Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:10

Михаил Саакашвили ауруханадан түрмеге қайта жіберілді

 Михаил Саакашвили
Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Тбилисидегі жеке клиникадан шығарылып, жазасын өтеу үшін қайтадан түрмеге қамалды.

 Елдің пенитенциарлық қызметі мұны «саясаткердің денсаулығы қанағаттанарлық деңгейге жетті» деп түсіндірді.

Ресми мәліметке сәйкес, Саакашвили 2022 жылдан бері ем қабылдап келген Тбилисидегі «Вивамеди» клиникасынан шығарылып, №12 түзету мекемесіне (Рустави түрмесіне) жіберілді. Пенитенциар қызметі Facebook парақшасында:

«Михаил Саакашвилидің қазіргі денсаулық жағдайы стационарлық емдеуді қажет етпейді. Ол қалыпты жағдайда жазасын өтеуді жалғастыра алады», - деп хабарлады.

Қамауға алу тарихы

Саакашвили 2021 жылғы 29 қыркүйекке қараған түні Грузияға жасырын түрде оралған. Тергеу нұсқасына сай, ол «Вильнюс» паромы арқылы Поти портына келіп, жүк көлігінде жасырынған. 2 қазандағы сайлау қарсаңында саясаткер Facebook арқылы биліктегі «Грузия арманы» партиясына қарсы дауыс беруге шақырған видео жариялады. Кейін ол сайлауда бұрмалау болуы мүмкін екенін айтып, халықты наразылыққа шығуға үндеген.
1 қазанда Саакашвили Тбилисидегі пәтерлердің бірінде ұсталып, тұтқындалды.

Аштық акциялары мен емдеу

2021 жылдың қазанында ол аштық жариялап, бұл акция 50 күнге созылған. Аштық Гори қаласындағы әскери госпитальға ауыстырылған соң ғана тоқтаған. Бірақ 2022 жылы қайта түрмеге оралғаннан кейін тағы да 20 күн аштық ұстаған.
12 мамырда денсаулығы күрт нашарлағандықтан, ол «Вивамеди» клиникасына ауыстырылып, жеке палатада жатты. 2023 жылы қаңтарда Украина Жоғарғы Радасының депутаты Елизавета Яско Саакашвилидің жағдайы ауыр екенін айтып, оны реанимацияға ауыстырғанын хабарлаған еді, бірақ клиника бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Жазаның себептері

Қазір Михаил Саакашвили:

  • депутат Валерий Гелашвилиді соққыға жыққан іс,

  • банк қызметкері Сандро Гиргвлиани өліміне қатысты іс
    бойынша тағайындалған 6 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр.

2025 жылғы 12 наурызда Тбилиси қалалық соты оны мемлекеттік бюджеттен 9 миллион лари (шамамен 3 млн еуро) жымқырды деген айып бойынша тағы 9 жылға бас бостандығынан айырды. Одан бөлек, 17 наурызда сот мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту ісі бойынша оған тағы 4,5 жыл қосты.

Жазалар ішінара біріктірілген соң, саясаткердің жалпы жазасын өтеу мерзімі — 12 жыл 6 ай болып бекітілді.

Грузия билігі Саакашвилидің денсаулығын қалыпты деп бағаласа, оппозиция мен халықаралық құқық қорғаушылар оның жағдайы әлі де нашар және қамауда ұстау саяси кек алу деп есептейді. Ал Тбилиси ресми түрде бұл айыптарды жоққа шығарып отыр.