек еді – 2012 жылы банкрот деп танылды. Тізе берсек, экс-президенттің кезіндегі жалаулатып-алаулатып ашылып, нәтижесі құмға сіңгендей жоқ болған жобалар аз емес.

Сала мамандары «сол кезде ашылған кәсіпорындар бүгінде жұмыс істеп тұрғанда бюджетте тапшылық болып, тарықпас едік» дейді.

Жалған статистика мен шала-жансар мониторинг

Ендігі жағдай ше? Қазіргі 120 мың компанияның тіркеуде тұрып жұмыс істемеуі әлі де оңып тұрмағанымызды білдіреді. Жалпы бұл цифр нені білдіреді? Бұл сұрақты экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновке қойдық.

«Нарықта жұмыс істемей тұрған компаниялардың болуы жалған статистикаға жол береді. Бұл елімізде «бәленбай мың компания жұмыс істеп тұр» деп, көрсеткішті көтеріп есеп беруге ғана жақсы. Бізде ол компаниялардың неге жұмыс істемей тұрғанын, белсенділіктері неге төмендегенін арнайы зерттейтін, талдайтын орган жоқ. Ең басты қателігіміз осы. Жалпы, мониторинг жасалады. Ал әр компанияның еңбек өнімділігін, өнім шығарудағы белсенділігін, нарықтағы бәсекелестігін жеке-жеке таразылап жатқан ешкім жоқ. Мысалы, қазір инфляцияның әлеуметтік мазмұны бүркемеленіп жатыр. Өйткені бізде инфляцияны әрбір нарық секторы бойынша есептеу тетігі қалыптаспаған. Тұтыну нарығында инфляция қандай, өнеркәсіп саласындағы инфляцияның көлемі қанша, ІТ саласындағы инфляцияның көрсеткіші қанша – осының барлығы жеке-жеке есептелмейді. Үкімет жалпы экономиканың, ЖІӨ-нің деңгейіне қарайды да, инфляцияны соған шағып, жалпылама есептей салады. Жалпылама есептен нақты статистика шықпайды. Жұмыс істемей тұрған компанияларға қатысты да оңтайлы шешімдер қабылдау керек. Санда бар, санатта жоқ, тек көрсеткішті ғана көбейтіп тұрған компанияларды жойып, олардың орнына бюджетке салық төлейтін, пайдасы бар кәсіпорындар мен компаниялар ашу керек», – дейді экономист-ғалым.

Салықтан жалтарып жүрген ондық

Маманның берген деректеріне сүйенсек, бізде жұмыс істеуге «ерінетін» компаниялардан бөлек салықтан жалтаратын ірі компаниялардың тізімі жетерлік. Мәселен, Қазақстанда 15 мыңнан аса компанияның бюджетке салық берешегі 759 млрд теңгеге жеткен. Бұл қарыздың басым бөлігі он шақты компанияға ғана тиесілі.

Ол тізімнің басында 104,1 млрд теңге қарызбен Ai-To Progress ЖШС тұр. Әртүрлі сауда-саттықпен айналысатын компания 2007 жылы құрылғанымен, соңғы үш жылда қазынаға салық төлемеген. 104 млрд теңгенің 63,5 млрд теңгесі – негізгі салық берешегі болса, өсімпұлы 40,6 млрд теңгеден асқан; TEX ALLIANCEкомпаниясы да қазынаға салық төлеуге асықпайды. Компанияның мойнындағы қарызы 94 млрд теңгеден асады. Салық берешегі 17,4 млрд теңге болса, сол берешектің өсімпұлы 76,7 млрд теңгеге жеткен; Alpha-bet компаниясы бюджетке 88,16 млрд теңге қарыз. Құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыратын компанияның салық берешегінің 42 млрд теңгесі негізгі қарыз болса, қалғаны – борыштың өсімпұлы; 43,5 млрд теңге салық берешегі GB Invest компаниясына тиесілі. Түрлі тауар саудасымен айналысатын компания Алматы облысында тіркелген; Ірі салық берешегі бар компаниялардың арасында біршама танымалы – «ҚазГерСтрой» бірлескен компаниясы. Оның мойнында 9 млрд теңге қарыз ілініп тұр. «ҚазГерСтрой» ЖШС– Bereke Astana Group ЖШС-ның еншілес компаниясы; «ПФД Интернэшнл» ЖШС-ның Атыраудағы бөлімшесі бюджетке 3,8 млрд теңге салық төлемеген. Бұл Атырауда тіркелген шетелдік компания; Сонымен қатар «ФортСтрой-Т» компаниясының салық берешегі 3,69 млрд теңге болса, GL-TRANSPORT ЖШС қазынаға 3,60 млрд теңге қарыз; Салықты уақытылы төлемеген компаниялар қатарында OLIMP KZ букмекері де бар. Оның қарызы 80,2 млрд теңгеден асады; Сонымен қатар «Кастинг» ЖШС-ның қарызы 18,11 млрд теңгеден асады. Түсті металдарды құюмен айналысатын компания 1999 жылы құрылған.

Міне, осы он компанияның бюджетке төлемей жүрген салығының өзі 759 млрд теңгеге жеткен.

Зейнетақыдан жеген...

Экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, бізде салық түгілі, қызметкерлерінің зейнетақы жарнасын төлемейтін компаниялар да бар. Мемлекеттен грант алып, қолдау қаржы бөлініп отырған бірқатар компаниялардың өзінде қызметкерлеріне зейнетақы жарнасын аудармайтын фактілер кездеседі.

Грант алған компаниялардың қызметкерлеріне зейнетақы жарнасын аудармай қою дерегін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі растап отыр. Өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған гранттар бойынша бөлінген қаражаттың 20 пайызы мақсатсыз немесе тиімсіз жұмсалыпты.

Министрліктің берген дерегіне сүйенсек, мемлекеттік грант иемденген компаниялардың 1,3 мыңнан астамы қызметкерлеріне міндетті зейнетақы жарналарын мүлде төлемеген, ал 500-ден астам азаматтың жарнасы тым төмен болған. Министр Светлана Жақыпова осыған байланысты бақылау күшейтіліп, кейбір жағдайларда қаражатты бюджетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Күшейтілген бақылаудан кейін 1,1 мыңнан астам грант алушы тұрақты түрде зейнетақы жарнасын төлей бастаған. Мұндай әрекетке бару олардың бизнесін формалды тіркеп, заңды айналымға енгізу процесін жеделдеткенін көрсетеді.

«Басқадан емес, зейнетақы жарнасынан жеу – бұл енді шектен шыққандық. Сондықтан елдегі ірі компанияларға бақылауды қатайту керек. Шағын және орта бизнес онсыз да өз күнін өзі көріп отыр. Бізге қазір ірі компанияларды бақылауға алу қажет», – дейді сарапшы Марал Төртенова.

Маманның пайымдауынша, соңғы жылдары шетелдік және бірлескен заңды компаниялардың саны екі есе өсті. 2019 жылы мұндай жұмыс істеп тұрған кәсіпорын бар болғаны 24,7 мың болса, биыл жыл басында 52,2 мың болды. Бұл компаниялардың көбі (83,2%) шетелдік меншіктегі филиалдар. 2024 жылдың қаңтарында олардың саны 43,4 мың болған.

«Бірлескен кәсіпорындар аз – 8,7 мың. Бірлескен және шетелдік кәсіпорындардың жалпы санындағы ең көп үлесті Қазақстанның ЕАЭО-дағы негізгі серіктесі Ресей алады. Болашақта бізге осы Ресеймен біріккен кәсіпорындар мен компаниялардың бақылау пакетінің басым бөлігін өз жағымызға алған жөн. Негізінде бірлескен компаниялармен түскен пайданы да 50/50 етіп тең бөлу келісіміне отырмауға тырысу керек. Пайданың 60–70 пайызы бізде, қалған 30–40 пайызы соларда қалуына қол жеткізген абзал. Бақылау пакетінің басым бөлігі өзімізде болғанда ұтылмаймыз. Ол компанияларға үкіметтің де сөзі өтімді болады. Әйтпесе, қазіргі мұнай өндіретін салада жүрген компаниялар «Өнімді бөлісу келісімі» бойынша пайданың басым бөлігін өздері алады да, бізге тиетіні өте аз. Осыдан кейін-ақ оларға сөзіміз өтпейді. Олар өз пайдасы үшін мұнай өндіруді шектеу туралы ОПЕК+ келісіміне де құлақ аспай, мұнайды артығымен өндіре береді. Сондықтан осындай мәселелер туындамау үшін өз мүддемізді қорғайтын келісімдер жасаған абзал. Жалпы елдегі ұлттық компанияларға, біріккен кәсіпорындарға, отандық компанияларға жауапкершілік артатын кез келді. Олар ел экономикасын дамытуға күш салуы керек», – дейді Марал Төртенова.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: