Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:42

Meta-ның фактчекті жоюы қандай өзгеріс алып келеді?

мета
Фото: 1news.az

7 қаңтар күні Facebook пен Instagram-ның иесі Meta компаниясы өзінің тәуелсіз фактчекинг бағдарламасын алып тастағанын хабарлады.

Компанияның атқарушы директоры Марк Цукерберг бұл шешімді платформаның «сөз бостандығы» принципіне қайта оралып, пайдаланушының өзіне негізделген «Community Notes» деп аталатын жаңа тәсілді енгізіп жатқанын айтып ақталды. Компания «осы идеалға адал болу үшін» өзгеріс жасау туралы шешім қабылдап отыр екен.

Оның айтуынша, Meta-ның әлеуметтік желіде ұсынылатын дүниелерді модерациялауға деген ұмтылысы сөз бостандығына шектеу жасайды. «Көп жағдайда айтарлықтай «жазықсыз» контент цензураға ұшырайды, тым көп адам әділетсіз жазаланады», – деді Марк Цукерберг.

Жақында өткен сайлау «сөз бостандығына қайта басымдық беру жолындағы мәдени бетбұрыс сияқты көрінеді» деді Цукерберг Facebook, Instagram және Threads-ті модерациялаудың жаңа ережелерін жеңілдету туралы шешімді негіздей отырып. Бұл жаңа бағыт контент жасаушылар мен сала сарапшылары арасында айтарлықтай алаңдаушылық тудырды.

«Meta-ның өзгерісінен кейін елімізде саяси белсенділік артуы мүмкін»

Meta компаниясындағы өзгерістер елімізге әсер ететіні анық. Себебі бұл компания арқылы қаншама ақпарат таратып, кәсібін дөңгелетіп отырған адамдар баршылық. Цукербергтің мәлімдемесі біздің елге қандай әсер ететінін білу мақсатында «Жас Алаш» тілшісі еліміздегі IT маман Мейіржан Әуелханмен тілдесті. IT маманның айтуынша, енді жалған ақпарат, даулы жаңалықтар қаулап кетеді.

 Мейіржан Әуелхан
Мейіржан Әуелхан

– Енді Facebook пен Instagram-да қандай өзгерістер болады?

– Жалпы, пандемияның кезінде фактчектің маңызы артты. Себебі жалған ақпарат көп тарады. Қара халық ресми ақпарат көзінен гөрі, әлеуметтік желідегі шын-өтірігі анық емес ақпарға көбірек сенді. Тіпті адамның өміріне қауіп төнетіндей жағдайлар кездесті. Meta енді фактчекті алып тастаса, бізде даулы ақпарат, жалған жаңалық, өсек-аяң қаулап кетеді. Осыған дейін Meta-ның Facebook пен Instagram сынды өнімдерінде қандай-да бір жалған, спам дүниелер тез тарап кетсе, арнайы фактчек жасайтын ұйымдар оларды жойып отырған болатын. Демек, енді олардың Meta-мен арадағы серіктестігі жойылады. Ал жалған ақпарат дауы өршиді деп санаймын.

– Бұл өзгерістің біздің елімізге қандай да бір әсері бола ма? 

– Негізі мемлекеттер мен Meta арасында көпке жария бола бермейтін бір келісімдер болатын. Енді фактчек жойылса, кей саяси ойлар ашық айтыла бастауы мүмкін. Президенттер, министрлер, билік құрылымдарына байланысты. Олар жойылмай, ашық талқыланғаннан кейін, саяси белсенділік арта бастауы мүмкін деп өзім ойлаймын.

Сондай-ақ ақпараттық диета, медиа-сауаттылық деген дүниелер бар. Әлеуметтік желі пайдаланушыларының қабылдаған ақпаратқа қатысты жауапкершілігі артады. Осыдан кейін медиа-сауаттылықты арттыруға қатысты тренинг, іс-шаралар көбеюі мүмкін. Жалған ақпарды ажырата білу деген бұрын екінші, үшінші планда және тек медиа саласындағы адамдарға ғана қатысты болса, қазір енді әр азамат үшін маңызы артады. Колледж, жоғары оқу орны бағдарламаларына ене бастауы мүмкін. Осындай бірнеше өзгеріс атап айта аламын.

– Цукербергтің мұндай шешім қабылдауына Трамптың билік басына келуі себеп болды ма?

Менің жеке пікірім, Цукербергтің мұндай шешім қабылдауына анық Трамптың билік басына келуі себеп болды. Сондай-ақ Илон Маск сынды ірі тұлғалардың Трамппен бір тарихи сахнада жұмыс жасауы әсер етті. Meta – Еуропа, Ақия, Африка, Латын Америкасы сынды барлық жерде бар десек, АҚШ-тың ықпалын арттыруды көздеуі, мақсат тұтуы.

Десе де, бұл шешім саяси маңызынан гөрі, компанияның табысын арттыруды көбірек көздейтінге ұқсайды. Себебі big data деген ұғым бар. Ол барлық адамдар туралы ақпар жинау және өңдеу, сол арқылы таргетке жарнама жіберіп, ықпал ету. Meta осы арқылы кірісін әбден арттыра алады. Мен мұны саяси шешімнен гөрі, жеке пайдаға қатысты шешім дер едім.

Цукербергтің шешімін әлем қалай қабылдады?

Белгілі медиа-сарапшы Брайан Стелтер CNN сайтындағы мақаласында Цукерберг пен Meta-ны Ақ үйдегі жаңа үкіметке саяси бағынышты деп айыптады. «Джордж Буштың бұрынғы кеңесшісі Джоэл Капланның Meta-ның жаһандық қатынастар жөніндегі директоры болып тағайындалуы Meta-ның Трамптың екінші президенттік мерзімі қарсаңында қайта құрудың соңғы белгісі болды» деп есептейді мақала авторы.

Трамп пен кейбір негізгі одақтастары бұрын Цукерберг пен Facebook-ті қатты сынға алған болатын. Кезінде Трамп Цукербергті сайлауға араласты деп айыптап, оны «өмірінің соңына дейін» түрмеге отырғызамын деп қорқытқан. Сонымен қатар «Федералдық сауда комиссиясы Meta-ға қарсы тергеу жүргізіп жатыр» дей келе медиа-сарапшы «Meta-ның осыған байланысты жаңа әкімшілікке жағынуға тырысатыны анық» дейді.

Ал италиялық La Repubblica бұл қадамды: «Еуропалық Одақпен анық қарама-қайшылық» деп бағалады. «Марк Цукербергтің Facebook-тің мазмұнды бақылауының аяқталғанын жариялауы бұл монументалды бетбұрыс екенін көрсетеді, оның әсері жай ғана фактчекинг ұғымынан әлдеқайда ауқымды». Басылым Трамптың жеңісі америкалықтардың «сөз бостандығына басымдық беруге» дайындығын көрсететінін айта келе, мұның бағасы демократиялық үдеріске нұқсан келтіру мақсатында жүйелі түрде таралатын өтірікке жасыл шам жағумен теңестіреді.

Германиялық Zeit Online порталы: «Цукербергтің бұл әрекеті Meta Маск компаниялары үшін де қызмет көрсететініне байланысты болуы мүмкін. Әлеуметтік желілерден басқа, бұл ең алдымен жасанды интеллект (AI), оның технологиясына Meta миллиардтаған инвестиция салған» деп жазды.

Айымгүл Мақсұтқызы