Ми тамырына жасалатын отаға тәуелділер көп
Соңғы жылдары ми тамырының кеңею кеселі 20 мен 40 жас аралығындағы тұрғындар арасында көбейіп отыр.
Өткен жылы осындай диагнозбен екі мың адам қайтыс болған. Медицина тілімін айтқанда, аневризманы жарылмай тұрып алып тастау науқас өмірін арашалап қалудың оңтайлы тәсілі. Дәрігерлердің айтуынша, инсультке шалдықтыратын қатерлі дерттен ота арқылы арылуға болады. Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді ауруханада аневризманы алып тастауға арналған алғашқы ота жасалды.
– 38 жастағы науқасқа жасалған жоспарлы операция 3D, 4D ангиограф құралының көмегімен жасалды. Тәуекел төмен деп болжанған ота 1,5 сағаттай уақыт аралығында өтті. Пациенттің шағымдануына қарағанда, бір жылдай бас ауруынан қатты зардап шегіп, үнемі қол-аяғы ұйып қалып жүрген. Тексере келе, оның аневризмаға шалдыққаны анықталды. Дәрігерлер отаны еш қиындықсыз өткерді, бәрі сәтті өтті. Науқас жансақтау бөлімінде есін жиған соң келесі күні аяғынан тік тұрып кетеді деген үміттеміз, – деді аурухананың тамыр және эндоваскулярлық хирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Жәшкеев.
Қарағандылық нейрохирургтардың бас қан тамырының кеңеюіне жасалған бірегей отаны Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының тамыр функционалды нейрохирургия бөлімшесінің дәрігері Бауыржан Құнақбаев бақылады.
– Бас сүйекті тесу арқылы жасалатын күрделі ота эндоваскулярлы эмболизация-шағын инвазивті әдіс арқылы жүзге асырылды. Пациенттегі аневрима біріктіруші қан тамырында пайда болған. Негізі аневризма төрт пайызды құрау керек. Ал мұндай жағдай 40 пайызға жетсе, оның соңы өлімге апарып соғады, – деді астаналық дәрігер Б. Құнақбаев.
Денсаулық сақтау басқармасы болашақта отаның бұл түрін қолданысқа кеңірек енгізуді жоспарлап отыр. Себебі сырқаттар тарапынан оған қажеттілік жоғары болып тұр.